Роза ЫБЫРАЙХАНҚЫЗЫ: «КӨҢІЛІ БАЛАДАЙ, ПЕЙІЛІ ДАЛАДАЙ ЖАН ЕДІ…»

Бірде Ұлыбританияның Премьер-министрі Уинстон Черчилль жұбайымен бірге қыдырып жүріп, құрылысшы боп еңбек етіп жүрген әйелінің бала күнгі ғашығына кездесіп қалыпты. Былай шыға бере саясаткер жарына «мынаған тұрмысқа шыққанда қатардағы құрылысшының әйелі болар едің» деп масаттанса керек. Сонда жұбайы жұлып алғандай: «жоқ, қымбаттым, мен оған тигенде Англияның Премьер-министрі осы болар еді» деген екен…

Осы қарапайым мысалдан-ақ табысқа жеткен кез келген ер азаматтың артында ақылды әйел тұратынын, еркекті ер қылатын да, жер қылатын да – әйел екенін ұғыну қиын емес. Өздері күйеулерінің көлеңкесінде қалып, азаматының көңілін жүдетпей, көйлегін кірлетпей, алақанында аялаған әйел-аналардың еңбегін қалай мадақтасақ та жарасымды дер едік. Осы орайда, «Жақсының жары» атты арнайы айдар аштық. Мақсатымыз – арқаға аты мәлім ел ағаларының жұбайларымен сұхбат құрып, тұғырлы тұлғалардың елге беймәлім қырлары мен отбасылық өмірдегі үлгі болар тұстарын жұртшылыққа паш ету. Сонымен айдарымыздың алғашқы қонағы – қарымды қаламгер, ұстаз-журналист, «Орталық Қазақстан» газетінің 1974-1982 жылдардағы бас редакторы Рамазан САҒЫМБЕКОВТІҢ ошағының отын сөндірмей, шығармаларының шырақшысы болып отырған аяулы жары Роза ЫБЫРАЙХАНҚЫЗЫ болды…

Рамазан Сағымбекұлы балалығын соғыс ұрлаған буынның өкілі. Оған 7 жасында асқар тау әкесінен, 9 жасында аяулы анасынан айрылып, жастайынан жетімдіктің жалаңаш жейдесін кигенін қосыңыз. Бірақ, жүріп өткен өмір жолына қарап отырсақ осы қиыншылықтың бәрі ол кісіні жасыта, мұқалта алмаған сыңайлы. Керісінше, жігерлене, шыңдала түскендей. Жоқ, әлде мен қателесіп отырмын ба?.. Жалпы, ол кісі балалық шағы, өскен ортасы туралы әңгіме өрбіткенде қандай сезімде болушы еді?

Балалық шағын жиі еске алып, өткен өмірі туралы айта беруді аса ұната қоймайтын. Оған өзің айтқандай жастай жетім қалып, тағдыр тауқыметін ерте тартқаны себеп болса керек. Бірақ, ара-тұра айтылған әңгімеден білетініміз ата-анасы ерте қайтыс болып, әкесінің апасы Мәрия деген кісінің қолында өскен екен. Армия деген ағасы екеуін сол кісі асырап, жеткізіпті. Мәрия апасы бауырының 2 ұлына қоса соғыста қаза тапқан жалғыз ұлының артында қалған тұяғы Мұқтажбекті, қызыннан туған 4 жиенді бауырына басқан, ылғи жетім баққан қайратты, елге сыйлы ана болған екен. Мен түсетін жылы қайтыс болыпты.

Ағасы Армия мектепте математика пәнінен сабақ берді. 1960 жылы 20 шілдеде сол кісінің қолына келін болып түстім. Бәйбішесі Мәкім 10 құрсақ көтерген алтын құрсақты ана. Менен екі-ақ жас үлкендігі болса да әлі күнге «Тәте» деймін. Осы уақытқа дейін тату-тәтті жүріп жатырмыз. Балалары тәрбиелі, кішіпейіл, ешқайсысы алдымнан кесе көлденең өткен жоқ.

Рахаңның үш нағашысын көзім көрді. Барлығының балаларымен ара қатынасымыз жақсы. Әсіресе, Мұсатай нағашысын қатты қастерлейтін. Ол кісінің балаларына көп жәрдемдесті.

Бір сөзінде «Әкем етікші болған. Шешем күніне бір кітап оқитын, күбі пісіп тұрып та кітап оқушы еді» деп еске алғаны бар…

Рахаң педучилищені бітірген соң ауылында мұғалім болыпты. Ел «Кішкентай мұғалім» дейді екен. Өзі өмірден озған соң ауылдастары мен бірге оқыған достары Аппаздағы орта мектепке атын берейік деген бастама көтерді. Оны марқұм Мағауия Сембай бастаған шәкірттері, редакция ұжымы қолдап, 2000 жылы Үкімет қаулысымен орта мектепке есімі берілді. Жоғарыдағы сөзіңнің жаны бар. Тағдырдың тар жол, тайғақ кешулерін көп көрсе де мұқалып көрмеген, намысын ту еткен жан еді ғой, қайран Рахаң…

Екеуіңіз де қасиетті Қарқаралы топырағынан болсаңыздар да ару қала Алматыда танысқан екенсіздер…

Алматыдағы қыздар пединститутының 3 курсында оқитынмын. Рахаң да студент. Кластасым Сапарен бірге келіп жүрді. Бұрын көрмеген адамым. Киноға барамыз, Сапар екеуміздің әңгімемізді тыңдап, өзі сөйлемей еріп жүреді. 3-ші курстан кейін «Дальная практика» дегенмен Кавказға баратын болдық. Сол жолы поезға «Боралдай» станциясына дейін шығарып салып, «Аман-сау барып қайт, асыға күтемін» деді. Біздің махаббат хикаямыз осылай басталды. (күліп алды)

Содан қанша күттірдіңіз?

Жарты жылдан аса күтті. Арасында хат жазысып тұрдық. Келесі күзде «Үйленсек қайтеді?» деді. Мен «1 жыл ата-анама қолқабыс етіп, жұмыс істейін» деп едім, келісті. Келесі жылы, яғни 1960 жылдың 20 шілдесінде отбасын құрдық. Тамызда ол бір айға әскери лагерге кетті. Мен Қарқаралыда №1 орта мектепте мұғалім болып, мектепте сабақ беретін қайын ағаммен бірге барып, бірге қайтып жүрдім. Әскерден келісімен Алматыға оралып, оқуын жалғастырды. Мен қыздар институтына лаборант болып жұмысқа тұрдым, Рахаң Лениндік стипендия алып тұрды. Жағдайымыз жақсы болды.

Біз білетін Рамазан Сағымбекұлы ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер, білікті басшы, шебер аудармашы, қара тырнағынан хәл кеткенше қазаққа қалтқысыз қызмет еткен қайраткер тұлға. Ал, отбасында қандай жар, қандай әке еді?

Артық сөйлемейтін. Не нәрсе болса да тоқ етерін бетің бар, жүзің бар демей тура айтатын. Елден оқуға түсуге келген балалар 5-6-дан келіп, өзіміз пәтер жалдап тұрсақ та біздің үйде жататын. Ол кезде Алматыда қарқаралылықтар жоқтың қасы еді. Сондықтан бізді сағалап, бірін-бірі жетектеп келетін ағайынның қарасы көп болатын. Бірде «Елден оқуға түсуге бір бала келіпті. Осы жақтағы туысы оң қабақ танытпаған соң, вокзалға түнеп шығуға тура келген екен. Мені арқа тұтып келіп отыр, дұрыс қабылда», – деп бір бейтаныс баланы үйге ертіп келгені бар. Жалпы, осындай жағдайлар жиі болып тұратын. Көпшіл азамат еді.

Оқу бітіргеннен кейін 4 жігіт Бейсенғали Тәйкіманов ағаның шақыруымен Өскеменге «Коммунизм туы» газетіне жұмысқа орналасты. Рахаң жауапты хатшы болды. Обком екіге бөлінгенге дейін сонда жұмыс істеді. Кейіннен Алматыға қайта оралып, Қазақ радиосына Бас редактор болды.

Отбасын құрғаннан кейін 5 жылға дейін бала көтере алмадым. Аяғы ауыр келіншек көрсем «Шіркін-ай» деп қызыға да қызғана қарап тұрушы едім. Алланың рахымы түсіп, елдің тілеуі, ағайынның ақ батасының қабыл болғаны шығар, көп күттіріп барып тұңғышымыз Гүлнар дүниеге келді. Осы тұста Рахаң Мәскеуге жоғарғы партия мектебіне оқуға кететін болды. «Сені жалғыз қалдырып кете алмай жүр едім, енді Гүлнарға тапсырамын, маған рұқсатыңды бер», – деді. Сонда оқуда жүргенде ЦК-дан 2 бөлмелі үй берді. Баламызды да балабақшаға орналастырды. Қасымда бауырларым, Ғаббас Қабыш, Уақап Қыдырханов сияқты достары болды.

Ұрпағының арасында әке жолын жалғап, сөз өнерін серік еткендер бар ма?

Немере інісі Мейрам журфакты бітірген, бірақ, ол жолмен жүрмеді. Үлкеніміз Гүлнардың мамандығы – тарихшы. Бүгінгі таңда колледжде ұстаздық ететін Гүлнардың тарих мамандығын таңдап, ғылым жолына түсуіне әкесінің әсері мол болды. Рахаңның да ұстаздық жолда жемісті еңбек еткенін ескерсек тұңғыш баламыз әке жолын жалғады деуге толық негіз бар. Екінші қызымыз Жанардың денсаулығы болмай 37 жасында қайтыс болды.

«Сен ақынға тұрмысқа шықтым деме, сен ақынды бала қылып алдым деп біл», – депті Қадыр Мырза Әли ағамыз бір қаламдас бауырының үйіндегі келініне. Сол айтқандай қаламгер жары болудың артықшылығы мен қиыншылықтары қандай?

Қаламгердің жары болу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бабын тауып, бағалай білуің, алаңсыз жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасауың керек. Рахаңның столында көк шайы мен шәйнегі міндетті түрде тұратын. Өзі айтпаса «тамақ іш» деп мазаламайтын едім. Жазу үстелінің үстінде ыбырсыған қағаз, кітап үйіліп жататын. Соны алғашқы кезде жыйыстырып, ретке келтіріп қойып, ішімнен рақмет айтатын шығар деп күтіп жүрсем, керісінше «Менің үстеліме тиіспе, қай жерде қандай керекті материал жатқанын білемін, оңай тауып аламын. Ал, сен біріне-бірін қосып, былықтырып тастапсың. Енді реттеу үшін қанша уақыт керек?!» деп кейігені бар. Содан кейін қағаз-қаламдарына тиіспейтін болдым. Өзін «сыздаған барлық жараның аузында жүргендей» сезінетін, көңілі баладай, пейілі даладай жан еді. Рахаңдай біртуар азаматқа жар еткен тағдырыма разымын, қарғам…

«Маркес мырзаның жиі сөйлесетін достары кім еді?» – деген сұраққа Гарсия Маркестің әйелі: «Оның жиі сырласатын достары – кітаптары мен қағаз-қаламы», – деген екен. Сізге де осы сұрақты қойсам деймін. Атамыздың жақын араласқан достары, ортасы кімдер еді?

Рахаң да кітапты көп жинады. Қанша том сөздік бар, бәрі біздің үйде болатын. Мұхтар Әуезовтың, Ғабит Мүсіреповтың, Сәбит Мұқановтың тағы да басқа ақын-жазушылардың толық жинағы, жекелеген қаламгерлердің қолтаңбаларымен сыйлаған жинақтары – біздің үйдің ең бағалы, құнды дүниелері болатын. Жеке кітапханасындағы көптеген кітапты өзінің есімі берілген мектебіне бердім. Тұрсынбек Кәкішевты аға ретінде қатты сыйлады, әр ісін бастамас бұрын ақылдасып отырды. Қабдеш Жұмаділовпен университетте бірге оқыды, жақсы жолдас болды. Белгілі жазушы Ғаббас Қабышпен Өскеменде редакцияда бірге істеді. Құран Кәрімнің түсіндірмелімағыналық тәржімасын жасаған Уақап Қыдырхановпен курстас болды. Бұлардың достығы берік еді. Рамазан қайтқанда екеуі де келді. 80 жылдығына орай өткен еске алу кешіне де келді.

Жақып Омаровпен, Кеңес Жұмабековпен жақсы қарым-қатынаста болды. Кеңеске рақмет, өзінің кітабының алғашқы бетіне «Өнердегі ұстазым Жақып Омаровқа, өмірдегі ұстазым Рамазан Сағымбековке арнадым» деп жазған екен.

Рамазан атамыз Алматыда Қазақ радиосында, ҚазМУ-дің журналистика факультетінде жемісті еңбек етті. Қазақ радиосы тарихынан кандидаттық диссертация қорғанынан да хабарымыз бар. Аталмыш еңбектің радиожурналистерді дайындауда таптырмас құрал екенін айтады зерттеушілер. Осы еңбек қалай жазылды? Ғалымдық жолға түсуіне кімдер әсер етті?

Бүгінде жасым сексеннің алтысына шықты, жетекшісі тағы да басқа көптеген нәрселер есте қалмапты. Уақыт өте ұмытылады екен. Диссертация тақырыбын Мәскеуде Партия мектебінде оқып жүріп бекітіп әкелді. Журфакта сабақ бере жүріп жазды, машинкаға өзі басты. Академияның мәжіліс залында қорғады. Көп адам қатысты. Ол кезде кандидаттық дәрежені Мәскеу бекітетін. 1975 жылы бекігені туралы хабар келді.

Жалынды жастығы өткен ару қала Алматыда осындай жайлы орында жүргенде елге «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторлығына шақырту алады. Ұсынысты қалай қабылдады? Сізбен кеңесті ме?

Бас редакторлық қызмет кез келген журналистің аңсаған арманы, шығар шыңы ғой. Басында Алматыдан кеткім келмей, әйелге тән мінезбен бұл ұсынысқа қарсы болғаным рас. «Тар болса да баспанамыз бар, ҚазМУ-де ұстазсың, менің жұмысым бар, кандидаттығыңды да қорғадың, туыстар, достар бар, араласатын ортаң бар. Бұл қалай болар екен?» дегендей әңгіме қозғадым. «Мені арқасүйер біреу ұсынып отырған жоқ, өз талабым. Елге еңбегімді сіңіруім керек. Бұл да бір шығар биігім. Ақылға салып ойлан. Менің осы қызметке баруыма қарсылар да бар. Тіпті кейбіреулер өз адамдарын ұсынып та жатқан көрінеді. Мен ешкімге айтпай отырмын, сен де тіс жарушы болма», – деді. Сонымен дәм жазып, Қарағандыға келдік. Ел азаматтары құшақ жая қарсы алды. Айыпхан, Кәртай, Базарбайлар бастаған тағы екі адамды жүгіміз келмесе де «үйге шақырып, танысайық» деп, қазанның қақпағын табақ қылып, дәмге шақырдық. Содан бастап осы жанұялармен тонның ішкі бауындай жақын, туыс болып кеттік. Рахаң обкомның бюро мүшесі болды, беделді, лауазымды адамдармен жақсы қарым-қатынаста болдық. Редактор болған кезде газет аптасына 6 рет шығып тұрды. «Орталықтың» тасы өрге домалап, қаншама марапатқа ие болды. Ең жоғары мәртебелі марапат Еңбек Қызыл Ту орденімен награтталды. Журналистер үйлі болды, көптен алғыс алды. Осының бәрі Рахаңның қарым-қабілетінің, білікті басшылығының арқасында іске асқан дүниелер деп білемін.

«Еңбек Қызыл Ту ордені» демекші осы мәртебелі марапаттың ешкім күтпеген жерден берілгенін, түннің ішінде кезекші редактордың сүйінші сұрап, үйге телефон шалғанын естеліктерден оқығанымыз бар еді…

Иә, күтпеген жерден кезекші редактор үйге қоңырау шалып, сүйінші сұрағанда Рахаңның қуанышында шек болмады. Ұжым еңбегінің жемісі деп балаша шаттанды. Үйде кішігірім той жасадық. Жан-жаққа қоңырау соғып, достарымен, туған-туыстарымен қуанышын бөлісті. Бірақ, өмір біз ойлағандай қуаныш пен шаттықтан ғана тұрмайды екен.

Газеттің аптасын 6 рет шығуы, көзге көріне бермейтін ішкі ұйымдастырушылық жұмыстары жүйкесіне салмақ салса керек, Алматыға жұмыспен барған бір сапарында инсульт алып қалды. Бауырым қоңырау соғып, жағдайды айтқан соң екі баланы көршіге тастап, жедел Алматыға бардым. Жансақтау бөлімінде жатыр екен. Ретін тауып палатаға кірсем, оң жақ аяқ-қолын қозғалта алмайды, сөз жоқ, тілі күрмелген. Күні-түні қасында болдым. Аяғын басуға келгенде Қарағандыға қайттық. Өте жігерлі еді, соның арқасында тәуір болды. Поездан түссек Кәртай, Ескең, Базекең бәрі әйелдерімен, тағы да бір топ адам күтіп тұр екен. Өз аяғымен вагонның есігіне келгенде бәрі ду қол шапалақтап қарсы алды. Қандай жағдайда келер екен деп «носилька» ала келген екен. Сол күні үйде достары қасында болды. Ертесінде «Оңтүстік-Шығыстағы» ауруханаға жатып, емделіп шықты…

Денсаулығына байланысты газеттен кеткеннен кейін Алматыға телестудияға, радиокомитетке, ҚазМУ-дің журналистика факультетіне жұмысқа шақырды. Қарағанды мемлекеттік педогогикалық институтының ректоры Сұлтан Досмағамбетов декан болуға ұсыныс жасады. Ойлана, ақылдаса келе институтқа тоқтады.

1987 жылы екінші рет инсульт алды. Аяқ-қол бұрынғыдай, бірақ, сөйлей алмай қалды. Ең бірінші анық бір буынды айтқандағы менің қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бас салып жылағаным есімде. Әрине, бұл қуаныштың көз жасы еді. Қанша ауырып, сөйлей алмай жүрсе де жұмыстан шығармай, мүгедектік алғанша орнында қалдырған Сұлтан аға Досмағамбетовке мыңда бір рақмет. Алланың рахымында болсын.

Шығыс Қазақстанда қызметте жүргенде әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов екеуі жол апатына түсіп, кейіннен денсаулығының сыр беруіне осы жағдай әсер етті дейді бір деректерде. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

Сәбит Мұқанов, Қалижан Бекқожин, Қабдікәрім Ахметов сынды есімі елге мәлім жазушылар іс-сапармен Өскеменге келді. Қонақтар Зайсан, Тарбағатай аудандарын аралайтын болып, сол топқа редакциядан Рамазан қосылды. Рахаңдар мінген «Уазик» жол апатына ұшырап, Рахаң ауыр жарақат алыпты. Артында 1 фляк қымыз болған екен, сол Рахаңның аяғын басып қалып, аяғы сынып, басы жарылған. Мен одан хабарсызбын. Оншақты күннен кейін редакциядағы достары үйге келіп, «Ертең шалың келеді, Сәбеңмен екінің бірі сапарлас болмайды. Жақсылап дайындал, жуамыз» деді.

Ертеңінде есікті ашсам басы таңулы, аяғында гипс, балдаққа сүйеніп Рахаң тұр. Менің қандай жағдайда болғаным түсінікті шығар…

Кейін Мәскеуде оқып жүргенде басына ота жасатты. «Мына хат сенің қолыңа тигенше отадан шығамын, жігіттер хабарласар. Сәтті болады деп сенемін, алаңдама. Гүлнарымды жылатпа, өзіңе тапсырдым» деген хоштасу хатын алып, сенделіп отырғанда Сейділдә мен Тұрарбек деген достарынан «Ота сәтті аяқталды» деген хабар келді. Дереу Ғаббасқа хабарластым, бір жылап, бір күліп мұны да бастан өткіздім…

Кейіннен екі мәрте инсульт алуына осы басынан алған жарақаты әсер етті ме деп те ойлаймын кейде… Анығы Аллаға аян ғой… Сөйтіп, жығылғанға жұдырық дегендей, инсультқа өңештің жаман ауруы қосылып, 1996 жылы 21 мамыр күні мәңгілік мекеніне аттанып кете барды…

Ақтық сапарға шығарып салуға редакция ұжымы тегіс келді. Рахаң тіршілігінде қалам ұстаған көптеген жасқа ұстаз боп, үлгі-өнеге көрсетті. Бүгінде көпшілігі о дүниелік. Қазір Аман, Серік, Сүйіндік, Айқындар бар. Алла соларға өмір берсін деймін.

Өмірінің соңғы жылдарында Қарқаралыға қоныс аударып, бірыңғай шығармашылықпен айналысқан екен. Сырқаты жанға батса да, жастығының астында қағаз бен қалам жатыпты. Үлкен еңбекпен «Қарқаралы» журналын шығарып, ұлт ұлыларының ұрпақпен қайта қауышуына жол ашыпты. Кезінде республикаға мәлім болған «Қарқаралы» журналының кейінгі тағдырынан хабарыңыз бар ма?

«Қарқаралыға көшейік, сен ата-анаңның қасында боласың, менің денсаулығым да түзелер», – деді. Маған салса көшкім келмеді. Мұндағы жақсы тұрмысты қимай «сиыр сауу, от жағу, күл шығару, су тасу, көмір кіргізу, сияқты ауыл тірлігіне қатысты жұмыстарға көмекшім жоқ, мен де жасарып келе жатқан жоқпын, ойлан» дедім. «Төселесің, бәрі дұрыс болады» деп ыңғай бермеді. Сөйтіп Қарқаралыға қоныс аудардық. Үй, сиыр сатып алдық. Ауылдың қызы болсам да өмірімде бірінші рет сиыр саудым. Сиырым жуас болды, үйрендім. Пештің үстіне екі табаның арасына нан жаптым.

1992 жылы мектептің асханасында 60 жылдығын атап өттік. Редакция ұжымы келді. Көңілі жасарып, сергіп қалды. Ауырып жүрсе де Ленинградқа барып, архивтен біраз материал әкелді. Журнал шығаруға демеуші іздеп, бұрынғы достарына хабарласып көп қиналды. Совхоз директоры Жұмажан Қасымұлы көп демеушілік жасады. Қолы икемге келмегендіктен айтып отырды, материалдарын машинкаға мен бастым.

Рамазан қайтқаннан кейін журналды қарқаралылық журналист Базарбай Мұстафин шығарды. Демеушілер мал беріп, соны атып, ақшалап пайдаланды. Кейіннен қаражат тапшылығына байланысты жабылып қалды деп естідім…

Жанар екеумізді Гүлнар 1998 жылы қараша айында Қарағандыға қайта көшіріп алды. Қайтқанына 10, 20 жыл толғанда ас беріп, дұға бағыштадық. 2012 жылы 22-ші желтоқсанда Бөкетов атындағы ҚарУ-дің филология факультетінің оқу корпусында туғанына 80 жыл толуына орай Мағауия бастаған редакция ұжымы салтанатты кеш өткізді. Оған Алматыдан қаламдас достары Ғаббас Қабыш пен Уақап Қыдырханов келді. Марқұм Мағауия риза етіп, шығарып салды. Барлығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Биыл Рахаңның туғанына 9 қарашада 90 жыл толмақ. Шәкірттері, көзкөргендері аз қалды. Солар естелік жазып, ел-жұрты еске алар деп ойлаймын…

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет. Алла күш-қуат берсін, апа!

Әңгімелескен Ілияс МҰҚАЙ.