Тұлға

Ахмет мұғалім

 

Ахмет мұғалім ӘБДІРАХИМОВ – Арқа өңіріне аты мәлім ағартушы. Әуелі Шаян медресесінде, онан кейін Бұхарада оқыған. «Ғалия» медресесін бітірген. 1916-1921 жылдары А.Байтұрсынұлы ауылында мұғалім болған. Алашорда көсемдерімен байланысын үзбеген. 1922-1927 жылдары Қарқаралы қаласында мұғалім, Ақсу-Аюлыдағы мектепте директор, 1936-1937 жылдары Ақадыр теміржол стансасында мұғалім болған. Халық жауы ретінде ұсталып, атылады (1937). Төменгі Қайрақты кентінің бір көшесіне ағартушының есімі берілген.

Абдрахимов Ахмет, 1887 года рождения, казах.

Место рождения: Карагандинская обл., Шетский.

Образование: духовное.

До ареста проживал: Карагандинская обл., Шетский район, Аксу-Аюлы пос.

Место работы: учитель, Агадырская школа. Кем и когда арестован: 15.10.1937 г., Шетский НКВД.

Кем и когда осужден: ВС СССР, 13.03.1938 г. Статья: 58-2, 58-7, 58-8, 58-11 УК РСФСР, осужден к ВМН.

Дата и орган реабилитации: 09.07.1958 г., ВС СССР.

Причина прекращения дела: за отсуствием состава преступления.

Бұл менің алдымда жатқан құжат. Ресми құжат. НКВД-нің өзі дәйектеген құжат. Мұнда қисық сипырдың болуы мүмкін емес. НКВД-нің өзі қасақана бұрмаламаса.

Олай болса, біз осы құжатқа сенуіміз керек деп білемін.

Ахаң күні кешеге дейін тұмшаулы тұлғаларымыздың бірі болып келді. Оның толып жатқан себептері бар. Кешегі күнге дейін ортамызда жүрген Сұхаң да осы түйткілдерімізге бір анық сәуле түсірмеді. Мен білсем, айтқысы келмеді. Біреуімізге болмаса біреуімізге қырсығы тиіп кетеді деп. Әйтпесе Сұхаң да барша өзекті жандардай әкесін кәдімгідей мақтаныш тұтатын және онысын жасыра да бермейтін.

Сөйткен Сұхаң әкесін Мұғалім дейтін.

«Учитель с абзаца!» дейтін.

Ахаңның мұғалімдік табиғатын мұнан артық тап басып айту мүмкін де емес шығар.

Расында да Ахаң мұғалім еді. Жаңа тұрпаттағы. Қадімше де, жәдітше де сауатты еді.

Біздің елдің қоқаншыл болғандығы белгілі. Өнер-білімді сонда деп білді. Соған орай, білімді өзбек топырағынан алуға ұмтылды. Ахаң да сол сайрақпен жүрді. Алдымен Шаянды тауысты, сонан Бұқар да жалғастырды. Одан кейін «Ғалия» тұр еді. Бұл патша ағзамға қараған жұрттағы сол тұстағы ең іргелі оқу орыны болатын. Бұл білім алсам деген сол кездегі жастардың көзқұртына айналған қарашаңырақ еді. Белгілі зерттеуші ағамыз Ғалым Ахмедов осы оқу орнын бес жүзге тарта қазақ баласының бітіргенін айтады.

Ахаң Бесата жұртынан Өпеге (Уфа) оқу іздеп келген алғашқы ұлан емес еді. Жалпы, бұл оқу орнында біздің елден төрт адам оқыған – Мұхамедия Ахметов (Дияқажы), Айса (Ғайса) Тоқтарбеков, Қожабек Жексенбин және Ахаң. Және бұл арыстарымыздың барлығы да бір-бірімен араласып-құраласып тұрған. Соның ең бастысы – бұлар ағайындылар еді, бір атадан еді. Оның ішінде Ахаң мен Айса тұстас адамдар болған. Ал, Ахаң мен Қожабек бір мектепте жұмыс істеген. Және бұлардың барлығы да қызыл террорға ұшырап, бәрі де ату жазасына кесілді. Өйткені, «Ғалия» қалай десек те, діни оқу орыны болатын. Ал, советтік жаншу аппаратының діни адамдарға аяушылық жасамағаны белгілі.

Алған білімін еліме берсем деген Ахаң сол замандағы қоғамдық өмір күресіне тартылып, туған топырағына тек 1928 жылы оралады.

Жазмыш жібермейді деген бар ғой. Сол жазмышты қараңыз. «Ғалияны» тауысқан соң 1916 жылы қазақтың Ахаңы – Ахмет Байтұрсынның ауылына барып мұғалім болады. Қазақтың басты ағартушысының ауылын сауаттандырады. Осында жүріп азаттық рухын бойына сіңіреді.

Азаттық рухы Торғай топырағында да өршіл болған ғой. Ахаң еңбек еткен Тосын болыстығы да сол өршіл рухқа меймілдеп тұр еді. Сондықтан, Ахмет мұғалімнің Алаш қозғалысына қосылуы заңды нәрсе еді. 1917 жылғы желтоқсандағы жалпы қазақтардың екінші съезіне делегат болып қатысады. Ал, Ахаңның Қарқаралыда мұғалім болғаны белгілі. Сол Ахаңның ізін келер жылы басады. Қарқаралының халық ағартушылары арасында соқталы тұлғаға айналады. Алашының Ахметі болып қалыптасады. Осында өзінің ғалияшыл туысы Тоқтарбектің Айсасымен табысады. Жиырмасыншы жылдың наурызында Алашорда Үкіметінің тарағаны белгілі. Сонда да бұлар бұғып қалған жоқ. Ашық түрде қазақ баласына қызмет ететінін тағы бір паш етеді. Алаштың шекпенін қызылдың кителіне айырбастайды. Екеуі де кеңестік белді қызметтерге тұрады. Қарқаралы қалалық ревкомының мүшелігіне өтеді. Осында жүріп те алашшыл ұстанымынан таймайды.

Мұндағы қызметі де баянды бола қоймайды. Қарқаралы ревкомы құлап, жан сауғалауға мәжбүр болады. Бой жасырып Бесобада мұғалімдік қылады.

– Мен қуғынды тумай тұрып көргенмін, – дейтін Сұхаң.

Олай дейтіні Сұхаң осы Қарқаралыда 1921 жылы дүниеге келген. Білімді осында алады. Осындағы педті де бітіреді.

– Мұғалімнің баласы мұғалім болмағанда кім болады? – деп қуланатын.

Осындағы мұғалім сөзіне ерекше екпін түсіріп айтатын.

Айтары жоқ, ол кісі шынында да Мұғалім болды. Алайда, өмірінің соңында атқару органдарында төраға болып істеді.

– Бұл қалай? – деймін ғой қуланып, ағаны сөйлету үшін.

– Қалайы сол, босағамызда бар ғой, – деп өзі қулана қалады.

Ахаң басына үйірілген бұлт қоюлана түседі. Ақыры не керек, жаңа ашылып жатқан Шет ауданына ығысуға мәжбүр болады. Қарқаралының қазанында қайнап, шынығып шыққан Ахаң өз топырағында жаңа құрылыстың қадасын орнықтыруға бір адамдай атсалысады. Өз жанына іскер, алғыр жастарды топтастырады. Үркердей болып шыққан бір топ ел жақсыларымен араласады, қызметтес болады. Әкпар Сапақов, Қасен Сәрінжіпов, Рымқұл Өскенов, Мұхамедия Тұяқов, Қожабек Жексенбин сынды осы өңірдің алғашқы мұғалімдерімен қалғып жатқан Шет өңірінің өршіл рухын оятуға атсалысады.

1936 жылы Ақадырдағы №131 мектепке директор болып келеді.

Теміржол мектебінің жайы белгілі. Жартылай әскериленген мектеп қой, ығысып кетудің ыңғайы келмей қалады. Елу сегізінші баппен жауапқа тартылады. «Жапон тыңшысы» деп жала жабады.

Одан беріде қаншама уақыт өтті, қаншама су ақты. Сонда да Ахаң есімі ұмытылмады.

Ахаңның есімін ұрпақ есінде қалдыру бойынша біраз жұмыс атқарылды. Ақадыр аудан болып тұрғанда ішінде өзіміз де жүрдік. Кезінде өзі жұмыс істеген қазіргі Ә.Ермеков атындағы мектепте ескерткіш тақта орнатылды. Ақадыр кентінің бір көшесіне Мұғалім есімі берілді.

1998 жылы Мұғалімнің 110 жылдығына орай Тұрсекең (Кәкішев) бастап, бір топ ғалымдардың, алаштанушылардың қатысуымен Ақсу-Аюлы селосында және Қайрақты кентінде Ахаң құрметіне «Ахмет оқулары» ұйымдастырылып, Қатым Құран түсіріліп, ас берілді.

Қаншама алашшылмыз десек те, енжарлығымыз әлі қалмай келеді. Әлихан бабамыздың мерейтойы тойланды, Алаш қозғалысының ғасырлық тойы аталып өтті.

Сырайтар сондай кештер аз болған жоқ. Соның бірінде алашшыл бабаларымыздың есімі аталды деп айта алмаймын. Алаш қайраткерлерінің басын қосқан том-том кітаптар да жарық көрді.

Соның бірінен Ахмет Мұғалімімнің аты-жөнін кездестіре алмадым. Сұхаң айтып отырушы еді:

 – Олар толық ақталу үшін кемі жүз жыл керек, – деп.

Неге дегендей сауалды жүзбен бетіне қараймыз.

– Ең алдымен Әлихан Бөкейхан ақталуы керек, – дейтін Сұхаң.

Сол сөздің жаны бар ма деймін.

Олай болса Ахаң – Ахмет Әбдірайымұлы әлі толық ақталған жоқ. Ақтайтын Сіз бен біз боламыз…

Төрехан МАЙБАС,

жазушы

Басқа материалдар

Back to top button