Өмір — ғажайып әлем

Жағалаудағы жарқабақ — адамға, оны күні-түні соққылап жататын теңіз бен мұхиттың асау толқыны өмірге ұқсайды. Неге? Тегеурінді толқынның «тепкісі» саған өмірдің ғажайып әлем екенін ұқтырады. Бұл үдеріс ықылым заманнан жалғасып келеді. Жалған дүниеге келген кез келген пенде ығысып жаңаға орын береді.

Уақыт – ұры. Ол ең қымбат қазынаңды қалай қымқырғанын кейін аңғарасың. Жастық шақта мәңгіліктей көрінген өмір байқатпай өте шығады. Әр туған күніңді асыға күтіп жүргенде балабақша, мектеп қол бұлғап артта қалады. Студенттік өмір есеюдің алғашқы сатысы екенін қолыңа «қатырма қағаз» алып, отау тігіп, үлкен өмірдің айдынына жеке желкеніңді жайғанда бір-ақ білесің.

Тұңғыш рет тұрмыс тауқыметін түсінесің. Тапқаның «басыңа тартсаң, аяғыңа жетпей» жүргенде «көрпең ұлғайып», қараң көбейеді. Сосын «бала-балабақша-мектеп» шеңбері шиыршық атады. Бала есейеді, енді оның өз баласы болады. Осы кезде кенет өмірің өте шыққанын, көкейдегі көп нәрсе күнделікті күйбең тірліктің күлінің астында көміліп қалғанын еріксіз мойындайсың.

Кәрілік мысықтабандап мысыңды басады. Самайыңды шалған алғашқы «қырау» — қарттыққа жасаған қадамың. Ас қайырып, бата беру білмейтініңді ойлағанда, жүйкеңе жүк түседі. Ол аздай буын-буының сырқырап, кеше ойлағаныңды азанда ұмытып, кім көрінгенге өкпелеп жүргенде, осының бәрі желіккен жастықтың өтеуі екенін там-тұмдап түсінесің. Кім кінәлі? Өзің, әрине!

Қарттықтың тағы бір «қатыгездігі» – саған жеңіл автокөлік, жайлы пәтер, теңіз жағажайында дем алу керек жас кезіңде тұрмыс тауқыметімен жүресің, ал осының бәрі болған кезде, жеке күйбеңнің көлеңкесінде қаласың. Оған замандас қатары сирегені қосылады. Солардың соңынан ертерек кетпеу үшін салауатты өмір салтына көшуге тырысасың, бірақ тіршіліктің өз заңы бар.

Осылай басың әңкі-тәңкі болып жүріп, жастарға бірдеңе үйреткің келетіні бар. Бірақ, сенің ақылыңа жастар зәру емес екенін көп ұзамай ұғасың. Өйткені, өзің де кезінде тура сондай болғансың. Үлкеннің айтқанын тыңдамай, талай қателікке ұрынғансың. Бір құлап, бір тұрғансың. Сөйтсек, мәселе кәрілікте емес, көңілде екен. Ақылман сияқты айтқаныңмен, жан-дүниең жастықтың жалынына шарпылғанын күнде айнаға қарағанда барып селкеусіз сезесің.

 Қалай десек те, қарттық соншалықты күйзелетіндей кезең емес сияқты. Жаман қасиеттен арылып, жан-жағыңа анадай жаңа туғандай көзбен қарайсың. Бар-жоғы сол ғана. Әрине, жасқа орын беру — табиғи заңдылық. Алайда, сенің қаншалықты қажет екенің жасыңмен емес, қоғамға тигізетін пайдаңмен өлшенуге тиіс. Қоғамды қарық қылмасаң да, немерең мен шөбереңе керексің. Бұл да аз жүк емес. Сондықтан, нәсіп еткен жасқа «Тәуба!» дейік. Сенің қандай адам болғаныңа жалғыз төреші – Жартақан ием ғана.

Өмір – ғажайып әлем! Келіспесең, пікірталасты бақилыққа жалғастырайық.

Әлібек ӘБДІРАШ,

 Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының орынбасары.