Қарағандыда ЦИРК БАР ма?..

Кез келген көкірегі ояу, көзі ашық азамат циркке барғысы келеді. Ал, Қарағандыда цирк жоқ. Қаланың қақ ортасындағы ғимараты ше дерсіз, бәлкім? Ол тек, Ресейден және басқа да алыс-жақыннан келетін цирк ұжымдарына жалға берілетін мекеме ғана. Өз труппасы жоқ. Қазір ғимаратты жалға алған ұжым түрлі концерттер мен кештер өткізеді.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «рухымыздың жаңғыруы – мәдениеттен басталуы тиіс» делінсе, цирк – мәдениеттің бір бөлшегі. Оның беретін рухани азығын басқа жерден алу қиын. Аймақта циркші өнерпаздар бар болса да, неліктен ғимарат басқа мақсаттарға пайдаланылуда? Тарқатып көрейік…

Қарағандылықтардан – «Қарағандыда цирк бар ма?» – деп сұрағанда, «Иә, бар» – деп жауап берді көбісі. Енді, біразы бұл сұрақтың мәнін ұқпай дал болды… Өкінішке қарай, Қарағанды циркінің тарихы мен оның қоғамдағы атқарар ролінен жастардың басым бөлігі бейхабар екен. Тіпті, онда тек сырттан келген цирк ұжымдары ғана өнер көрсететінін білмейтіндері де бар.

Қарағанды циркі ғимаратының іргетасы – 1983 жылдың ақпан айында қаланған. Алып нысан сәулетші А.Бойковтың жобасы бойынша салыныпты. Қаланың тарихи, көрікті мәдени орындарының бірі. Жыл сайын цирк аренасында ресейлік және шетелдік цирк ұжымдарының түрлі жарқын қойылымдары өтеді. Сонымен қатар, бұл мәдениет ошағы – ұжымдық театрлардың, әзіл-сықақ орталықтарының, жеке әншілердің дүбірлі концерттері өтетін орынға айналған. Бұл өте өкінішті жағдай, әрине.

Аталған ғимаратты жалға алып отырған Қали Байжанов атындағы облыстық филармонияның да негізі қаланғанына 80 жылдан асты. 1991 жылы цирк пен филармония біріктіріліп, концерттік-цирк бірлестігі болып қайта құрылған. Кеңес үкіметі кезінде Мәскеу циркінің тұрақты бөлімшесі болғаны белгілі. Тәуелсіздік алғаннан кейін, етек-жеңімізді жиып келеміз. Болашақтан үміттіміз. «Жақсы ниет – жарым ырыс» десек те, циркке жануарларды әкелу оны қолға үйрету оңай шаруа емес. Қыруар қаржы керек. Жануарларды баптау, жұмыскерлер санын арттыру, мамандарды тарту өте жауапты әрі машаққатты іс екені анық. Осы жайттар ескерілген болса керек, 1994 жылдан бастап «цирк» сөзі алынып, мекеменің атауы «Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік» болып өзгертіліпті. Қазіргі таңда бірлестік Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Талғат Ыдырысовтың басшылығымен жемісті еңбек етіп келеді.

Осы тұста цирк өнері мен оның пайда болуы, қазақ циркінің қалыптасуына қысқаша тоқталып өтейік.

 Цирк (лат. cіrcus — дәлме-дәл, шеңбер) — сахналық өнердің бір түрі. Цирк өнері асқан ептілік пен күштілікке негізделген пантомималық ойын-сауықтар мен сайқымазақтардың күлкілі әзіл-әжуаларын (клоунада, акробатика, гимнастика, шабандоздық және жонглерлік өнер, эквилибристика, музыкалық эксцентрика, иллюзионизм, т.б.) қамтиды. Әдетте цирк ойын-сауығы алуан түрлі трюктер мен эксцентрикаға негізделген нөмірлерден тұрады.

Цирк өнерінің алғаш пайда болуы ертеден келе жатқан тұрмыс-салт жораларымен және ойын-сауықтарымен тығыз байланысты. Шығыста, соның ішінде Қытайда ертедегі қолөнершілер ескен арқанының үзілмес беріктігін өзгелерге сендіру мақсатымен екі тіреудің ұшар басынан керіліп байланған сол арқанның үстімен өздері әрлі-берлі жүріп көрсеткен. Осыдан келе-келе «Дар» ойыны туған. Кәсіби акробаттар, жонглерлер, эквилибристер өнері Ежелгі Грекия мен Римде, Қытай мен Византияда, т.б. елдерде кеңінен белгілі болды. Орта ғасырларда кезбе артистер акробатикалық нөмірлерін қала мен ауылалаңдарында көрсетіп отырды. 16 ғасырдан бастап Еуропада ат үстінде түрлі акробатикалық жаттығулар жасауға ден қойған арнаулы шабандоздар мектебі кең етек алды. XX ғасырдың 20-жылдары негізінен әуесқойлар циркі кең өріс алды. Палуандар Қажымұқан мен Балуан Шолақ, сонымен бірге Зәрубай Құлсейітов пен Шашубай Қошқарбаев және тағы басқа халық өнерпаздары қызықты, тартымды нөмірлерімен ерекше көзге түсті. 1965 жылы Алматы қаласында эстрада және цирк өнері студиясы ашылып, жұмыс істей бастаған екен.

1970 жылы Алматы қаласында тұңғыш кәсіби қазақ циркі, ал, 1983 жылы Қарағанды циркі құрылды. Бұдан басқа көптеген жергілікті әуесқойлар және халық цирктері қалың көрермендерге мәдени-рухани қызмет көрсетті.

Жалпы, Қазақ циркі жылдан-жылға дамып келеді. Республикалық цирктерде отандық циркшілер де өнерлерін паш етіп жатады. Ал, Қарағандыдағы цирк ғимаратының сыртында «Цирк» деп жазылып тұрғанымен, мұнда негізінен Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік орналасқан. Ал, шетелден келетін цирк ұжымдарына есік ашық. Жалдау ақысын төлесін да, қойылымдарын қоя берсін. Тарихы тереңде жатқан өнер ордасының елімізде алғашқылардан болып бой көтергені көңіл қуантады, әйтеуір…

– Негізінен Қарағанды еліміздегі ең үлкен облыс. «Қарағанды – миллион тұрғыны бар қалаға айналуы тиіс» – деп Елбасы бір сапарында айтқан еді. Осы жағынан да Қарағандыға цирк керек-ақ. Балаларымыз циркке барғысы келеді. Басқа елдердің цирк ұжымдары күнде келе бермейді ғой. Сонда да, балаларымызды апарып, қуантып тұрамыз. Тірідей көрген цирктің әсері мүлде бөлек. Бұл оңай шаруа емес, дегенмен, болса, құба-құп, – деді Қали Байжанов атындағы концерттік берлістік басшысының орынбасары Баян Ахметжанова.

– Чарли Чаплинге еліктеп өстік. Мәскеуде білім алдым. Сондағы Халықаралық сиқыршылар қоғамының мүшесімін. Еліміздегі тәжірибелі циркшілер деп әкелі-балалы Камал мен Мұрат Мұтырғановтарды айтуға болады. Жақында Алматыда  ашылған «Сиқыршылар қоғамының» жиынына Қарағандыдан үш адам қатыстық. Жиырмадан астам сиқыршы жиналды. Отыз жылдай сиқыршылық өнерін дәріптеп келемін. Бұрын қаламызда ұйымдастырушы мамандар болған, қазір жоқтың қасы. Аймақтың циркі жұмыс істеп тұрса, сонда жүруші едік қой. Енді, бұл – болашақтың еншісінде ғой, – деді Халықаралық дәрежедегі сиқыршы, 2007 жылы Мәскеу қаласында өткен Халықаралық сиқыршылар байқауының «Алтын қол» сыйлығының иегері Айдархан Сұлтанбеков.

Жалпы, кез келген өнер саласы адамзаттың игілігі үшін қызмет етіп, ізгілікке бастайды. Осы жолда цирк өнерінің алар орны жоғары дер едік. Адам баласы табиғаттан алыстап, жан-жануарлар жазықсыз қырылып жатқанда, циркшілердің өнері мен шығармашылығына еріксіз таңдай қағасың. Қарағандыда цирк болмаса да ғимараты бар. Дегенмен, киелі Арқа жерінде өз циркі жұмыс істеп тұратын күнді көруден үміттіміз.

Жәлел ШАЛҚАР.