Абай айтудай-ақ айтты, ал оны ұрпағы ұқты ма?

Абыз Абайдың 150 жылдық торқалы тойына қатысу бақыты бұйырды. Жидебай жерінде бір жеті жырғадық. Аста-төк қонақ күтуді айтып отырған жоқпын. Көңілге қонатын көл-көсір шырайлы шара жүзеге асты. Содан бері ширек ғасыр өтті. Не өзгерді? Осы сауал оңашада оқшау ойға жетелейді екен!?

Абай маған ақындықты армандамағандай көрінеді. Бойындағы табиғи талантына қаймана қазақты жағымсыз әдеттен арылтатын құрал тұрғысында қараған сияқты. Алайда, «ауылдың алты аузынан» алдына қара салмайтын қазекең сол өлеңнің мағынасына онша мән бермейтініне көзі жеткесін, қара сөзге ауысып кеткендей әсер қалдырады. Әрине, махаббат, табиғат лирикасы туралы туындысы бөлек әңгіме. Ал, өзіміз «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп өзеурейтін, реті келсін-келмесін көрінген жерге қыстыратын өлеңіндегі :

«Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап –

Бұларды керек қылмас ешкім қалап»,

деген екі жолға назар аударған кім бар? Бір баланың қылығына қатты риза болған қарымды қаламгер Мағауия Сембай «Жерұйық» жинағында былай жазыпты: «Баланың бойынан ынсап, ұят, арды көрдім. Көрдім де көңілім толды. Әкесінің қанымен, анасының ақ сүтімен келетін тәрбие – бұл. Әрине, мектептегі ұстаздары да қара жаяу болмаса керек… Ал, намыс, сабыр, талап өскен сайын даритыны күмәнсіз». Рас шығар!

Бес асыл қасиетті (талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым) қастерлеуге, берекесіз бесеуінен (өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ) безінуге үндеген «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқымаған адам жоқтың қасы. Өйткені, іздеп жүріп оқымаса да, мектеп оқулығына еріксіз көз жүгіртеді. Бірақ, өлең жатталғанымен, оның тәрбиелік мәні тасада қалып қоятыны өкінішті. Әйтпесе, Абайдың қара өлеңі қазақпен қатар жасап келе жатқанына шамамен бір ғасырдан асты.

Құдайға шүкір, кітабы дүркін-дүркін шығып жатыр. Мерейтойын БҰҰ аясында да дүркіретіп тойлап тастадық. Енді шет тілдерде «сөйлетудеміз». Ал, өмірі мен өнегесі өзек болған іс-шарада таза есеп жоқ. Бір кем дүние – Абайдың өлеңмен өрілген, қара сөзбен қарпылған сол ақылы мен өнегесін өмір қажетіне жөнді жарата алмай жүрміз. Оның өрелі ойынан, тағылымды тойынан сабақ алып, соны бүгінгі күннің биігінен кәдеге жаратып жатсақ, кәнеки?! Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөзі бар қазақтың тірліктегі қанатты қағидасына айналуға тиіс.

«Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы» деп жазды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында.

Биыл тамызда тұңғыш рет Абай күнін ресми түрде тойладық. «Бұл – Құнанбайдың ұлының туған күні емес, бұл – Құдай сүйген қазақтың ұлылығының күні. Ұлы ақын туған күн ақыл нұрланатын күн болса екен!» деп жазыпты әлеуметтік желіде жезқазғандық ақын Ғазиз Ештанаев. Айтқан тілегі періштенің құлағына шалынсын!

Әлібек ӘБДІРАШ,

облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының орынбасары.