Сана сынақта байқалады немесе ту көтерген елдік сана

Аз уақыттың ішінде әлеуметтік желі Алаш жұртының бет-бейнесін айқындап үлгерді. Әсіресе, аты жаман індет қабындап, ел іргесін түрген сайын қоғамдық сананы анығырық таныта түскенін неге жасырайық? Билік пен бұқараның бет-бейнесі ғана емес, барымыз бен жоғымызды, кемшілігіміз бен жетістігімізді парықтайтын ашық алаң – осы әлеуметтік желі. 

«Коронавирус – Қазақ халқының ұлт, не тобыр екендігін анықтап беретін болды» деген жазбаны осы әлеуметтік желіден оқығам ол баста. Және бір емес, бірнеше тұлға жазды солай. Әңгіме содан туып отыр. Алғаш карантин жарияланған көктемнің кезі еді ғой. Көп жерлер карантинге жабылып, төтенше жағдай киліккенде, базардағы азық-түлік атаулыны дырдай қылып үйлеріне көшіріп әкеткен елді көргенде, Қазақстан халқының деңгейіне шынымен күмәнданып қалғанбыз. Елдің елдігі, сана-сезімінің парқы осындайда байқалмай ма? Не көрінді сонша деген ойдың жетегінде жүргенде, төтеннен індет төніп келіп берді. Әуелде «қолдан жасалған саясат» деп сенбей жайбарақат жүрген жұрттың дегбірі қаша бастады. Өлім көбейіп кетті. Басында немқұрайды жүрген қазақ қоғамы есін жиып алды. Әлеуметтік желіде бұған дейін көтеріле бермейтін соқталы тақырыптарды қозғап шыға келді. Ұлттың денсаулығы, отандық медицина, дәрі-дәрмек жетіспеушілігінің жайын ғана айтып, байбаламға басып отыру керек еді өспеген елдің баласы. Олай болмай шықты, расында. «Ораза, намаз тоқтықта» ғана екен. Күні бүгінге дейін аракідік айтылып қалып жүретін ішкі өнім мәселесі, киім, тамақ өнеркәсібінің өркендемей отырғандығы, қаптаған тойхана, сауда орталықтарының орнын өнеркәсіп, фабрика, зауыттар басу керектігі айтылып жатыр. «Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды» демей ме Абай? Бұл да тап сондай дүние.

Осындай індет жайлаған қысылтаяң шақта қазақ ортасы бәрін билікке жауып, қол қусырып қарап отырмады бастысы. Жұдырықтай жұмылып шыға келді. Елдің денсаулығын көтеріп, иммунитетін жоғарылату мақсатында тегін қымыз тарата бастағандар болды.

Ел ішінен белсенділер шығып, халықтан ақша жинап, өкпені жасанды желдететін аппараттар алып, халқының саны көп елді мекендердің ауруханаларына таратуға көшті. Оны көрген осы облыс азаматтары да қарап қалмады. Халықтан ақша жинап, әлгіндей аппараттармен аудандық ауруханаларды қамтамасыз ете бастады. Халық арасынан шыққан бұл қайраткер қазақтардың ісіне Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың өзі қолдау көрсетіп, мүдделі болды. Бұның бәрі нені көрсетеді? Бұның бәрі, меніңше, қазақ халқының елдік санасын, ұйымшылдығын көрсетеді. Дәрі-дәрмек жетпеді екен деп ерегісіп, дүрбелең туғызбай-ақ, тіпті, құзырлы орындар қолға алмаған іске өздігінен жол іздеп кірісіп кеткен халықтың жеме-жемге келгендегі түсінігі. Жыл басынан бері осы індетпен күреске бөлінген қаражат қайда деп шетелдегідей көшеге шығып кетпеді қазақ қоғамы. Елдігін танытып, қолынан келгенін жасап, сабыр сақтай білді. Тобыр емес, жуас, момын жұрт екендігін танытты. Енді осылай жұдырықтай жұмылған қалпы жылжи берсе, алмайтын қамалы болмайды. Алла жар болғай Алашқа!

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі.