Баған

«Газет – бір күндік, сөзі – мың күндік…»

XX ғасырдың басында «Қазақ» газеті ашылып, ұлт баспасөзі қалыптасты. Басы-қасында Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ, Әлихан БӨКЕЙХАН сынды алыптар жүрді. Содан бері баспасөз елдің көзін ашып, рухын көтеруге қызмет етуде.

Сол газеттерді парақтап отырып, халықтың тарихын, болмысын, әлеуметтік хал-ахуалын, кәсіп-тұрмысын білеміз. Бұл газеттің пәрменділігін білдіреді. Газет – сол ауданның, аймақтың, мемлекеттің айнасы. Оның әр нөмірін қазір бір парақтап қоя салсақ та, ол өз миссиясын жылдар бойы атқара бермек. «Телеарна озып кетті, газет оқылмайды» деген – бос сөз.

Телеарна жылдам ақпарат беруі мүмкін. Бірақ, газет сияқты толық қамти алмайды. Мысалы, мен «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бір нөмірінен облыстың бірнеше аудан-қаласындағы болып жатқан, әдеби-мәдени, саяси-әлеуметтік жағдайды білемін. Сонымен қатар, газетте ақ-қарасы ажыратылған, сұрыпталған, нақты дүниелер беріледі. Ол сонысымен құнды.

Бір айтар мәселем, аудандық, қалалық, облыстық газеттердің таралымы аз. 1000- 2000 дана деген өте ұят. Жақын жылдардың өзінде облыстың бас басылымында 18 000 оқырман бар еді. Қазір біршама азайған болса, ол елдегі күрделі жағдайға байланысты.

Сосын «газет оқылмайды» деген дұрыс емес. Оқиды, көп адам сол газетке жете алмайды. Облыс аумағындағы ауыл, кент, аудан, қала әкімдері газетке елдің жазылуына, оның оқырман қолына уақытылы жетуіне баса назар аударуы керек. Әкімдер елдің қамқоршысы болып, газетке жазылуын қадағалап, насихат жұмысын жүргізуі тиіс. Елдегі түрлі жағдайды газеттегі нақты ақпарат арқылы біліп отыруға бағыт-бағдар беруі керек.

Ал, енді, қарақтарым, мынау «Ortalyq Qazaqstan» газетінің республикалық басылымдармен иық тірестірер қауқары бар. Тарихы өте бай. Мен онда қызмет етпесем де өзімнен бірнеше жас үлкен аймақтың бас басылымының әр санын қалт жібермей оқимын. Рамазан Сағымбеков, Нұрмұхан Оразбеков, Мағауия Сембай сынды ғаламат редакторлар өрге сүйреген газет – бұл.

Қазір безендірілуі өзгеріп, түрленсе де мазмұн деңгейі өз биігінде тұр. Жуырда Қызғалдақ Айтжанованың «Ақтоғайдың ақ бидайы тірі» деген мақаласын оқып, төбем көкке жете қуандым. Тақырыбын қалай құлпыртқан?! Көкейімде жүргенді жазыпты. Көзім шала көрсе де көкірегім ояу. Көңілімнен шығып, шаттанып қалдым. Міне, газеттің құдіреті деген осы ғой.

Саттар Ерубаев, Ақселеу Сейдімбек және жоғарыда айтқан мықты редакторлармен қоса, газет ардагерлерінің тарихи мақалаларын қайталап басып отырса қандай ғажап болар еді. Әсіресе, Саттар Ерубаевтың не жазғанын оқығым келіп аласұрып жүрмін. 89-ға келген газеттің 90 жылдығы қарсаңында бір жасап қалар едік…

Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы кезіндегі колхоз-совхозды басқарған аузы дуалы қариялар мен түрлі басқармалардың ісін дөңгелеткен атпал азаматтар, күні-түні ымырабірлікте адал еңбек етіп, соғысқа азық-түлік жіберген аналардың еңбегі елеусіз қалып, бейнелері солғын тартып барады. Жоғары білімі болмаса да, ел қамын бір кісідей ойлаған абзал жандар ғой. «Абзал жандар» рубрикасымен сол кісілер туралы мақалалар жарияласа, тіпті тамаша болар еді…

Мен журналистикаға ғұмырын арнаған адам ретінде облыстың Бас газетінің аяқ алысына дән ризамын. Талантты жастар қаулап өсіп келеді. Баяғы аға буыннан қалған мектеп жалғасуда. Қадағалап жүрмін, көптеген мәселе көтеріледі.

Газет бір күндік болса да, ғұмыры мың күндік қой.

«Ortalyq Qazaqstan» газеті жасай берсін!

Қасым ОРЫНБЕТОВ,
ардагер журналист.

Басқа материалдар

Back to top button