Жолбарысқа пана болған қамыс жоқ

Ертеректе Балқаш көлінің жағалауына ит тұмсығы батпайтын нар қамыс жауып жатқан. Жуандығы жас баланың білегіндей қамысты неше алуан қанаттылар, ондатрлар, доңыздар, жабайы мысықтар, жолбарыстар мекендеген десек, ешкім сенбейді. Өйткені, көл байлығын көзімен көрмеген бүгінгі ұрпақ бұл сөзімізді аңыз, ертегі сияқты қабылдайтыны анық. Табиғат байлығын адамның қомағайлықпен құртып жібергенін қайдан білсін?!

Көнекөздеріміздің айтуынша, ертеде Көкше теңіздің ажарын кіргізіп, аттылы кісінің бойын жасырар ну қамыстың үкілі шашақтары ерекше сұлуланып тұрады екен. Самал желмен сыбдыр қаққаны да ғажап көрінеді. Өкінішке қарай, қазір ол көріністі ұшырата алмайсың. Таусылмайтындай көрінген бір кездегі нар қамыстың орнын борпылдақ сор топырақ басқан. Қайран теңіз жалаңаштанып барады. Бұрынғы көркін жоғалтып, жұпыны кейіпке еніп, жұтаң тартқан.

Табиғат жанашырларын көлдің қазіргі тағдыры алаңдатып отыр. Көл жағасындағы қамыстың құруы онда өмір сүретін аң мен құстың азаюына және судағы тұз мөлшерінің артып, судың тартылуына әсерін тигізеді екен.

– Табиғат байлығы да өлшеулі. Кеңес кезінде қамыс зауыты ашылып, қысы-жазы нар қамысты да, балауса құрақты да қылтанағын қалдырмай шауып алды. Болашағын ойламай, жоспар қуалаған шаруалар табиғаттың сырын қайдан ұқсын?! Жағалаудағы қамыс-құрақты құртқан соң аң мен құс азайып кетті. Бұдан кейін бір литр судағы тұздылық 2,26 грамнан 3,22 грамға артты. Балқаш суының тұздылығының артпауына жағасындағы қалың қамыстың әсері мол еді, – дейді «ЭКОШ» ұйымының жетекшісі Людмила Страшко.

Бізге жеткен деректерге сүйенсек, өткен ғасырдың 40-шы жылдары Балқаш маңындағы 1 миллион гектарға дейінгі алқапты қамыс алып жатты. Бұл Еуразия құрлығындағы қамыс «тоғайының» ең ірісі болды. Көлдің негізгі үлкен аралдары – Басарал, Тасарал, Ортаарал, Алғазы және Шағалалы, Кіші Тасарал, Шайтанарал», Маяктұрған секілді бірнеше басқа да аралдарын қалың қамыс жауып жатқан екен.

Қамыстың сиреуіне өрттің де зардабы тиіп отыр. Биылдың өзінде Алматы облысы, Балқаш ауданындағы Жиделі ауылынан 25 шақырым жердегі мемлекетпен қорғауындағы «тоғайды» қызыл жалын шарпыды. Бұдан бөлек, Балқаш қаласына жақын жердегі көлдің жағалауындағы 10 гектардан аса аумақты алып жатқан қамыс өртеніп кетті.

Бір данышпан «Адамдардың араласуы мұң екен, Жер шары қартая бастады» деген екен. Расымен де, табиғатта басы артық ештеңе жоқ. Бүгінде дариямызда қамыс қалмай бара жатқан соң дидары да сүрең тартқан. Балқаш көлінің ғарыштан түсірілген бүгінгі картасының бояуы бұрынғысына ұқсамайды. Көкшіл түстің орнын сүреңсіз сарғыш бояу басқан.

Табиғат жанашырларының дабылына құлақ аспай, әлі де мәнісіне терең үңілмей отырғанымыз жасырын емес. Сол бейқамдығымыз салқыны басым. Өзім білемдікке барғанымыздың салдарынан жолбарысқа пана болған қамыс жоқ. Мына түрімізбен кезінде кеткен ағаттық қалпына келер, қайтарымын табар деп сену де қиын…

Сіз бұған не дейсіз?

Нұрдос КӘРІМ.