АймақБұқар жырау

Әріптестері әспеттеген Майгүлдің мерейі

Күні кеше Бұқар жырау ауданының Көкпекті ауылдық Мәдениет үйінде Бұқар жырау аудандық орталықтандырылған кітапханасының аға әдіскері Майгүл Насырқызы Асқарованың 55 жасқа толған мерейтойы салтанатпен аталып өтті.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Бұл “55-ші көктем–бір ғибратты ғұмыр” атты әдеби-сазды кездесу кешін ауданның Ботақара, Байқадам, Көкпекті, Петровка, Шешенқара ауылдық кітапханаларында жұмыс істейтін Майгүлдің әріптес кітапханашы құрбылары ұйымдастырып, мерейтой иесін барынша әспеттеп, құрмет көрсетті. Оның алдында мұндай шара Жаңаталап ауылдық Мәдениет үйінде болған еді.

Мұның өзі тегін емес. Өйткені Майгүл Насырқызының отыз жылға таяу уақыты осы ауданның мәдени және рухани өмірімен тығыз байланысты. Ол 1971 жылдың 27 сәуірі күні бұрынғы Егіндібұлақ (қазір Қарқаралы) ауданындағы “Арқалық” кеңшарында Ұлы Отан соғысының ардагері Насыр Асқарұлы мен тыл ардагері Әуия шешейдің отбасындағы 11 баланың кенжесі болып дүниеге келген. Осындағы орта мектепті бітірген соң 1991 жылы Саран педагогикалық училищесінен бастауыш мектеп және қосымша орыс мектептеріндегі қазақ тілі мамандығын алып шығып, 1998 жылға дейін сол ауданның Арқалық, Айрық орта мектептерінде пәні бойынша сабақ береді. Кейіннен “Болашақ” университетінің филология факультетін де сырттай оқып тауысқан.

Ал осы 1998 жылы отбасы жағдайымен Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентіне көшіп келеді. Әуелде мамандығы бойынша жұмыс табылмай, бір жылдай аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің хатшысы, одан соң 2006 жылға дейін аудандық кітапхананың әдіскері, мұражайдың экскурсия жетекшісі болып істеп, сол мезгілден аудандық кітапхананың жаңа қызмет түрлері бойынша аға кеңесшісі қызметін 2019 жылға дейін атқарған Майгүл қазір осында мамандықтарды дамыту бөлімінің аға әдіскері, әрі аға тәлімгер де.

Осы жылдар ішінде Майгүл Насырқызы өлке тарихына қатысты қаншама құнды деректер жинап, ақындар Бұқар жырау Қалқаманұлы, Қабыл Боранбаев, Доскей Әлімбаев, Жүнісбек Жүнісбек Жолдинов, Кемпірбай Бөгембайұлы, академиктер Қаныш Сәтбаев, Арықтай Қайыпов сияқты елге белгілі басқа да тұлғалардың шығармашылық, мерейтойлық еске алу кештерін ұйымдастырып, аудан, облыс көлемінде өтетін мәдени іс-шаралардың сценарийін жазып, оларды өзі жүргізіп отырды.

Өзінің бойындағы дарынын іркіп қалмай, Доскей атындағы ұлт аспаптары оркестрінің, “Зерде” бейнемобилі жанынан құрылған “Самал” фольклорлық ансамблінің әншісі де болды. “Жас қанат-2002” жас орындаушылар мен шоу бағдарламаларды жүргізушілердің 6-облыстық конкурсының лауреаты атанды.

Мәдениет майталманы Майгүлдің қалам қабілеті де күшті. Ол “Аудан ардақтылары” ,”Бабадан қалған дана сөз”, “Бұқар жырау ауданы:аула тарихынан аудан тарихына дейін”,”Бұқар жыраудан бүгінге дейін” кітаптарын дайындап, шығарған жұмыс тобының мүшесі болып, өткен жылы өзі жазған “Менің анам…Менің әкем…” естелік кітабы баспадан жарық көрді.

Міне,осыдан кейін әріптестері мұндай бесаспап жанды қалай алақанға салып, аяламасқа?! Соның көрінісіне осы жолы куә болып, көзіміз жеткендей. Яғни сол күні Ботақарадан Көкпектіге келген мерейтой иесі Майгүл Асқарованы аудан мәдениет саласының қызметкерлері Жандос Әбжан мен Нұркен Мұрат және Тәттімбет атындағы колледждің 4-курс студенті Дастан Хинаят әнмен қарсы алып, ақ жаулықты екі кейуана шашу шашып, қарсы алып, Мәдениет үйінің төріне оздырды.

Әдеби-сазды кештің шымылдығын Майгүлдің өзі “Ауылым-Арқалығым” әнімен ашып, ол туралы бейнеролик көрсетілгеннен кейін сахнаға көтерілген Көкпекті ауылдық округінің әкімі Айдын Досмақов оған гүл шоқтары мен Алғыс хат тапсырса, Ботақара кентінің кітапханашысы Бақыт апасы да гүл ұсынып, камзол кигізді.

Одан әрі кешті жүргізген Көкпекті және Байқадам ауылдарының кітапханашылары Гүлнұр Сырбаева мен Марианна Өскембаева мерейтой иесімен оның өмірі және шығармашылық жайынан сұхбат жасады.

Келесіде құттықтау легіне кезек беріліп, жоғарыдағы бес ауылдың кітапханашылары мен осындағы мектеп оқушылары жылы лебіздерін білдіріп, зейнеткер ұстаз, жерлес ақын Ермек Саринннің Алматыдан жолдаған арнау өлеңі оқылды. Сондай-ақ жергілікті талапкер ақындар Анара Адамбай, Гүлжауһар Қанышқызы мен Сабыржан Мерекеұлы Майгүл апасына жырларын арнап, тағы да Нұркен Мұрат “Қайран заман” әнін әуелетті.

Ендігі сәтте ұзақ жылдар Майгүлмен қызметтес болған Гүлнафис Түспекова құттықтау тілегін айтып, ең соңында мерейтой иесінің немере апасы, облысқа белгілі журналист Нәзипа Асқарова кешті өзі тамаша шырқаған халық әні “Айқаракөзбен” тәмамдап:–Біздің Майгүлдің бойына бірнеше қасиет қонған. Сегіз қырлы, бір сырлы жан осындай-ақ болар! Мен соңымнан ерген осы сіңліммен мақтанамын,–деді ағынан жарыла.

Мерейтой иесінің кешіне қатысып, оқыған арнау өлеңімде мен де:
Аулында туып-өсіп Арқалықтың,
Арқалап ауыр жүгін арқа жүктің,
Өнерді өрге сүйреп жүрген сенің
Атыңа қанық болды Арқа бүткіл,–деппін. Расы сол!

Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button