«Жоғалған қыз» Елеусіз Мұхамәдиұлының бір романы туралы

Қазақ халқы үшін 1991 жылдың орны ерекше. Қаншама буын өткен ұрпақтың аңсаған арманы орындалып, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тәуелсіздіктің тәтті жемісін татудың бір көрінісі – кезінде түрлі саяси жағдайларға байланысты шекараның сыртында қалып қойған миллиондаған қазақтың арғы беттен ағылған Ұлы көші еді. Ұлы көшті ең алғаш Алтайдың күн бетіндегі «жақын да алыс» жатқан Моңғолия қазақтары бастады.

Қопарыла қоныс аударар Ұлы көшке ең алғаш үн қосып, демеу болған – көзі ашық, көкірегі ояу ұлт зиялылар, соның ішінде қолына қалам ұстаған шығармашылық иелері болды. Солардың қатарында Ұлы көштің дүбіріне үн қосып, Атажұртқа қоныс аударып келген қаламгерлердің бірі – жазушы Елеусіз Мұхамәдиұлы болды. Проза жанрында өнімді еңбек етіп, Моңғолиядағы қазақ қаламгерлері арасынан «Қобда қойнауында» атты роман жазып, осы жанрға алғаш түрен салған талантты жазушы Елеусіз Мұхамәдиұлы Атажұртқа,  Сарыарқаның кіндігі Қарағанды облысына қоныс аударып келіп, шығармашылық ғұмырын жалғастырды. Тағдырдың пешенеге жазған ғұмыры осы қасиетті өлкеде аяқталып, мәңгілік тыныс тапқан қаламгердің туғанына 2023 жылы 85 жыл толып отыр.
1938 жылы қазіргі Баян-Өлгей аймағының солтүстік- шығысында жатқан Баяннуур өлкесінде дүниеге келген Елеусіз Мұхамәдиұлы жоғарыда атап өткеніміздей, Моңғолия қазақтары әдебиетіндегі тұңғыш романист ретінде әдебиет тарихында таңбаланды. Жазушының ең көлемді де, сюжеті күрделі туындысы – «Жоғалған қыз» роман-дилогия­сы туралы аз-кем тоқталып өтуді жөн көрдік. Роман туралы кезінде Моңғолиядағы әдеби, зиялы қауым өз пікірлерін білдірген болатын.

Елеусіз Мұхамәдиұлының «Жоғалған қыз» романының оқиғасы Моңғолия жерінде өтеді. Роман Ертай атты қарапайым қазақ жігітінің күрмеуі көп, күдірлі тағдыр жолына құрылған. Қапияда көз жазып қалған Бағила атты кішкентай сәбиін өмір бойы аңсап-іздеумен болған Елтайдың сан тараулы тағдыр жолы романда суреттелетін дәуірдің ірі оқиғалары мен саяси-құрылымдық өзгерістерімен, ел өміріне енген жетістіктермен шынайы өріліп отырады. Қазақ, қайда жүрсе де, достыққа адал, бауырмал, еңбекқор халық. Романда Елтай мен оның айналасындағы моңғол ұлты өкілдері арасындағы адами қарым-қатынастарды бейнелеуде осы қасиет анық аңғарылады. Романда қазақ пен моңғол ұлтынан шыққан қарапайым еңбек адамдары арасындағы достық қарым-қатынас шынайы суреттелген.

Бай туысы Малтабардың малшылық, жалшылығында жүрген қарапайым қазақ азаматы Елтай жеке өмір жолында кездескен қаншама қиындықтарға қарамастан алға қарай талпынып сауат ашып, тіл ұғып, білім игеріп, өмірден өз орнын таба біледі. Романдағы Елтайдың өмір жолы – өткен ғасырдың қырқыншы жылдарда Алтайдың алыс түпкірінде, мал соңында өтіп жатқан бір сарынды бұйығы тірлік қалпын батылдықпен бұзып, жұмысшы табының қатарына қосылған мыңдаған қазақ жастарының ортақ бейнесі. Коммунистік дәуір идеология­сы бойынша «тап», «буржуазиялық» немесе «үстем тап», «кедей тап» деген әдепкі қолданыс­тар болатын. Сол дәуірдегі кез келген туындыда бұл ұғымдар көрініс табуы да заңдылық еді.

«Жоғалған қыз» романында да осы таптық көзқарас айқын суреттелсе, ол – өз дәуірінің сұраныс-талабы. Кейінгі кезеңдерде соцреализм талабы әралуандыққа ауысып, жазушының шығармашылық еркіндігінің ауқымы кеңейгенімен, күшті мен әлсіздің, бай мен кедейдің, қатыгез бен бейуаздың арасындағы мәңгілік қарама-қайшылық өзгеріссіз қала бергендігін көреміз. Осы тұрғыдан алғанда, «Жоғалған қыз» романында суреттелетін көп оқиғалар, кейіпкерлер тағдыры – дәуірдің талап-нұсқамасы коммунистік бояуларды айтпағанда өзінің шынайылығымен ерекшеленеді. Сонау Үгедей қаған заманынан бері сегіз ғасыр бойы аттың күшімен үздіксіз қызмет атқарып келген байланыс жүйесін машина алмастыруы, осы қызметті атқару жолындағы қатерге толы сапарлар, табиғаттың тосын мінезінен туындайтын қиыншылықтар, қарапайым тізгінші-жүргізушілердің жанкешті тірлігі – роман оқиғаларының арқауы десек, мұның өзі олардың жеке өміріндегі қуаныш пен жұбаныш арқылы егізделе өрбіп отырады.

«Ең қызықтысы сол – төрт жасында жоғалған Бағиласын іздеген әке сағынышты сарыла шығарма оқиғасының шиеленісуіне түрткі боларлық кездейсоқтықтарға жетелейді. Әкесі мен баласының жиі кездесе беруі, сөйте тұра, ондаған жылдар бойы бірін-бірі білмеуі оқырмандарды баурап, қызықтыра түседі. Автор сюжетті картиналар жасауға зейін қойып ықшамдылықты мұрат тұтқан», – деп атап көрсетеді академик Рымғали Нұрғали «Қазақтың жүз романы» атты зерттеу еңбегінде. Романдағы көркемдік шиеленістердің соңында сәтті шешім табуының өзі оқырманға арқадан үлкен жүк түскендей, қуаныш сезімін үстейді. Романдағы қарапайым адамдар, тілі, ділі, діни көзқарасы, өмір сүру салты, басқа екі ұлт өкілдері арасындағы қарым-қатынас Абай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», – дейтін ұлы ұстанымның аясында өрбіп отыратынын көреміз. Осы тұрғыдан келгенде романның құндылық сипаты арта түседі.

Кез келген туындыда авторлық көзқарас болатыны заңдылық. «Жоғалған қызда» да Елеусіз Мұхамәдиұлының өз ұлтының тағдырына деген алаңдаушылық қалпы қылаң беріп отырады. Соның бірі – тілбұзарлық. Мұны біз жазушының осы келеңсіз жағдайға қатысты мына бір суреттеуінен көреміз: «Соңсоң үлкен келіні орындық болдырып, төңкерді де, өзі соған отырып, тізесіне қойылған былғары сөмкесінен жұқа, түбі қырқылған дəптер, жыртылған газет алып, көпке дейін үңіліп отырды да сөзін бастады. – Нам, засық бізге том далғыбыр беріп отыр. Ажылшын əңгі өсу керек, – деп бастаған сөзін бақырға құрғақ қуырған бидайдай бытырлатып, ырғалып, теңселіп, қасын керіп, мұрынын шүйіріп тұрып, зорға аяқтады». Автор «партия мен үкімет бізге үлкен міндет жүктеп отыр, жұмысшы табы өсуі керек» деген ұғымды тілбұзарлыққа салып отырған пәруайсыздықты шенеп отыр. Тағы бір тоқталатын тұс – роман тіліндегі сөз қолданыстар, архаизмдер. Бүгіндері ұмыт болған немесе сирек қолданылатын қасқарша, мескей, мүйет, т.б. сөздердің мағыналық қолданыстарын романнан аңдауға болады.

«Жоғалған қыздағы» кейіпкерлердің толғанысын ішкі ой-иірімдерін автор сезім арпалыстары арқылы беруге талпынған. Жеке кейіпкерлер психологиясын да, бас характерлер психологиясын да талдай жазу баянөлгейлік қаламгерлердің шығармаларында кездеседі. Бұл олардың көркемдік-идеялық ізденісіндегі жетістіктері еді», – деп орынды пайымдай отырып, бұл шеберлік қасиеттің Қобда бет топырағында туып-өскен қаламгерлер шығармашылығына тән үрдіс-машық екенін орынды атап өтеді, академик Р.Нұрғали. Мұны жеке автордың да, аталған елде қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосып, шығармашылық ғұмырын сарп еткен өзге де прозаик қаламгерлердің қалам қарымына берген баға деп түсінуге болады.

Елеусіз Мұхамәдиұлы шығармашылық ғұмырының Баян-Өлгейдегі, Атажұрттағы кезеңдері туралы әдебиет зерттеушілер қарастырып, қалың оқырман қауымға таныстыруы парыз. Осы ретте бір айта кетерлігі, Моңғолия қазақтары жасаған әдебиеттің көрнекті өкілі, жазушы, драматург, аудармашы Құрманхан Мұхамәдиұлы мен романист жазушы Елеусіз Мұхамәдиұлының тегіне қарап, әрі бір елден болған соң, бұл екі қаламгер бірге туған ағайындар ма деген сұрақ қойылып жататыны бар. Арғы түбі абақ дейтін бірлестікке барып тірелетіні болмаса, екі жазушының жақын туыстық жақындығы жоқ болар. Екі жазушыға ортақ тағдыр жолы дейтін болсақ, Құрманхан Мұхамәдиұлы 1942-1943 оқу жылы Елеусіз Мұхамәдиұлы туып-өскен Баяннуурдағы бастауыш мектепте мұғалім, 1956 жылы осы өлкеде құрылған «Гүл» бірлестігінің (колхоз) басшысы болып қызмет істегендігін атап өткен жөн.

Елеусіз Мұхамәдиұлының туған қарындасы Егеухан Мұхамәдиқызын күллі қазақ әлемі аға буын айтыскер, жазба ақын ретінде таниды. Қалам қарымын, талант-дарынын туған халқының рухани қазынасын байытуға арнаған жазушы Елеусіз Мұхамәдиұлының есімі туған халқымен бірге мәңгі жасай берері сөзсіз.

Асылбек БАЙТАНҰЛЫ,
әдебиеттанушы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.