Жетістікке толы жыл
Жастар жылы аясында елімізде ауқымды жұмыс жүргізілді. Жыл басында тапсырылған міндеттерді орындауда Қарқаралы аудандық әкімдігімен бірге өңір жастары да белсенділік танытты. Міне, жыл бойы жүргізілген жемісті жұмыстар нүктесі аудан орталығында өткен форуммен қорытындыланды.
Салтанатты жиын «Жастар жалыны» эстафетасы туралы түсірілген бейнероликпен және Самат Сүлейменовтің орындауындағы Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңімен ашылды.
Аудан әкімі Эльдар Дүйсетаев сөз алып, аудан дамуына жастардың қосқан үлесі зор екендігіне тоқталды.
– Бүгінгі таңда елімізде жастарды қолдау мақсатында «Нәтижелі еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы, «Дипломмен – ауылға!», «Жасыл ел» сияқты жобалар жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламалар шеңберінде аудан жастары кәсіптерін ашып, жұмыс жасауда. Мысалы, биыл «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 97 жас әрқайсы 505 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болды. Бұл – жастар үшін жақсы қолдау. Соңғы үш жылда 200-ге жуық жас «Жасыл ел» жобасы арқылы туған жерлерінің гүлденуіне өз үлестерін қосты. Жыл басынан бері «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде жиырмадан аса жас маман келіп, 4 млн. теңгеден астам көтерме сыйақы және баспана алуға 37 млн. теңге көлемінде төмен пайызбен несие алды, – деді аудан басшысы.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген жастар «Сұңқар» сыйлығымен марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік Отан қорғаушы» номинациясымен аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Сағындық Сүлеймен, «Жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясымен «Балауса» қайырымдылық қозғалысының жетекшісі Нұрлан Оңғарбаев, «Жылдың үздік жас ұстазы» номинациясымен Борлыбұлақ ауылының ағылшын пәнінің ұстазы Айым Кашимова, «Үздік жас мәдениет қызметкері» номинациясымен Аппаз ауылының клуб меңгерушісі Думан Несіпбаев, «Үздік жас спортшы» номинациясымен шағын футбол құрамасының мүшесі Мұхаммед Қанат, «Жылдың үздік көшбасшысы» номинациясымен аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Ерсайын Қобланды марапатталды.
Аудандағы іс-шараларда белсенділік танытып, ұйымдастырушылық қарым-қабілеттерімен көзге түскен бір топ белсенді жастың мерейі үстем болды. «Жастар жалыны» эстафетасы аясында өткізілген шаралардың жеңімпаздары да анықталды.
Кездесуге арнайы келген, қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия және Қазақстан чемпионы, Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісінің иегері Тимур Спатаев та форумға жиналған жастарды құттықтады.
Форумды қорытындылаған аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Асылан Рахымбергенов жастар қауымына алғысын айта келіп, «Жастар жалыны» эстафетасының жалауын Қарқаралы волонтерлері желісінің жетекшісі Дәурен Рахымбекке табыстады.
Сағыныш ӘБІЛ