АймақБас тақырыпҚарқаралы

Балқантауға барар жол

Соңғы жылдар мұғдарында аймақта күрежолдардың күйі түзеліп, республикалық маңызы бар бағыттардағы тасжолдар жанданып келеді. Сол игілікті істің заңды жалғасы ретінде, аймақ орталығынан шалғайда жатқан Егіндібұлақ өңіріне де көптен күткен ақжолтай жаңалық жетті. Талай жылдан бері ел ішінде айтылып, шешімін күткен «Қарқаралы-Егіндібұлақ» тасжолын жөндеу жұмыстарының басталуы – құтты мекеннің құтын еселей түскендей. Бұл жоба ауыл мен қаланы жақындатып, киелі Қу-Балқантау өңірінің тамырына қан жүгіртетін, елдің еңсесін көтеретін нағыз игілікті іс болмақ.

Суреттер ұйымдастырушылардан

«Қарқаралы-Егіндібұлақ» жолының жалпы ұзындығы – 80 шақырым. Жұмыс екі учаске бойынша жүргізілуде. Біріншісі – «Қарқаралы-Бүркітті» аралығындағы 32 шақырым. Бұл учаскеде орташа жөндеу жұмыстары 10 мамырда басталған. Екіншісі – «Бүркітті-Егіндібұлақ» бағытындағы 48 шақырым. Мұндағы жұмыс 1 маусымда қолға алынды. Екі жоба бойынша жөндеу жұмыстары 2026-2027 жылдарға жоспарланған.

– Бұл жолдың әлеуметтік маңызы зор. Өйткені, бұл бағыт Қарағайлы, Бүркітті, Қарабұлақ, Қаракөл, Айнабұлақ және Жәнібек ауылдарын аудан орталығымен байланыстырады. Бұл елдімекендерде 17 мыңнан астам тұрғын бар. Жолдың жаңаруы – күнделікті қатынасқа ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға, қоғамдық көлік қозғалысына, жүк жеткізуге, туризмді дамытуға және ауылдардың экономикалық тынысын кеңейтуге де тікелей әсер етеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов.

Жобаға екі мердігер ұйым тартылған. «Бүркітті-Егіндібұлақ» учаскесіндегі жұмыстарды «РИТМ» ЖШС атқарады. Бұл мекеме бұған дейін Қарағанды және Ақмола облыстарында жол жөндеу жұмыстарын жүргізген. Ал, «Қарқаралы-Бүркітті» учаскесіне «Қарағанды Жолдары» ЖШС жауапты. Бұл компания еліміздің әр өңірінде жол салу және жөндеу бағытында жұмыс істеген.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының мәліметінше, жоба аясында жол негізін күшейтуге ерекше мән берілді. Орташа жөндеу кезінде суық ресайклинг технологиясы қолданылады. Бұл әдіс қолданыстағы ескі жол жамылғысының материалдарын қайта өңдеп, оған қиыршық тас пен байланыстырушы материалдар қосу арқылы жол төсемінің беріктігін арттыруға мүмкіндік береді.

– Суық ресайклинг технологиясы климаттық жағдайы күрделі өңірлер үшін тиімді. Бұл әдіс арқылы ескі жол қабаты қайта өңделіп, жаңа байланыстырғыш материалдармен араластырылады. Соның нәтижесінде жол қабатының серпімділігі артып, температураның күрт ауытқуына төзімділігі жоғарылайды. Одан кейін жаңа асфальтбетон қабаттары төселіп, жол жиектері бекітіледі, жол белгілері орнатылып, таңбалау жұмыстары жүргізіледі, – деді облыстық филиал директорының орынбасары Дінмұхамед Еркін.

Жөндеу жұмыстары тек асфальт төсеумен шектелмейді. Жоба аясында су ағарларды жөндеу, аялдамалар орнату және қажетті жол белгілерін қою қарастырылған.

Сапа мәселесі де назардан тыс қалмайды. Жоба барысында қолданылатын жол-құрылыс материалдары «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны тарапынан ұдайы тексеріледі. Бұдан бөлек, техникалық қадағалау мамандары мен «ҚазАвтоЖол» өкілдері жұмыс барысын бақылауда ұстайды. Материалдардың сапасы мен технологиялық талаптардың сақталуы зертханалық тексеріс­тер арқылы нақтыланады.

Жөндеу аяқталғаннан кейін мердігер ұйымдарға кепілдік міндеттемелері жүктеледі. «Бүркітті-Егіндібұлақ» учаскесіне 3 жыл, ал, «Қарқаралы-Бүркітті» учаскесіне 4 жыл кепілдік мерзімі қарастырылған. Егер осы мерзім ішінде жолда ақау пайда болса, оны мердігер ұйым өз қаражаты есебінен жөндеуге міндетті.

Қазір жол бойында жөндеу жұмыстары қызу. Арнайы ескерту белгілері орнатылған. Жүргізушілер үшін қозғалыс бағыты реттеліп, қауіпсіздік талаптары ескерілген. Ең бастысы, орташа жөндеу кезінде көлік қозғалысына толық шектеу қойылмайды. Сондықтан, тұрғындар мен жолаушылар қатынасы үзілмейді. Тек су ағарларды жөндеу кезінде ұзындығы 150-200 метр болатын 8 айналма жол қарастырылған.

Ауыл тұрғындары да жұмыс­тың басталғанына ризашылық білдіруде.

– Көптен күткен жол жөндеу жұмыстарының басталғанына қуаныштымыз. Жол – елдің күретамыры. Әрбір азамат туған өлкесінің гүлденіп, көркейгенін қалайды. Әсіресе, тарихы терең, табиғаты көркем, қазынасы бай Қу-Балқантау өңіріне осындай игіліктің келіп, инфрақұрылымның дамып жатқаны бізді ерекше қуантады, – деді ауыл тұрғыны, Қарқаралы ауданының құрметті азаматы Мұхитбек Қапсаттарұлы.

Жалпы, 2026 жылы Қарағанды облысында республикалық маңызы бар тоғыз жол учаскесі орташа жөндеумен қамтылады. Олардың жалпы ұзындығы 280 шақырымды құрайды. Соның ішінде, «Қарқаралы-Егіндібұлақ» бағытындағы жолдың жаңаруы – шалғай ауылдардың қатынасын жақсартып, елдімекендердің тынысын ашатын маңызды жобаның бірі болмақ.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button