Қазынаға толы қастерлі Қарқаралы – Арқа төскейіндегі табиғаты тұмса өңірдің бірі әрі бірегейі. Соңғы жылдар мұғдарында ауданға апаратын жолдың жақсаруы, туристік маршруттардың жүйеленуі және жаңа рекреациялық аймақ жобалары өңірдің туристік әлеуетін арттыра түсті. Қазір Қарқаралыда табиғи, тарихи-танымдық және белсенді демалысты біріктіретін бағыттар дамып келеді.

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жалпы аумағы 112 120 гектарды құрайды. Оның ішінде туристік және рекреациялық қызмет аймағы 21 330 гектар, яғни парк аумағының 19 пайызы ретінде белгіленген. Ұлттық парк аумағында жалпы ұзындығы 70,4 шақырым болатын 4 туристік соқпақ бар. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын парк аумағына туристік және рекреациялық мақсатта 35-40 мың адам келеді.
Қолданыстағы туристік бағыттардың қатарында Шайтанкөл, Үш үңгір, Тас ертегі және тарихи ескерткіштер маршруты бар. Бұл бағыттар табиғатты тамашалаумен ғана шектелмей, өлкенің тарихын, аңыз-әңгімесін, археологиялық және мәдени мұрасын таныстыруға мүмкіндік береді. Мәселен, Шайтанкөл – Бұғылы тауының биігінде орналасқан Қарқаралының ең танымал табиғи нысандарының бірі. Ал Үш үңгір бағыты ежелгі адам тұрақтарымен байланысты тарихи-танымдық маршрут ретінде аталады.
Өңірдегі туризмнің жандануына жол инфрақұрылымының жақсаруы да сеп болып отыр. «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Бұғаз» автожолының Қарқаралы туристік аймағына апаратын учаскесінде орташа жөндеу жүргізілген. Ресми дерекке жүгінсек, былтыр 32 мың турист келсе, кейінгі жылдың алғашқы алты айында 20 мыңнан астам адам демалып қайтқан. Ауданда 40-қа жуық демалыс орны бар, олар бір мезетте 2500 адамға қызмет көрсете алады.
Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің баян етуінше туристік әлеуетті арттыру бағытындағы ірі жобалардың бірі – Бұғылы тауының баурайындағы жаңа рекреациялық аймақ. Жоба 75 гектар аумақта жүзеге асырылмақ. Облыс әкімдігінің мәліметінше, мұнда этноауыл, ойын-сауық паркі, спорт және ойын алаңдары, веложолдар, қонақүйлер, глэмпингтер және тау шаңғысы инфрақұрылымын дамыту жоспарланған. Қарқаралы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің дерегіне сай, «Бұғылыда» 366 орындық 56 қонақ үй салу және глэмпингтер жабдықтау көзделген.
Жаңа рекреациялық аймақ Қарқаралы туризмін маусымдық сипаттан шығарып, жыл бойы жұмыс істейтін демалыс кеңістігіне айналдыруы мүмкін. Әсіресе, тау шаңғысы кластері іске қосылса, қысқы туризм бағыты күшейеді. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпкерлерге, қызмет көрсету саласына, қонақ үй бизнесіне және қоғамдық тамақтану орындарына жаңа мүмкіндік ашады.
Қазір Қарқаралы туризмінің алдында екі маңызды міндет тұр. Біріншісі – табиғи аумақтарға түсетін жүктемені реттеу, санитарлық тазалық пен экологиялық тәртіпті күшейту. Екіншісі – туристке қолайлы сервис қалыптастыру. Бұл бағытта навигациялық белгілер, ақпараттық аншлагтар, QR-кодтар, цифрлық маршруттар, демалыс орындары мен санитарлық нысандардың маңызы арта түседі.
Қорыта айтқанда, Қарқаралы туризмі енді тек табиғатқа сүйенген демалыс емес, инфрақұрылым, сервис, қауіпсіздік, цифрлық навигация және инвестициялық жобалар арқылы дамитын кешенді салаға айналып келеді. Егер жоспарланған жобалар уақытында әрі сапалы жүзеге асса, Қарқаралы Қарағанды облысының ғана емес, орталық Қазақстанның жыл бойы турист қабылдайтын басты орталықтарының біріне айналуы ықтимал.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz



