Жаңалықтар

Жастарды жұмысқа тарту тәсілі

«Қайда, қайда? Қарағандыда!» емес, осы жолы Саранда өтті. Жұмысшы мамандықтарының аймақтық фестивалі. Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асыру мақсатында қаланың ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған «Шебердің қолы ортақ» аймақтық фестивалін сарандықтар осымен бесінші рет өткеріп отыр. Қош, «фестиваль не береді?» дейсіз ғой…

Азаматтарды жастай еңбекке баулу, жұмысшы жастар тобын жасақтау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Бұл жайында Елбасы да үнемі айтып, ескертіп отырады. Тапсырмалар беріп, қадағалайды. Себебі, еңбекпен өскен жас әр нәрсенің қадірін біледі. Мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңған соң, құндылыққа ден қояды. «Адамды адам еткен – еңбек» дегенді ескерсек, еліңнің азаматы болу үшін әуелі адам болу керексің. Ал, бойдағы артық міннен арылтып, адамдыққа тәрбиелейтін – осы еңбек. Сондықтан, сарандықтардың бес жыл бойы қолға алып келген бұл дүниесі қоғамдық тұрғыдан да, адамдық тұрғыдан да құптарлық іс.

Елбасы «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына – 20 қадам» атты бағдарламасында «Бүгінде еңбек – ХХІ ғасыр жағдайындағы шешуші ұлттық фактор ретінде, жаһандық бәсекелестік жағдайында, алдыңғы кезекке ілгерілетілуі тиіс» деп атап тұрып көрсеткенін қайда қоясыз? Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдар ішінде Қазақстан мемлекетінде әлеуметтік саланың іргетасы берік қаланды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жас ұрпақтың ел болашағы үшін маңызына үнемі мән беріп отырғаны өз алдына. Мемлекет әрбір жастың мемлекетке пайдасы тиюі үшін барлық жағдайды үйлестіріп, қарастыруда. Соның бір көрсеткішіндей аймақтық фестивалге студенттер он бір колледжден қатысты. Атап айтқанда, олардың ішінде Абай көпсалалы колледжі, Қарағанды теміржол колледжі, Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжі, Қарағанды агротехникалық колледжі, Қарағанды көлік-технологиялық колледжі, Қарағанды индустриалды-технологиялық колледжі, Қарағанды медициналық интерколледжі, Абай атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжі, Саран техникалық колледжі, Теміртау жоғары политехникалық колледжі, Шахтинск технологиялық колледжі бар. Осы он бір колледждің әрқайсынан кемі төрт-бес, он шақтыдан студенттер шығып, мамандықтарына байланысты шағын-шағын көріністер қойды. Көрермендер – жоғары сынып оқушылары.

Фестиваль ұйымдастырудағы мақсат та сол. Жұмысшы мамандықтарына жастарды тарту. Аспаз, дәнекерлеуші, тағы басқа жұмысшы кәсіптері жетеді екен ғой қарап отырсақ. «Қазір ақша дәнекерлеушілер мен сантехникалық жұмысшыларда» дейді білетіндер.

Біз кіріп барғанда, Саран қаласының мәдениет үйінде ине шаншар орын жоқ. Мәдениет үйінің дәлізіне әр колледж студенттері өздерінің еңбек-жұмыстарын қойып, көрме ұйымдастырыпты.

Саран қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Әлібек Рахымжановтың құттықтау сөзінен кейін сахнада студенттердің қызыққа ұласқан көңілді кеші басталды. Теміржол колледжінде оқитындар жолсеріктің қызығы мен шыжығын келтіріп күлдірсе, медициналық колледж студенттері кісі емдеуі тиіс медбикенің өзіне бір дәрігер қажетін бейнелеп, талдырды күлкіден. Әсіресе, бізге ұнағаны – мал дәрігері мамандығына оқушы жастардың өнері. Өткенде бір ауылда мал дәрігері зейнеткерлікке шықса, орнын басатын маман жоқ дейді. Қай салаға болсын маман керек.

«Қазақстанның еңбек күні қарсаңында ұйымдастырылып келе жатқан фестивальдің ауқымы жылдан жылға ұлғайып, арнасы кеңіп келе жатқанына бүгін тағы куә болып отырмыз. Арамызда Абай, Саран, Теміртау, Шахтинск, Қарағанды қалаларындағы кәсіби техникалық білім беретін колледждердің өкілдері отыр. Жұмысшы мамандықтарын беретін оқу орнымен қарым-қатынас орнатам деушілер үшін бұл – таптырмас мүмкіндік. Мемлекетіміз өсіп, көркейген сайын аймағымызда да түрлі зауыт-фабрикалар бой көтеріп, жаңа жұмысшы мамандарға сұраныс жыл өткен сайын артып келе жатқанын білеміз. Жаңа техника, жаңа қызмет, жаңа мамандық – бәрін игеріп, мемлекетіміздің мерейін өсіруге ат салысайық, ендеше!» – дейді Саран қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Әлібек Рахымжанов.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button