Жасампаз еңбек – жастарға үлгі

Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы егемен еліміздің негізі қаланған күннен бастап, бүгінге дейінгі барлық игіліктер мен жеткен жетістіктерімізді, оның қалыптасу кезеңдерін қамтыған бірегей туынды.

Онда бүкіл дәуірдің тынысы, ұлттың мұраты, мемлекеттің кемел келешегі жатыр. Еліміздің барлық жарқын көріністерін бүге-шігесіне дейін осы еңбектен таба аламыз. Кітапта айтылған өзекті тұжырымдар қазіргі тарихымыздан сыр шертіп, келер ұрпақтың рухани-танымдық азығына айналады деп есептеймін. Жылдар жылжып, уақыт сырғыған сайын әр сала жаңаша тұрпатта дамып, тың тыныс алады. Бүгінгі жетістіктер тарих парақтарына қатталып, кітапта айтылған әрбір ой келешекке керуен тартып, еліміздің берік іргетасына айналатынына сенемін. «Біздің азаматтарымыз, әсіресе жастарымыз бағдарымыздың не үшін және қалай айқындалғанын, тәуелсіз Қазақстанның қандай жағдайда өмірге келіп, құрылғанын, оны қалыптастыруда қандай адамдардың маңызды рөл атқарғандығын, сол кезде қандай оқиғалар болғанын білуге тиіс» деп Елбасы еңбегінде айтылғандай, кез келген жетістіктің артында тұлғалар тұратынын, ел басқару ісі жеңіл арқалайтын жүк емес екендігін әрбір жас жадында берік тоқыса деймін. Сол арқылы тәуелсіздіктің қадірін біліп, бір кездері ата-бабамыз осы күнді аңсаған болса, ендігі ұрпақ осы нығметті нығайта түсу міндетін тереңнен түсінсе деген тілек бар.

Рухани болмысын сақтап, ұлттық-құндылықтарын жоғалтпай, тереңнен тамыр алған ел екенімізді бүкіл әлем білуге тиіс. Осындай айтулы мақсаттарға жету жолында жаңа заманның тарихын қалыптастыратын қайсар да өр, білімді де білікті, жоғары мәдениетке ие, рухани дүниесі бай жастардың орны бір төбе. Талаптың оты арындап тұрған шақта жастарымыз өз мүмкіндігін жақсы пайдаланып өткен күннен сабақ алып, кемел келешекке қарай бет алуы тиіс. Ұлт болашағы бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Сондықтан, жастарымызды рухани тәрбиелеуде бәріміз табандылық танытуымыз қажет. Осылардың барлығы әрбір жасқа үлгі ретінде көрініс тауып, жасампаз жылдардың жылнамасына баланған туындыда ел болу жолында кезіккен кедергілерді мүмкіндікке, тәуекелді табысқа айналдырған сәттер нақты дәлелдермен жазылған. «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Басты құндылығымыз – бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Сыртқы саясат: тыңға түрен салғандай», «Қияға көз тіккен Қазақстан барысы», «Баянды болсын Бас қала!», «Саяси тұрақтылықтың жемісі», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Біз әлемдік дағдарыс сынағына төтеп бердік», «Бұрын – соңды болмаған зияткерлік өрлеу» деп аталған кітаптың әр бөліміне назар аударсақ, олардың әрқайсысы өзіне тән үлкен салмақты арқалап тұр. Болашағымызды байыптап, бағытымызды айқындайтын бастамалардың барлығын осы тақырыптардың ішінен табуға болады. Рухымызды қайта жаңғыртып, салт-санамызды саралап, өшкенімізді жағып, өткенімізді таныдық. Дамудың даңғыл жолына бет бұрып мемлекеттік қуатын нығайтқан еліміз, тарихи жаңару жолында тың серпін алып өз беделін қалыптастырды. Әлемнің дамыған озық елдерімен терезесін теңестіріп, олармен саяси-экономикалық, рухани-мәдени тығыз байланыс орнатты.

Ғалия ҚАЛМАҒАНБЕТОВА,

74 орта мектептің

кітапханашысы.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.