Жаңалықтар

Жарты ғасырлық жарасым

Осыдан тура жарты ғасыр бұрын Нұра ауданында алғаш ашылған АХАЖ (ЗАГС) кеңсесінде тұңғыш болып салтанатты жағдайда заңды некелері тіркелген ерлі-зайыптылар бүгін «Алтын тойларын» атап өтуде.

Орта бойлы, ер мінезді, сөзі шымыр, кескін-келбеті келіскен алпысты алқымдаған апайды жіті танып білмеген адам сұсты кейпінен именіп қалады. Көбіне бұндай адамдар – жұмбақ. Бір қарағанда бауыр басып әңгімелесе кету де мүмкін емес сияқты. Дегенмен, әңгімеге тартқанда, ішің жылып сала береді. «Адам сөйлескенше» деген осы екен ғой…

Бір отбасының үкілеп өсірген қызы, ағаларының жанашыры, енесімен сырлас келін, күйеуінің қабағын баққан адал жар, келіндеріне өнеге, бір әулеттің шырайын келтіріп отырған Бикен Ахметова апайымыздың отбасылық өмірі тұнып тұрған өнеге десе де болады.

Әкесі ерте қайтыс болып, ағаларының аялы алақанында өсті. Қазақ жігіттерінің қарындасы десе жанын беруге даяр тұруымен қатар, сол әулеттің ар-намысы болған қазақ қызына деген ерекше көзқарасы қанға сіңген қасиеті. Ағаларына еркелеп өскен Бикен апай ер мінезді болса да, қазақы тәлім-тәрбиенің құлы болды. Әрқашан ағаларын сыйлап, арқа тұтқан жас қыз тұрмыс құрғанда жан жарына да солай ілтипат көрсете білді. Әке орнына әке болған ағалары тұрмысқа шыққалы отырған қарындасына «Сенің таңдаған ер азаматың – ендігі қорғаның, оны құрметтеу – жары ретінде өмірлік парызың. Өзіңнің жан серігіңнің алдында бір саты төмен екендігіңді әсте естен шығарма. Біздің атымызға кір келтірмей, басыңдағы бағыңды бағалай біл. Ер адамыңның қасиетіне басыңды ие біл», – дегенін бір сәтке де жадынан шығарған жоқ.

1973 жылы өмірлік жары Нұрабай Ахметовпен шаңырақ көтереді. Көп сөзге жоқ, айтса сүйегіңнен өткізердей қадап сөйлейтін ананың тәрбиесі, ағаларының тәлімін жасынан естіп өскен есті қыз осылайша рухани толысып, саналы түрде отбасын құрады. Шаруа отбасында өсіп-өнген қағылез қыз зиялы отбасына келін болып түседі. Үлкен әулеттің босағасын аттады. Атасы прокурор, отбасында бес ұл. Енесі үй шаруасындағы әйел болғанымен, өте парасатты адам болған. Ен жайлауда, атқа мініп, ағаларына қолғабыс етіп жүрген қайсар қыздың ендігі борышы – келіндік міндетін атқару. Ағаларының атына кір келтірмей, көргенді жердің қызы екендігін көрсету еді. Бикен апай бұл үдеден шыға білді. Бағына орай, енесі де өмірден көргені көп, түйгені мол жан екен. Қысы-жазы үйінен кісі үзілмейтін, адал асымен ақ дастарханын тарту ететін ниеті түзу жан.

– Үйге келген кісі – Қыдыр, онымен бірге құт келеді, – деп, күндіз келген жиырма кісіні, түнде келген жиырма кісіні қабақ шытпай қарсы алып, шығарып салатын. Мені де соған баулыды. Анам үнемі «Үлкен кісіні сыйла, жүрегіне қаяу салма, көңіліне кірбің түсірме» деп отыратын. Осы бір сөз әбден бойыма сіңіп кетті. Қанша жерден ширақ болсам да, енеме қарсы келген емеспін. Отау құрған алғашқы жылы ата-енеммен бірге тұрдық. Кейіннен тағы екінші ұл үйленгенде, бізді бөлек шығарды. Оқу бітірген жас маман кезіміз, көршілес Байтуған ауылына жіберді. Ата-енеден алғаш жыраққа кетіп, екеуара нағыз отбасылық өміріміз басталды десе де болады, – дейді Бикен Ахметова.

Әке-шеше шаңырағынан қияға қанат қағып бір босаса, ата-ене алдындағы парызды атқарғандай болып, жеке отау көтеріп екі босады. Ендігісі қос ата-ананың, тілеулес ағалардың үмітін ақтау мұраты тұрды жас жұбайлардың алдында. Босағаның берік болуы тек екеуінің ғана қолында еді. Әрине, бұл үдеден Бикен апай жары Нұрабай ағаның қолдауымен шықты. Жеке отау екеуін әбден шынықтырды. Өзара бірлесе отырып, арман-тілек ойлары бір мақсатқа тоғысты десе де болады. Дәл осы шаңырақтың босағасының берік, керегесінің кең болуы – отағасының еңбегі. Әйел адамның отағасына қорғаным деп бойұсынуы бүгінгі «Алтын тойға» жеткізді.

Мектепке мұғалім болып орналасып, еңбек ете бастады. Отбасы болғандықтан, оның үстіне, жас отау болғандықтан, ыдыс-аяқ шылдырламай тұрмайды. Ондай кезде Нұрабай ағаның байыптылығы басты орында тұратын. «Отбасымызда болып жатқан жағдайды сыртқа шығарма, бір құрбыңа айтқаныңды екіншісі біліп отырады. Түбінде бұл өзіңе таяқ болады» деген отағасының сөзі жас отбасы іргесінің берік болуына негіз болды.

Он жыл бөлек тұрып, еселі еңбек еткен Нұрабай аға мен Бикен апай енесі сырқаттанып қалғаннан кейін қайта қарашаңыраққа оралып, аяулы аналарын күтеді. Сырқат адамның жағдайын жасап, күтіп-баптаған Бикен апай енесін ақ жуып, арулап жөнелтті. Ер азаматының қадір-қасиетіне бас иіп, оның отбасына судай сіңіп, қасиетті қарашаңырақтың шырайын келтіріп отырған Бикен апа өзінің осы күнгі жеткен жетістігінде жанына жақын жандардың әсері болғанын тебіреніспен еске алды. Өзім болдым, өзім толдым деген бір ауыз сөз шықпады аузынан. Қарашаңырақтың киесін сезініп, сол отбасының ырысын еселеуде барын салды.

– Бикен, біздің шаңыраққа құтты келін болды. Үлкеннің алдынан кесе көлденең өткен емес. Көргенді әулеттен шыққаны көрініп тұрды. Әлі де келіндік міндетінен жаңылған емес. Көңілімді тауып, іші бауырыма кіріп, амандығымды біліп отырады. Ата-анадан, енеден алған ғибрат Нұрабай мен Бикеннің өнегелі отбасы болуына зор ықпал етті. Өздері де саналы ұрпақ тәрбиелеп отыр. Өкшемді басып келе жатқан ізбасарыма ризамын, – дейді үлкен енесі Ғайнел апа.

Өз жұртындағы үлкендердің осындай ақ батасын алып, алғысына бөленіп жүрген Бикен апай түрлі салада қызмет етті. Жолдасы Нұрабай аға құрылыс саласының білгір маманы болды. Ол кісінің құрылыс жобалауымен Нұра ауданында 100-ге тарта құрылыс нысандары бой көтерді. Туған жеріндегі зәулім ғимараттарда білімді маманның қолтаңбасы бар. Бикен апай мұғалімдіктен мемлекеттік қызметкер, одан кейін журналистік салада жемісті еңбек етті. Осындай жауапты жұмыстарды атқаруына қолдау көрсеткен Нұрабай аға екенін мақтанышпен айтты. Ері қолдаған әйел-ананың ісі алға басып, шаңырағы шаттыққа толары анық. Сол берекелі отбасында туып, тәлімді тәрбие алған – Аягүл, Нұржан, Бауыржаны – өз алдарына жеке шаңырақ. Әр салада еңбек етуде. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, ұшқан ұясындағы өнегені іліп әкеткен ұрпағы әкеге тік қарап сөйлеген емес. Әрдайым қабағынан именіп отыратын балалары әкеге құрмет, анаға ізет көрсетуден жаңылған емес. Әулет үлкендерінен келе жатқан ізгілікті тәрбиені өз балаларының бойына сіңірген әке мен ана бүгінде кіші ұлдары Бауыржан мен келіні дәрігер Аидамен бірге тұрады. Бауыржан облыстық прокуратурада қызмет жасайды. Нұржаны мен Индирасы Алматыда тұрады. Аягүл – гимназия директоры. Балам бағым, немерем жаным деп отырған Нұрабай аға мен Бикен апай немерелері Нұрали, Айша, Надим, Мүсілім, Кәрімнің саналы азамат болып өсуіне еңбек етуде.

Отбасы деген шағын мемлекет іргесінің берік болуы алдымен әйел затына байланысты. Келін болып түскен әулетінің бақытын еселеу де нәзік жандылардың қолында екені рас. Анасының «Өзің жақсы көріп қосылдың, енді сол азаматтың абыройына нұқсан келтірме, әулеттің атына сызат түсірме» дегені, Бикен апайдың жолдасы Нұрабай ағаны ардақтауы, енесін пір тұтуы көргенді жерден шыққанын айқындап тұрды. Бақай есеппен емес, барынша жақсы көріп қосылған қос жанның шаңырағы бүгінде өнегелі орда. Әу бастан қазақы құндылықты бойына сіңіріп өскен ортаның отбасы құндылығы қашанда бірінші орында тұрады…

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button