Жапон делегациясы – Қарағандыда
Қазақ пен жапонның түрінде азиялықтарға тән белгілерден бөлек, өзге де ұқсастықтар бар. Ата-баба аруағын ардақтап, дәстүрді берік ұстанған қазақ қашан да ең алдымен тәрбиеге мән береді. Жапондықтар да солай. Отбасылық байланысты ерекше құрметтеп, ата-бабаларын жылына екі рет естеріне алып, өздерінің рәсімдерін жасайды. Қарағанды облысына Жапониядан келген делегация да осы мақсатты көздепті. Атап айтқанда, репрессия жылдары сүйегі осы жерде қалған ата-бабаларының рухына тағзым етіп, лайықты құрмет көрсету. Делегация құрамында келген Норико Ногучи ханымның әкесі әскери тұтқын ретінде лагерьде болып, Шет ауданының Көктіңкөлі ауылында қайтыс болған.
Жапондық делегацияның бұл алғашқы келуі емес. Мәселен, өткен жылы да жапондық тұтқындар жерленуі мүмкін деген жерлерге зерттеу жүргізген. Әлбетте, бұл үлкен қажыр-қайратты қажет ететін жұмыс. Соған қарамастан облысқа арнайы келген делегация сонау 1991 жылдан бастау алған жұмысты тоқтатпайтындықтарын айтады. Қонақтарды облыстық мәслихат төрағасы Нүркен Қобжанов пен облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов қарсы алды.
– Сіздерді қонақжай Қарағанды жерінде қарсы алып отырғанымызға қуаныштымын. Жапония – біз үшін достық ел. Біз екіжақты қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймыз. Өткен жыл Қазақстан мен Жапония үшін мерейтойлық жыл болды. Яғни, екі ел арасындағы қарым-қатынастың орнағанына – 30 жыл. Сіздер еркінен тыс осы жерде болған жапон әскери тұтқындарының жерлеу орындарына бару миссиясымен келіп отырсыздар. Біз қаза тапқандарды еске алып, көпжылдық дәстүрлерді құрметтейміз, – деді Нүркен Сайфиддинұлы.
Жапондық делегацияны бастап келген Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада мырза делегация құрамында қайтыс болған жапондықтардың туыстары бар екенін айтты. «Қарағанды – біз үшін ерекше мекен» деген ол делегацияны қабылдап, көрсеткен көмек үшін алғысын да білдірді.
Жалпы, соғыстан кейінгі кезеңде Қазақстанда орналасқан жапондық әскери тұтқындардың саны 58 мыңнан асса, Қарағанды облысының аумағында 24 мыңға жуық жапон әскери тұтқыны ҚарЛаг-та болды. Ал, 40-50 жылдары облыс аумағында әскери тұтқындар үшін төрт лагерь, атап айтқанда, №99 Спасск, №37 Балқаш №37 және №39 және №502 Жезқазған лагерлері құрылды.
– Мұрағат мәліметтеріне сәйкес, қайтыс болған әскери тұтқындардың 532-сі – жапондықтар. Олар соғыстан кейінгі Қарағанды мен облыстың дамуына өз үлестерін қосты, – деді облыстық мәслихат төрағасы.
Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігінің өкілі Тосио Конума мырза «Қазақстан» шахтасында болған апатқа байланысты қазақ еліне көңіл айтып, орын алған жағдайға қатысты мәселе жақын арада шешімін табады деген сенімін білдірді.
– Осы жолы делегация құрамында ерлі-зайыпты Ногучилар бар. Ёшиаки Ногучи мырзаның жұбайы – Норико Ногучидың әкесі Қарағанды облысының Көктіңкөлі ауылында қайтыс болған. Біз сол жерде мемориалдық рәсім өткіземіз, – деген ол Көктіңкөлі ауылының әкімдігі тарапынан да көмек көрсетілсе деген өтінішін білдірді.
Тосио Конума мырзаның айтуынша, Қарағанды – жапондықтар ең көп қаза тапқан жер. Бірақ, барлығының жерленген жері анықталмаған. Сондықтан, олар зерттеу жұмыстарын жалғастыруды тоқтатпақ емес.
– Біз Үкіметтен адамдарымыздың жерленген жері туралы ақпарат беретін КСРО кезіндегі құжаттарды алып отырамыз. Сол құжаттар бойынша өткен жылы Шет ауданының Ақшатау кентінен жерлеу орындары табылды. Ал, жалпы зерттеу жұмыстары 1991 жылы басталған, – деді Тосио Конума мырза.
Сегіз адамнан құралған делегация Шет ауданының Көктіңкөлі ауылындағы, Қарабас кентінің маңындағы жерлеу орындарында болады.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz