Руханият

Жалғыздығы – ақынның жан жарасы

Адам өмірге жалғыз келеді, жалғыз кетеді. Ал, шығармашылық адамы іштей үнемі жалғыз. Олар жалғыздықтың шыңына шыққанда, яғни, нақ мәнін ұққанда ғана өздерін толғандырған күрделі сауалдарға жауап бергендей көрінеді. Мәселен, Жалаләддин Руми, Омар Хайям, Қожа Ахмет Ясауи сынды бабалар ізгілік жолында жалғыздықпен дос болды. Дегеніне жетіп, өз биігінде қалды. Бұл жазбамызда Шәкәрім Құдайбердіұлының жалғыздығына үңіліп көрмекпіз.

Шәкәрім жөнінде Мұхтар Әуезов «Абай ақындығының айналасы» мақаласында «Абайдың дәл тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен» ақындар туралы айта келіп: «Мұндай ақын – төртеу – дейді. – Оның екеуі – Ақылбай, Мағауия – Абайдың балалары… Қалған екеуі – Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері, Абайдан аталық, ағалық, ұстаздық тәрбие алудан басқа, оның өлең мен қара сөздерін оқушы әрі таратушы, бағалаушы, тұтынушы болудан басқа, бұлар Абай басшылығымен өз жанынан жыр да жазған… Абай оларға тақырып беріп, өлеңдерін сынайды, түзейді, қалай түзеудің жолын айтады. Дәлін айтқанда, мыналар Абайдың ақын шәкірттері есепті де, Абай алды оларға жазушының мектебі сияқты болады» – деп жазды.

Азан шақырып қойған есімі – Шаһкерім. Қазақ арасында Шәкәрім аталып кеткен. Қазақ ақыл-ойының тарихында өз орны бар біртуар ақын, философ, тарихшы, композитор. Сегіз қырлы, бір сырлы, жан-жақты өнер иесі.

Қажылыққа барып, ол жақта бірнеше мемлекетті аралап, ілім-білім жинап қайтқан. Ол жақтың мәдениетін сынаған тұстары да бар.

Шәкәрім өмірін парақтап отырып, өмірінің соңында ақын елден жырақтап, оңаша елсізге кетіп, оқу, ойлау, жазумен болғаны жайлы дерекке қанық боламыз. Ол елсіздегі Саятқорада жалғыз жатып, өндіріп шығармашылықпен айналысқан. Күрделі сұрақтарға жауап іздеген.

2009 жылы «Abai.kz» порталына шыққан Думан Анаштың «Шәкәрім қажының Сәбит Мұқановқа жазған хаты» тақырыбындағы көлемді мақаласында аталған хат толық берілген. Біз өзімізге керек тұсынан үзінді келтірейік.

«Қырықтан аса бергенiмде: Жан не? Дiн не? Барша ғалам қалай жаралған? Адам жаратушы жағынан не өзiнiң, ар-ынсабы жағынан салынған мiндет бар ма? деген сияқты ылғи дене сезiмiмен сезiлмей iш жаққа, әдетiне, дiнiне, танығанына, құмарына бұрылмай ойлайтын нүктесi – таза ақылмен ғана бiлетiн iстер туралы: дiн, ғылым – ғалым ойшыл философтардың бұл туралы жазған кiтап, айтқан сөздерiн өзiмше сынға алып, дұрыс алып терiс тастанып шығарған қорытындыларымен мен: пәлен пайғамбар, түлен философ, профессор айтты дегенге тоқтап қалмаймын. Өз ақылым қабыл алмағанды кiм айтса да терiс көрем. Бiрақ, ақыл қабыл аларлық дәлел айтса, ол кiм болса да бас ұрам. Мақтанып кеттiң дейдi – мақтан емес, iздегенiм тәмам адам пайдасы болғандықтан, ақылым айтқан ақиқатты айтпай тұра алмайым. Ерiксiзбiн» деп аяқтап, «Мұтылған. (Шәкәрiм Құдайбердiұлы) 1931 жыл» деп қол қойыпты.

Мұндағы «Мұтылған» деуі «Ұмытылған» деген мағына береді және өз атын атауды жөн көрмеген. Оның үстіне, хаттың жазылған уақыты қазақ халқының басына қара бұлт үйірген жалаңдап тұрған жылдар ғой. Біздіңше, хатта ғұлама өзі жазып көрсеткеніндей, өмірді толық түсініп, сол білген-түйгенін еліне, кейінгі ұрпағына мұра етуді мақсат тұтты. Заман болса анау құбылып тұр. Өмір өтіп барады. Бәрі жалған. Өмірдің жалғандығын жан-тәнімен түйсінген қалам иелері ғана қоғамнан алшақтап, өмірін тұтас жазу-сызуға, ғылым-білімге арнайды. Шәкәрім – солардың бірегейі деп білеміз.

Шәкәрім ауқатты әулеттен болса да, өмірінің соңында тұрмыс тапшылығын да тартқан сыңайлы. Осы тұста мына бір дерекке тоқталайық.

«Жергiлiктi ГПУ органдарының аудандық бөлiмшесi Шәкәрiмдi кәдiмгiдей бақылауға алған. Ешқайда кетпеуге, келiп есеп берiп тұруға мiндеттеген. Соңына түсiп алғаннан кейiн Шәкәрiм елсiздегi Саятқораға, оңашалыққа кетедi. Жазған-сызғандарын қайта қарап, өңдеп-түзеп дегендей, өзiмен-өзi таза шығармашылық жұмысына ден қояды. Бiрақ, бәрiбiр Шәкәрiмге маза бермейдi. ГПУ адамдары кiсi жiберiп отырады, соңына адамдар салып қояды. Қайта-қайта сұрауға шақырады. Осының бәрi Шәкәрiмдi қатты құлазытады. Осыдан кейiн Шәкәрiмнiң айналасындағы кейбiр адамдар оған Қытайға кету туралы ұсыныс жасайды. Шәкәрiмнiң «қажы» деген аты бар, қажы бастап барса, ол жақта жақсы қарсы алады, жағдайымыз түзеледi деп жанындағы адамдар оны елден кетуге көндiредi. Көнгеннен кейiн Қытайға кетуге жиналған сапарында соңына қуғын түсiп, оққа ұшты. Шәкәрiмнiң қазасы туралы әңгiме осылай дейдi.

Негiзi, Шәкәрiмнiң материалдық жағдайы қиын болды деуге келмейдi. Ол да үлкен тектi тұқымның өкiлi болды. О кезде байлық мал, төрт түлiк едi. Жұрт алдындағы малын базарға саудалап, ақша қылып, күн көрген. Сондықтан, Шәкәрiмнiң жолын шектеу, жан-жақтан қысым жасау үлкен қиындыққа алып келдi» депті шәкәрiмтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиев жоғарыдағы хатқа пікір білдіре келіп.

Шәкәрім қажының өлеңдерін қарап отырып, Абайдың жырларымен ой үндестігін де байқаймыз. Жалғыздық жөнінде Абай да қалам тербеді. «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деген сөзі афоризмге айналған. Ендеше, Шәкәрімнің жан жалғыздығы хақындағы жырына тоқталайық.

«Жапанда жалғыз жаттым елден безiп,

Жалықсам, аң қараймын тауды кезiп.

Оңашада жатқанды ұнатамын,

Елiмдi ел қылмасын ерте сезiп.

Жауға қатын, жақынға жалмауыздар

Жалықпай көк малтасын жүрсiн езiп».

Алты жол өлеңмен жалғыздық деп аталатын ұғымның сырын ашып береді. Мұнда ақынның бірбеткейлігі, шығармашылыққа адалдығы және елі мен жерін, халқын шынайы сүйетіндігі анық аңғарылады. Өмірдің, күйкі тірліктің малтасын езіп жүретіндерден шаршағанын, елінің жағдайы мүшкіл екенін сезіп, ауыр-ауыр ой кешкенін түсінеміз.

Демек, Шәкәрім қажы кісі қолынан оққа ұшса да, өзі ойлаған жалғыздықты сезіне отырып, біраз дүние тындырып кетті. Соңына қалдырған мол мұрасынан оның қазақ деп соққан жүрегінің лүпілін аңғару қиын емес. Ұлт перзенті бола отырып, адамзаттық тақырыптарға барды. Адамгершілікті, адамдық пен адалдықты бірінші орынға қойды. Қандай биікке жетсе де ғылым арқылы жетті…

Жәлел ШАЛҚАР,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button