Жақсы әйел барша жұрттың анасындай

Қазақ әйелі – отбасының тірлігін, бірлігін сақтаушы, ер азаматтың абыройлы ақылшысы. Қандай қиыншылық болса да соған төзе білген, оны шеше білудің жолын тапқан, отбасылық өзіндік құпиясын сақтай білген. Бұл жағынан өз апамнан бастап, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы аналардың төзімділігі, ерлігі, мінез-құлықтары барша адамзатқа үлгі болып қалды. Бір таңқаларлығы сол аналардың тәрбиесінің арқасында құрбыларымның бәрі де жан-жақты, озық ойлы, қоғамымыздың қай саласында болмасын жемісті еңбек етіп, жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
Бүгінгі әңгіме етпегім – «Арқа еңбеккері» газетінде 30 жыл өмірін бірге өткізген, газеттің әр номерінің мінсіз шығуы үшін аянбай еңбек еткен Ақтоғайлық Күләш Қожабаева туралы. Күләш жұмысқа 1963 жылдың 15-сәуірінде корректор болып орналасады. Ал, 1968 жылы жаңа жылда штаттағы корректордың бірі қысқармақшы болады. Осы жерде 1998 жылы «Арқа еңбеккері» газетіне шыққан Күләштің өз сөзін келтірейін: Редактор С.Ибраев «қалқам, әріп теретін линотип машинасы деген болады, жассың ғой, соның оқуын оқып кел» – деп, қолқа салды, мен келістім. Омыраудағы баламды әке-шешеме тастап, Қарағанды қаласындағы облыстық баспаханада линотипші болып істейтін Нескен Құсайынова деген апайда оқушы болдым. Бес айда оқуымды бітіріп оралдым. 1968 жылы 31 мамыр күні алғашқы рет линотип машинасымен материал тердім. Машина келгенмен жұмысымыз дүрілдеп жүре берген жоқ. Газет жұмысы уақыт кестесіне бағынбайды. Ел қонақтан қайтқанда, біз жұмыс жасап жатамыз. Жұмысқа шақырған соң, амалсыздан нәрестемді қол арбаға салып алып, материал теруге отырдым. Үйдегі азаматы, бірінен кейін бірі өмірге келіп жатқан балалар, пеш жағып, үйді де, малды да жайғап, сиыр сауып, уақытпен есептеспей жұмыста болу – ерлік емей немене?! Сол кездегі барша аналардың берген үлгісі. «Тәрбие үлкендердің үлгісімен дамиды» деген қағида осы.
Ол кезде баспахананың материалдық базасы төмен. Жоғарғы кернеулі тоқ жоқ, баспахананың кішкене электр моторы болатын. Осы қиыншылықтарға қарамай, отбасының да, балаларының да жағдайын жасап, ұйқысыз түндер мен жемісті еңбек етіп, ұжымының сүйіспеншілігіне бөленді. Отағасы Аманкелді Туғанбаев – ұстаз, Нарманбеттей нар тұлғалы ақынды ұзақ жылдар бойы зерттеп, халқымен қайта қауыштырған. Бұл жағынан Күләштің көмегі айтарлықтай. Осы жылдарының бәрінде бірге істеп, жастық шақтарын бірге өткізген жан досы Айша екеуінің достықтары бір төбе. «Күләш өте сауатты, білікті, кешірімді, еңбекқор, адамға көмек беруге дайын тұратын. Өміріндегі кейбір қиыншылықтарға төзіммен, байыппен, кешірімділікпен қараған жан», – дейді Айша. Мектеп бітіргеннен кейін Күләш Ақтоғайда, біз Шұбартауда болдық. Қарағандыға келгеннен сырлас, сыйлас ескі достармыз. Қазақи мінезді, үлкен жүректі, ақ ниетті, мейірімді, әрі көпшіл, тамақты да дәмді істейтін, тоқыма да тоқып, іс те тігетін. Әсіресе, ұсақ құрақты адамның көзі түсетіндей, қызығатындай құрайды.
Күләш еңбек еткен ұжымына да, туған-туыс, жолдас-жораларына, ауылдастарына, барша жұртқа қуаныш сыйлауды парызым деп есептейді. Алланың бергеніне тәубешілік етіп, 6 бала тәрбиелеп, бәрі де жоғары білім алған. Әрқайсысы өз мамандығы бойынша тәуелсіз елдің тұғыры берік болуына септігін тигізуде.
Өміріндегі жұмысына адалдығы, газет шығарудағы, таңға дейін қалып еңбектенген, шексіз шыдамдылығына таң қаласың. Алғаш рет Ақтоғайда линотип машинасымен жұмыс істеген адам. Өкініштісі, Ақтоғайдан шығатын кітап, газеттерде бір рет те аты аталмай кеткені. «Жақсы әйел барша жұрттың анасындай» деген осы.

Манат ӘБЕНОВА,
ардагер ұстаз.
Қарағанды қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.