"Сұлушаш"

Қыран қыз


Ардана – Қарағанды облысы, Осакаровка ауданы, «Молодежный» кентінің тумасы. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әскери ұшқыш болуды армандаған қаршадай қыз ҚР Азаматтық авиация академиясына түсіп, жеңіл моторлы жаңа «ТЛ-2000», «Diamond-42» және «Techam-P 2002» ұшағын меңгерді.
Ардана «АН-26» әскери-көлік ұшағы экипажы командирінің көмекшісі болып еңбек жолын бастады. Қазір ол Балқаш қаласындағы №53898 әскери бөлімшеде әскери қызмет атқарады. Ардананың айтуынша, ұшқыш болуына ата-анасы қарсы болмаған, қайта қолдаған.
Ал, Балқаш авиация орталығының бастығы, полковник Тимур Еспағанбетов былай дейді:
– Оны осындай биікке көтерген өр мінезі екендігіне ешбір күмәнім жоқ. Әлі есімде, Ардана алғашқыда Ақтөбедегі ұшқыш даярлайтын әскери училищеге түспекші болған. Алайда, ол оқу орны қыз баланы оқытпайтын. Оның бұл қадамы сол кезде қисынсыз көрінген.
Ал, Азаматтық авиация академиясына түскен Ардана әскери ұшқыш болу арманынан айнымады. Сол арман оны жылдың басында біздің орталыққа алып келді. Өзі жеке ұшқанға дейін «Л-39» оқу-әскери ұшағымен 48 рет көкке көтеріліп, ұзын-ырғасы 12 сағат ұшты. Барлық техниканы қысқа мерзімде үздік меңгеріп алды.
Бірде оған білімінің терең әрі ағылшын тілін жетік білетінін алға тартып, азаматтық авиацияда жалақысы ең жоғары маман болуға толық мүмкіндігі бар екенін ескерттім. Сонда ол арман ақшамен өлшенбейтінін ашық айтты. Арманға адалдық осындай-ақ болар?!
Айта кету керек, Ардана Ботай – Қазақстанның Әскери-әуе күштері тарихында алғаш рет «Л-39» ұшағының штурвалын ұстаған тұңғыш әскери ару. Қыран қызды қазірдің өзінде Ұлы Отан соғысы кезінде штурман-атқыш болған Хиуаз Доспанованың ізбасары деп атай бастады.

БАЛҚАШ қаласы.

Әлібек Әбдіраш

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button