Рухани жаңғыру

Жаңашылдық бастауы

      – Жаңа әліпби  ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады, – дейді аймағымыздағы ірі техникалық жоғарғы оқу орнының студенттері. Жақында ҚарМТУ ұжымы Елбасы жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің қолданысқа енуі жөніндегі ресми құжатты талқылап, өзара пікір алмасу мақсатында студенттер мен оқытушылардың кездесуі өтті. Оған білім ордасының 180-нен астам студент қатысты.

Басқосу барысында студенттер бұған дейін өздері оқып танысқан Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы сияқты бірқатар маңызды құжаттарда қарастырылған маңызды мәселелер төңірегінде ой бөлісті. Олардың пікірін тыңдап, ел тарихында жасалып жатқан  реформаларға қатысты жасалған мемлекеттік құжаттарды университет оқытушылары Жайдары Мұсаева және  Қайыр Тлеуғабылова түсіндірді. Оқытушылар қазақ әліпбиін өзгерту идеясы алғаш рет 2012 жылғы желтоқсан айында жарияланғанын, «Қазақстан–2050» стратегиясында сөз болғанын айта келіп, жастарға мағлұмат берді.

– Бүгінде университетімізде мемлекеттік бағдарламалар бойынша Ауғанстан, Қытай, Өзбекстан және Моңғолия елдерінен келген жастар білім алып жатыр. Атамекенге қайта оралу ниетімен де оқуға түсіп жатқан жастар жетерлік. Дегенмен, олардың көбі қазақ тілінде сөйлегенімен кириллицаға шорқақ. Алғашқы бір жылын кириллицада оқып-үйрену үшін қаріп танумен өткізеді. Бұл уақыт жағынан білім бағдарламасын меңгертуде ұтылуымызға әкеліп отыр.  Оның үстіне бүгінгі компьютерлік техника заманында интернет жүйесінде латын әліпбиі үстемдік ететінін мойындауымыз керек.   Сондықтан, заман талабына сай тілімізді дамыту және әлемге таныту мақсатында жасалып жатқан бұл әрекет өте дұрыс әрі дер кезінде қабылданған шешім, – деді  Жайдары Мұсаева.

Студенттер еркін пікір алмасу алаңында мектептегі оқулық тапшылығын, мектеп жасындағы балаларға және егде жастағы азаматтарды жаңа әліпбиді үйрету үшін мемлекет тарапынан қандай шаралар ұйымдастырылмақшы деген сияқты әлеуметтік ортада тарап отырған жан-жақты пікірлердің дұрыс-бұрыстығы турасында өз тұжырымдарын білдірді. Олар латын әліпбиіне қазақ тілін көшіру турасында талқылаулар басталғалы бері  гуманитарлық пәндер бойынша сабақтарда эссе, көрсетілім жасау кезінде жаңа әліпби нұсқасын қолдануға машықтанып жүргенін айтты.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button