Бас тақырыпРухани жаңғыру

Тарих тамыры – Талдыда

Жұма күні таң ата Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан 4 «Sprinter» көлігі Шет өңірін, оның ішінде, тарихы терең Талдыны бетке алды. Жай емес. Талдыдағы тарихи ескерткіштерді, археологиялық қазба жұмыстары жүрген орындарды көзбен көру және жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, танымын тереңдету мақсатында. Иә, қаладағы мектеп оқушылары, студенттер – экспедцияның негізгі құрамы. Сондай-ақ, тарихшы ғалымдар, ұйымдастырушы тарап және БАҚ өкілдерінің өзі тамаша сапардан қанаттанып қайтты. Жол түйінделер сәттегі сапарластардың айтқан салмақты пікірлерінен кейін сенімді жеткізіп отырмын.

Әуелі Талды ауылының маңындағы Сеңкібай би Оразғұлұлы кесенесіне соғып, баба рухына тағзым етіп, тарихымен таныстық. Қайсар рухты бабамыз кезінде Абылайхан әскерінің барлаушылар мыңдығын басқарған. Ел ішінде билік айтып, халқының құрметіне бөленіп, әділдігі, парасаттылығы, көріпкелдігі үшін Биата, Сеңкібай әулие атанған екен.

Одан кейін тарихшылар бастаған топ би мазарынан аса қашық емес «Табылды» қорымына алып келді. Бұл жерде белгілі ғалым, археолог Игорь Кукушкин зерттеу жүргізіп, тарихи орынның қола дәуіріне тиісті екенін анықтаған. Қазба жұмыстарының нәтижесінде екі жылқының және әйел адамның сүйектері, бір жарым орам сырға, басқа да алтынмен апталған әшекей бұйымдар табылған.

Одан кейін Талды өзенінің бойындағы қола дәуіріне жататын ежелгі «пирамидаға» ат басын тіредік. Мұнда біраз аялдадық. Өйткені, жастардың қызығушылығы артып, сұрақтарды төпелеп қойып жатты тарихшыларға. Иә, балалар тегін таңырқамаған екен. Қаражартас қорымы маңынан табылған «пирамида» құрылысы бұрын еш жерде кездеспеген. Қолданған тастардың өзі түп-түзу, төртбұрыш. Бұл алғашқы мемлекет құруға жақын кезең, қола дәуірінің соңындағы сақтар болуы мүмкін дейді тарихшылар.

«Бұл қорған бірыңғай тастан тұрғызылған. Диаметрі 21 метр болса, биіктігі 2 метрге жетеді. Оның ерекшелігі де осында. Себебі, қорым көбіне-көп тас пен қара топырақтан тұрғызылатын еді. Мұнда ондай жүйе сақталмаған. Екіншіден, қорған құрылымы сақталған. Яғни, мәйіт жерленетін қорымды қоршап тұрған шағын 3 тас қоршау бар. Үшіншіден, үш қалақты жебе ұшы (қола), тас қайрақ және қыш бұйымдар қалдығы (38 дана) қабірден тыс аумақта табылды. Бұл да өте қызықты жайт», – деді Игор Кукушкин.

Келесі аялдама – Қаражартас-2 қорымы. 1 айға созылған қазба жұмыстары кезінде үш қырлы жебенің ұшы, тасқайрақ, 42 керамика фрагменті табылған. Бұл тарихи орын ерте темір дәуіріне жататыны белгілі болған. «Оның диаметрі21 метр де, биіктігі 2 метрге жуық. Екіншіден, бұл қорғанның сыртқы құрылысы күні бүгінге дейін жақсы сақталған бірнеше қоршаудан тұрады. Тағы бір ерекшелігі, табылған заттар қабір шұқырынан шыққан жоқ. Керамика ерте темір дәуіріне жатады. Бұл жерден адамның сүйектері табылмады. Яғни, жерлеу керек-жарақтарсыз және адам сүйегінсіз болып шықты. Қорым таза тастан салынған. Күн сәулесі іспеттес символикалы. Бұған дейін қорған тоналған. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына да 1 ай уақыт кетті», – деді археолог Дархан Шашенов.

Қотыртас қорымы да тарих тереңінен сыр шертеді. Тарихшылардың айтуынша, бұл жерден 2 адам сүйегі табылған. Және қазба кезінде әртүрлі тереңдікте керамика ыдыстары мен жануарлардың сүйегі кезіккен. Тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі археолог Арман Бейсеновтің басшылығымен қазылған Бүйректі патша қорғанына да соқтық. Бұл жерден ұсақ алтын әшекейлер, темір балта, керамика ыдыстары, темір ыдыстың сынықтары табылды. Археологтардың пайымдауынша бұл қоныс та ерте темір дәуіріне жатады. Ақкезең – Беғазы-Дәндібай археологиялық мәдениетінің кейінгі қола дәуірдегі қонысы. Зерттеу нәтижесінде қалашық, яғни ежелгі қаланың қалдықтары деген болжам айтылды. «Тас жылтыратқыш аспаптар және қыш фрагменттері табылды. Сондай-ақ, қола бұйымдар табылды: жебенің үш ұшы, шотбалта, екі пышақтың сынықтары, үш сақина, дөңес айылбастар, қола шегелер, орақтың сынықтары», – деп Ақкезең тарихынан сыр шертті жас археолог Әділ Макен.

Экспедиция мүшелерін тағы бір таңырқатқан тарихи орын – Көктерек «мұртты» қорған кешені. Бұл аумақта былтыр маусым-шілде айында музейдің археологиялық тобы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіпті. Археолог Әділ Макен былай түсіндіре кетті: «Мұнда жануарлардың сүйектері табылды. Біздің пайымдауымызша, салт-дәстүрлер өтетін орын екені байқалады. Шамасы, жерлеу рәсімдері өткізілген секілді», – деді. Ақбауыр көне түркі ғұрыптық қоршаулары мен Талды-1-ге табанымыз тиіп, сапар соңы сол жерде түйінделді. Экспедиция мүшелері алған әсерлерімен бөлісті. Әсіресе, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Ержан Нұрмағанбетов мұнымен тоқтап қалмай, тарихи орындарға жиі сапарлап тұру керегін айтып, оқушыларды һәм оқытушыларды қуантып қойды.

– Жалпы, Қарағанды облысы археологиялық қазба жұмыстары бойынша алда келеді. Міне, Қарағанды іргесіндегі осы тарихи орындарды оқушыларға таныстыруды мақсат еттік. Бүгін көптен бері ойда жүрген мақсатымыз орындалды. Енді, бұл экспедцияны жиілетуді жоспарлап отырмыз. Ұлытау аймақтарына бару ойда бар. Балаларды құр оқытқаннан бөлек, туған жердің тарихымен осылай таныстырсақ ұтымды болады деп ойлаймын, – дейді мұражай басшысы.

«Тарих пәнін мектепте қанша оқып жүргенімізбен, дәл бүгінгі сапардағыдай түйсінбеппіз. Біз көзбен көрдік. Тарихшы ағалардың әсерлі әңгімесіне құлақ түрдік. Әсер керемет. Мұны жүрген жерімізде айтып жүретін болдық. Тағылымды сапарға баруға мүмкіндік берген мектеп мұғалімдеріне үлкен алғыс айтамын. Тіпті, археология ғылымына қызығып кеттім. Жалпы, тарихты білу әр азамат үшін парыз деп ойлаймын», – деген пікірімен бөлісті Дарын мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Мирас Төкенов.

Жалпы, барлық оқушылар экспедицияны оң бағалады, ойларын ортаға салды. Әлеуметтік желіге сапардатүскен фото-видеоларын жүктеп, Талды тарихын насихаттайтындарын айтты жас белсенділер. Әрине, бұл қадамдарына біздің ішіміз жылып қалды. Өзара пікір алмасқан соң, көлігімізге жайғастық. Балалар сапардағы әсерін ата-аналарына телефон арқылы жеткізуде. Ал, енді біреулері әлеуметтік желіге жүктеп мәз. Біз қалаға белгіленген уақыттан екі сағатқа кешігіп келдік. Бірақ, бұған алаң ата-ананы және балаларды байқамадық. Иә, балаларының тасқаладан жырақ шығып, тарлан тарихпен сусындап келетініне көңілі тоқтығынан ғой. Сонымен, бір күндік сапар сәтті түйінделді деген ұйғарыммен үйімізге тарқастық. Иә, Арқа төсі небір тылсым сыр мен тарихи тұрғыдағы баға жетпес қазыналар құпиясын бауырына басып жатыр. Бұған соңғы жылдары археологтардың түрлі қорымдарды жиі таба бастауы нақты дәлел бола алады. «Талды тарихи-археологиялық паркі» атты экспедиция барысында көзіміз толық жетті.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО.

Басқа материалдар

Back to top button