«Заң мен тәртіп»: Қарағандыда ECO FEST экологиялық фестивалі өтті
Қарағандыда ECO FEST – «Заң мен тәртіп» экологиялық фестивалі ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғау идеясы аясында әртүрлі жастағы қала тұрғындарының басын қосты.

Фестивальдің басты іс-шараларының бірі пластик бөтелкелерді жинау акциясы болды. Қала тұрғындары бастамаға белсенді қатысып, пластик қалдықтарын қайта өңдеуге тапсырды. Ынталандыру ретінде қатысушылар өткізген бөтелкелерінің санына қарай балмұздақ, кинотеатр, хайуанаттар бағы және Орталық саябақтағы балалар теміржолына жолдамалар алды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, акция барысында 8 мыңнан астам балмұздақ таратылып, кинотеатрға, хайуанаттар бағына және балалар теміржолына 1000 билет үлестірілді.

Фестиваль бағдарламасы аясында «Қаладағы заң мен тәртіп» атты танымдық квест те өтті. Оның басты кейіпкері – Конституцияның символдық бейнесі саналатын Парасат үкісі болды.

Қатысушылар ойын форматында экология, азаматтық жауапкершілік және заң талаптарын сақтау тақырыптарына арналған түрлі тапсырмаларды орындады.

Іс-шара Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен «Заң мен тәртіп» идеологиясы және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті.

– Экофестиваль – жай ғана экологиялық акция емес, бұл жастарға қалаға деген жанашырлықтың әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын көрсететін алаң. «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» бастамалары аясында біз адамдарды тазалық, қоршаған ортаға құрметпен қарау және белсенді азаматтық ұстаным сияқты қарапайым, бірақ аса маңызды құндылықтар төңірегіне біріктіріп келеміз. Жиналған әрбір қап қоқыс, қайта өңдеуге тапсырылған әрбір пластик бөтелке және егілген әрбір ағаш – Қарағандының болашағына қосылған нақты үлес. Таза қала – бәрімізге ортақ іс, – деді Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы жетекшісінің м. а. Заңғар Серіков.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ECO FEST тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа ұқыпты қарауды дәріптеуге, экологиялық жауапкершілікті арттыруға және қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



