«Новый город – 2» мен «Британский квартал» тұрғын үй кешендерінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ
Қарағанды қаласындағы құрылысы проблемалы екі тұрғын үй кешені – Дюсембеков көшесіндегі «Новый город – 2» және «Оазис» шағын ауданындағы «Британский квартал» тұрғын үй кешендері Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының тұрақты бақылауында. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айдын Смағұлов мәлімдеді.

Оның айтуынша, құрылыс салушы компаниялармен нысандарды аяқтау бойынша нақты жұмыс кестесі бекітілген. Екі тұрғын үй кешенінің құрылысын биылғы жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Брифинг барысында басқарма басшысы 2026 жылдың алғашқы алты айындағы атқарылған жұмыстардың қорытындысын да жариялады. Осы кезеңде құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы 597 хабарлама қабылданған. Сонымен қатар құжаттардың талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты 331 жағдайда рұқсат беруден бас тартылған.
Сондай-ақ нысандарды пайдалануға қабылдау жөніндегі 918 акті қаралып, олардың 53 пайызы мақұлданған.

Есепті кезеңде мамандар 39 тексеру жүргізіп, анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берген. Нәтижесінде бірқатар құрылыс компаниялары лицензияларынан айырылып, кейбірінің лицензияларының қолданылуы уақытша тоқтатылған.
Айдын Смағұлов 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Құрылыс кодексіндегі негізгі өзгерістерге де тоқталды. Енді Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау инспекторлары нысандарды пайдалануға қабылдау рәсіміне қатысып қана қоймай, құрылыс жұмыстарының барлық кезеңінде бақылау жүргізе алады.
Сонымен қатар техникалық қадағалау ұйымдарының жауапкершілігі күшейтілді. Жаңа талапқа сәйкес олардың мамандары құрылыс алаңында күн сайын болып, орындалатын жұмыстардың сапасын тұрақты бақылауға міндетті.
Жаңа өзгерістердің бірі – тұрғын үйлерге берілетін кепілдік мерзімінің ұзаруы. Енді жаңа салынған тұрғын үйлерге кемінде бес жыл кепілдік беріледі. Ал ғимараттың негізгі көтергіш конструкциялары, шатыры мен қасбеттеріне арналған кепілдік мерзімі пайдалануға берілген күннен бастап кемінде он жылды құрайды.
Басқарма басшысы тұрғындарға салынып жатқан үйден пәтер сатып алмас бұрын құрылыс салушының барлық қажетті рұқсат құжаттарының бар-жоғын Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы арқылы тексеруге кеңес берді.
Қосымша ақпарат пен кеңес алу үшін тұрғындар (8-7212) 21-32-06 жедел желі телефонына хабарласа алады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



