ҰБТ-2026: Қарағанды облысында 10,5 мың талапкердің 77%-ы шекті балл жинады
Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңінің қорытындысы шығарылды. Қарағанды облысында ҰБТ-2026 сынағына шамамен 10,5 мың талапкер қатысты. Қатысушылардың жартысынан астамы тестілеуді қазақ тілінде тапсырса, 46%-ы орыс тілін таңдаған, ал тағы 10 талапкер ағылшын тілінде тест тапсырды.

2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалды: талапкерлер үш міндетті және екі бейіндік пәннен сынақ тапсырды.
Тестілеу қорытындысы бойынша шекті балдан шамамен 8 мың қатысушы өтті. Бұл жалпы тест тапсырғандардың 77%-ын құрайды. Өңір бойынша бес пәннің орташа нәтижесі 68 балл, ең жоғары көрсеткіш 137 балл болды.
Тестілеуге ерекше білім беру қажеттіліктері бар 38 талапкер қатысты. Олар үшін ҰБТ-ны жайлы әрі кедергісіз тапсыруға мүмкіндік беретін арнайы жағдайлар жасалды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, Қарағанды облысында ҰБТ өткізу барысында 33 заң бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 22 талапкер аудиторияға смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет жасағаны үшін тестілеуге жіберілмеді. Тағы 11 адам емтихан кезінде ереже бұзғаны үшін шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Қатысушылардан смарт-сағаттар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған құрылғылар тәркіленді. Тестілеуге бөгде адамдардың қатысу деректері анықталған жоқ.
31 қазанға дейін тестілеу пункттеріндегі бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ереже бұзу фактілері анықталса, ҰБТ нәтижелері де жойылады.
Қазіргі уақытта мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау жалғасуда. Өтініштерді 20 шілдені қоса алғандағы мерзімге дейін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалды комиссиялар арқылы, сондай-ақ eGov.kz порталы арқылы беруге болады.
Конкурсқа қатысу үшін жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, білім туралы құжат, фотосурет, сондай-ақ болған жағдайда жеңілдіктерге құқық беретін құжаттар ұсынылуы қажет.
Мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА


