Жаңарған Ата заң – жаңғыру
1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. Жаңарған Ата заң – елдің құқықтық негізін айқындайтын басты құжат қана емес, қоғам дамуының жаңа кезеңін белгілейтін маңызды қадам. Ол преамбуладан, яғни, мемлекеттің басты құндылықтары мен мақсаттарын айқындайтын кіріспеден, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Конституцияның 77 бабы жаңартылып, төрт бөлімнің атауы өзгертілді. Бұған қоса, «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілді.

2026 жылғы 15 наурыз ел тарихында осындай маңызды белестердің бірі болып қалды. Референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Жалпыхалықтық дауыс беруге 9 миллионнан астам азамат қатысып, олардың 87,15 пайызы жаңа Ата заң жобасын қолдады. Ал, 1 шілдеден бастап жаңа Конституция толық көлемде күшіне енді.
Ата заңның жаңаруы қоғамның саяси-құқықтық жүйесіндегі елеулі өзгерістермен қатар жүрді. Ең бастысы – Конституцияның өзегінде адам, оның құқығы мен бостандығы, мемлекет алдындағы жауапкершілігі тұр. Мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру, азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейту, құқықтық айқындықты күшейту секілді ұстанымдар жаңа конституциялық кезеңнің мазмұнын айқындайды.
Жаңа Конституциядағы өзгерістердің бірі – мемлекеттік билік жүйесінің жаңаруы. Бұған дейінгі екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай институты енгізілді. Оның құрамына 145 депутат кіреді, өкілеттік мерзімі – бес жыл. Сонымен қатар, вице-президент институты қайта енгізіліп, консультативтік орган ретінде Халық Кеңесі құрылды. Бірақ Конституцияны тек мемлекеттік құрылымдардың өзгеруімен өлшеу жеткіліксіз. Өйткені, Ата заң – ең алдымен азамат пен мемлекеттің арасындағы құқықтық байланысты бекітетін құжат.
Мәселен, жаңа Конституцияда адамның құқықтарын қорғауға қатысты бірқатар маңызды нормалар нақтыланды. Ұсталған азаматқа оның құқықтарын түсіндіру міндеті бекітілді. Мемлекеттік органдардың заңсыз әрекетінен келген зиянды өтеу нормасы енгізілді. Еңбек ету құқығы да жаңа деңгейде нақтыланып, мемлекет тарапынан жұмыспен қамту кепілдігі қарастырылды. Цифрлық деректерді қорғау, зияткерлік меншік, экология және еріктілік секілді бүгінгі қоғам үшін өзекті мәселелер де конституциялық деңгейде көрініс тапты.
Конституцияның үстемдігі әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмысынан, әрбір азаматтың өз құқығы мен міндетін білуінен, сот пен құқық қорғау жүйесінің әділдігінен, қоғамның заңға деген құрметінен көрінуі тиіс.
Бүгін біз жаңа Конституция туралы айтқанда, шын мәнінде Қазақстанның қандай мемлекет болатыны туралы сөз қозғаймыз. Құқық пен жауапкершілік қатар жүретін, азаматтың үні естілетін, мемлекеттік институттар халық алдындағы міндетін терең сезінетін қоғам құру – Ата Заңның басты мұратының бірі.
Ата заң жаңарды. Ендігі міндет – оның рухын қоғам өміріне орнықтыру.
Аида РАХЫМҚҰЛ
Ortalyq.kz



