Қарағанды облысында өрт қауіпсіздігі бойынша онкүндік басталды
Қарағанды облысында тұрғын үйлердегі өрттің алдын алуға бағытталған профилактикалық онкүндік басталды. Мамандар тұрғын үйлерді аралап, жылыту пештері мен мұржалардың жағдайын тексеріп, өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіруде.

Іс-шараға облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Манарбек Шапағатов, департаменттің жеке құрамы, газ және энергетика саласының өкілдері мен еріктілер қатысуда.
Профилактикалық жұмыстар барысында мамандар үй иелеріне өрт дабылы және иіс газын анықтайтын датчиктердің маңызын түсіндіреді. Қажет болған жағдайда арнайы құрылғылар орнатып, мұржаларды тазартады.
Онкүндік басталғалы 566 тұрғын үй қамтылып, 1 717 адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 29 үйдің мұржасы тазартылып, 33 үйге иіс газын анықтайтын датчик орнатылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрмыстық өрттердің алдын алу, жылыту маусымында қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау және тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғау.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды пештерді пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға және мұржаларды уақытылы тазалап отыруға шақырады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



