Дала ырысы – ел игілігі
Диқанның ала жаздайғы еңбегі қамбаға астық болып құйылады. Малшының маңдай тері дастарқанға ет пен сүт болып келеді. Осы аралықта жердің күтімі, шаруаның табысы, өнімнің сапасы, тұтынушының мүмкіндігі тоғысады. Сондықтан, ауыл шаруашылығының ахуалын жиналған өніммен ғана бағалау жеткіліксіз. Жаңа Конституциядағы халықтың әл-ауқаты, меншікке жауапкершілік және еңбек құқығы туралы қағидаларды ауыл тіршілігімен сабақтастырғанда да осы тұтастық алға шығады.

Мәселен, Жаңа Конституцияның 8-бабында жер мен табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екені бекітілген. Сонымен бірге, меншікті пайдалану қоғам мен мемлекет мүддесіне сай келіп, қоршаған ортаны қорғау талаптары сақталуға тиіс.
Диқандылықтың есебі гектар санымен аяқталмайды. Топырақтың тозуы, ылғалдың тапшылығы, тұқым сапасы келесі маусымның нәтижесіне әсер етеді. Сондықтан, ауыспалы егісті сақтау, жер жағдайына лайық дақыл таңдау, агротехникалық шараларды уақтылы жүргізу – шаруашылықтың ұзақ мерзімді мүддесі. Қара жерге ұқыптылық таныту арқылы ғана еңбек пен қаржының қайтарымын тұрақтандыруға болады.
Мал шаруашылығында да осындай байланыс бар. Биыл жемшөп дақылдары егілген алқап 20 пайызға жуық ұлғайып, 206 мың гектардан асқан. Жемшөп қоры жеткілікті шаруашылық қыста қамықпайды. Ал, азық тапшылығы малдың күйіне, сүттің көлеміне, өнімнің өзіндік құнына салмақ салады. Демек, ет пен сүт өндірісін ұлғайту мәселесін жайылымнан, шабындықтан және жемшөп алқабынан бөлек қарастыруға келмейді.
Мұнда ауыл тұрғындарының күнделікті қажеті де ескерілуге тиіс. Өндірісті кеңейту мен жеке шаруашылықтардың мал бағу мүмкіндігі өзара үйлескенде ғана жердің игілігі ауылға кеңірек тарайды. Жерге қатысты шешімнің әлеуметтік салмағы осында.
Мол өнім өсіру – істің бір бөлігі. Оны сапасын жоғалтпай сақтап, тиімді өткізу де соншалықты маңызды. Соған орай, облыстағы астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 1,44 миллион тоннаға жеткен. Картоп пен көкөніс қоймалары 358 мың тоннаға жуық өнім сақтауға қауқарлы.
Қойманың шаруашылыққа берер пайдасын қарапайым мысалмен түсіндіруге болады. Өнімін сақтай алмайтын диқан оны орақ аяқталған бойда өткізуге асығады. Ал, сақтау жағдайы бар өндіруші сатып алушымен келісуге, тасымалды жоспарлауға, өнімін кезең-кезеңімен сатуға мүмкіндік алады. Бірақ, мұның бәрі қойманың техникалық жағдайына, қызмет ақысына және шаруашылыққа қаншалықты қолжетімді екеніне байланысты.
Сондықтан, қамбаның көлемімен қатар, кептіру, тазалау, сапаны тексеру, тиеу және тасымалдау қызметтері де назарда болғаны жөн. Әсіресе, шағын шаруашылық үшін осындай қызметтердің бір жерден табылуы уақыт пен шығынды үнемдеуге көмектеседі. Өндірілген азықтың ысырабын азайту тұтынушы мүддесіне де қызмет етеді.
Конституцияның 29-бабында кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне кепілдік беріліп, жосықсыз бәсекеге тыйым салынған. Аграрлық салада бұл қағиданың нақты мәні – шаруаның нарыққа шығуына әділ жағдай жасау. Қаржыландырудан бастап қойма мен сауда орнына дейінгі мүмкіндіктер түсінікті әрі қолжетімді болғанда, өндірушінің ертеңге сенімі артады.
Биылғы алғашқы он айдағы қорытындыда 79,4 мың тонна ет, 192,5 мың тонна сүт өндірілгені көрсетілген. Ендігі маңызды міндет – осы өнімнің өңір ішінде өңделіп, ауыл тұрғынының табысына айналу мүмкіндігін кеңейту.
Бұқар жырау ауданындағы Үштөбе ауылы бұған нақты мысал бола алады. «DG-сүт» кооперативінің 50-ге жуық жеке шаруашылықты біріктіргені айтылған. Сол уақытта цехта 11 адам еңбек етіп, тәулігіне бір тонна сүт өңделген. Май, қаймақ, сүзбемен қатар, жұмсақ ірімшік пен құрт шығарылып, өнім балабақшаларға, мектептерге және өзге де мекемелерге жеткізілген.
Ет өндірісінде де мал өсірумен қатар, ветеринариялық бақылау, сою, салқындату, сақтау және жеткізу қызметтері үйлесуі қажет. Өнеркәсібі дамыған Қарағанды өңірінде ауыл өндірушісі мен қалалық тұтынушы арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік бар.
Ауылдағы жұмыстың сапасы да назардан тыс қалмауға тиіс. Конституцияның 27-бабындағы қауіпсіз еңбек жағдайы мен еңбекақыға қатысты кепілдіктер малшыға да, механизаторға да, өңдеу цехының жұмыскеріне де ортақ.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



