Жаңалықтар

Жолдау міндеттері әкімдік жұмысына қалай енеді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, өңірлердің дербестігін нығайту және халықтың өмір сапасын жақсартуға басымдық беріп келеді. Бұл міндеттерді орындауда әкімдіктердің жауапкершілігі жоғары. Республикалық деңгейде белгіленген басымдықтар ең алдымен өңірлердегі нақты жобалар мен күнделікті атқарылатын жұмыстар арқылы жүзеге асады.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Жергілікті атқарушы органдар жұмысының маңызды бағыттарының бірі – инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту. Бұл тұрғындарды сапалы ауызсумен, жылумен, электр энергиясымен қамтамасыз ету және елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті жағдай қалыптастырумен тікелей байланысты.

ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсының мәліметінше, 2026 жылы Қарағанды облысында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу мен дамытуға шамамен 71,2 млрд теңге қарастырылған. Оның есебінен 91,4 шақырым электр желісін реконструкциялау және жаңғырту, 12,3 шақырым жылу желісін жаңарту, 280 шақырымға жуық су құбыры мен кәріз желілерін салу және қайта жаңғырту жоспарланған.  Автомобиль жолдарын жөндеу де өңірдің көлік қатынасын жақсартуға бағытталған маңызды міндеттердің бірі. 2026 жылы жол саласын дамытуға 61,3 млрд теңге бөлініп, жалпы пайдаланымдағы 643 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Оның 340 шақырымы республикалық, 90 шақырымы облыстық, 213 шақырымы қалалар мен аудандардағы жолдарға тиесілі. Нәтижесінде нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін 97 пайызға жеткізу көзделген.

Президент көтерген тағы бір маңызды бағыт – энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту. Бұл мәселе өндірістік әлеуеті жоғары Қарағанды облысы үшін өзекті. Өңірдегі жылу және электр желілерінің жай-күйі, коммуналдық ресурстардың шығыны мен энергия тиімділігі тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Осы бағытта елімізде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2026 жылғы 13 тамызда Қарағандыда өткен жобалық кеңсенің көшпелі отырысында облыстағы жұмыстардың барысы да қаралды.

Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылдан бері электрондық платформаға Қарағанды облысы бойынша жалпы құны 134 млрд теңге болатын, ұзындығы 420,6 шақырымды құрайтын 30 жоба енгізілген. Оның ішінде, 14 жоба бойынша 83,4 млрд теңгеге 151,3 шақырым инженерлік желіні қамтитын құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатқан. 2027 жылға арналған құны 45,3 млрд теңге болатын, ұзындығы 84 шақырымды құрайтын тағы 12 жоба енгізілген. Жобаның маңызды тетіктерінің бірі – коммуналдық ресурстарды цифрлық есепке алу. Яғни су, жылу және электр энергиясын тұтыну көлемін нақты тіркейтін есептеу құралдарын енгізу арқылы шығынды азайту көзделеді. Бұл ресурстарды үнемдеуге ғана емес, коммуналдық кәсіпорындар жұмысының ашықтығын арттыруға да ықпал етеді. Дегенмен, инфрақұрылымды жаңғыртуда қаржы игеру көрсеткішінен бөлек, желілердің тозу деңгейі қаншалықты төмендегені, апат санының азайғаны және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасының өзгергені де бағалануы тиіс.

Жергілікті басқару жүйесін жаңғыртудың келесі бағыты – цифрландыру. Бүгінде бұл тек мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшірумен шектелмейді. Ол қалалық инфрақұрылымды басқару, қоғамдық қауіпсіздік, көлік қозғалысын реттеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мәселелерді жедел анықтау секілді міндеттерді қамтиды. Қарағанды облысында 2030 жылға дейінгі ақылды қалаларды дамыту стратегиясы мен цифрлық трансформация картасы бекітілген. Өңірде денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, экология, құрылыс, мәдениет және туризмді қамтитын 10 басым бағыт айқындалған. Осы бағыттар бойынша 50 жаңа цифрлық жобаны іске асыру қолға алынған.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкий цифрлық шешімдердің бірқатары қолданысқа енгізілгенін айтқан. Сондай-ақ 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды қаласы ұлттық Smart City рейтингінде төртінші орынға ие болған.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де жергілікті басқару жұмысының ауқымын аңғартады. Президенттің 2026 жылғы 2 қарашадағы Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде ұсынылған мәліметке сәйкес, тоғыз айдың қорытындысында өңір экономикасы 2,9 пайызға, өнеркәсіп өндірісі 4,9 пайызға өскен. Машина жасау саласындағы өсім 26,2 пайызды құраған. Сонымен қатар, 2032 жылға дейінгі инвестициялық портфельге жалпы құны 7 трлн теңге болатын 186 жоба енгізілген. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 36 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Соңғы үш жылда ауылдық жерлерде 92 денсаулық сақтау нысаны мен 13 мектеп салынғаны да өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі.

Жолдауда белгіленген міндеттердің жергілікті деңгейде орындалуы – жүйелі басқару үдерісі. Оның нәтижесі жаңартылған жолдан, сапалы ауызсудан, үздіксіз жылудан, қолжетімді цифрлық қызметтен және жаңа жұмыс орындарынан көрінуі тиіс. Демек, әкімдік жұмысының басты өлшемі – есептегі көрсеткіш емес, тұрғын күнделікті өмірінде сезінетін өзгеріс.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
“Ortalyq.kz”

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button