Теміртаудың жаңа келбеті: өндірістен өмір сапасына дейін
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы технологиялық жаңғырту, отандық өндірісті дамыту, инфрақұрылымды жаңарту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру міндеттеріне басымдық берді. Бұл бағыттар Теміртау үшін айрықша маңызды. Өйткені, өнеркәсіптік қаланың болашағы тек өндіріс көлемімен емес, экологиялық ахуалмен, коммуналдық желілердің тұрақтылығымен және тұрғындарға жасалған қолайлы жағдаймен де өлшенеді. Бүгінде қалада осы міндеттерді қатар жүзеге асыруға бағытталған бастамалар қолға алынуда.

Теміртаудың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруда Qarmet компаниясының өндірістік паркін жаңарту, отандық кәсіпорындармен әріптестікті кеңейту және ішкі нарықты қазақстандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған жобалары маңызды орын алады.
Компания баспасөз қызметінің мәліметінше, автокөлік паркін жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Индустрияны дамыту қорының қолдауымен лизинг арқылы отандық QazTehna компаниясы шығарған 20 жаңаавтосамосвал жеткізілген. Бұған дейін, 2025 жылы, кәсіпорын 13 техника сатып алған болатын. Жаңа машиналар өндірістік тасымалдың тиімділігін арттырып қана қоймай, еңбек қауіпсіздігін күшейтуге де мүмкіндік береді.
Автосамосвалдар жарық және дыбыс сигналдарымен, хабарландыру жүйелерімен, видеотелеметриямен және техниканың жұмыс параметрлерін бақылауға арналған датчиктермен жабдықталған. Жаңартылған кабиналар жүргізушілерге қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыруға бағытталған. Ал, заманауи экологиялық стандарттарға сәйкес келетін техниканың пайдаланылуы өндірістің қоршаған ортаға түсіретін салмағын азайтуға ықпал етеді.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – 15 жылдан астам уақыт пайдаланылған ескі техниканы алмастырып, негізгі өндірістік учаскелердегі тасымал жұмысын жетілдіру. Автопаркті жаңарту 2026 жылдың соңына дейін жалғасып, кәсіпорынға қосымша техника жеткізу жоспарланған.
Өнеркәсіпті жаңғыртудың тағы бір маңызды бағыты – отандық өндірістік тізбекті қалыптастыру. Бұл ретте Qarmet қазақстандық құбыр өндірушілерін металл шикізатымен қамтамасыз ету жөнінде келісімге қол қойды.
Құжат «Qarmet» АҚ, «ТЭМПО-Қазақстан» ЖШС және «Павлодар құбыр прокаттау зауыты» ЖШС арасында жасалған. Бастама «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту жөніндегі Қазақстанорталығының» үйлестіруімен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасыаясында жүзеге асырылмақ.
Келісімнің түпкі мақсаты – отандық шикізаттан өндірілетін құбыр көлемін арттырып, импортқа тәуелділікті төмендету. Кәсіпорындар энергетика және коммуналдық инфрақұрылым қажеттіліктері үшін Qarmet болатынан диаметрі 57-ден 273 миллиметрге дейінгі құбырлар шығаруды жоспарлап отыр.
Бұл бастаманың Теміртау үшін де маңызы зор. Себебі, қаладағы металлургиялық өндіріс қуатын тек шикізат пен дайын болат өндірумен шектемей, оның ел ішіндегі өңделуіне және қосылған құны жоғары өнімге айналуына жағдай жасау қажет. Коммуналдық желілерді жаңғыртуға бағытталған ұлттық жобаға отандық металлургия мен құбыр өндірушілерінің қатысуы өнеркәсіп пен инфрақұрылым салаларының өзара байланысын күшейтеді.
Жалпы, ұлттық жобаға бағытталған инвестиция көлемі 13 триллион теңгеден асады. Qarmet бұл қаражаттың басым бөлігін ел экономикасында қалдыруға, яғни қазақстандық кәсіпорындарға тапсырыс беріп, өндірістік қуаттарды пайдалануға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүдделі.
– Біздің мақсатымыз – қазақстандық металдан отандық құбырлар мен металл конструкцияларын өндіру. Мұндай ынтымақтастық кәсіпорындарды тұрақты шикізат жеткізілімімен қамтамасыз етіп, елімізде жаңа өндірістер ашуғажәне импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Біз серіктестікті кеңейтуге мүдделіміз және осы бағыттаөндірістік қуатымызды арттыруға дайынбыз, – деді «Qarmet» АҚ Стратегиялық даму жөніндегі директоры Тұрар Жолмағамбетов.
Компания құрылыс саласындағы отандық өнім үлесін арттыруға да басымдық беріп отыр. Осы мақсатта Қазақстан құрылысшылар одағымен қазақстандық металл прокатын құрылыс компаниялары арасында кеңінен қолдануды ілгерілету жөнінде уағдаластық жасалған.
Бұл бағыттың өзектілігі құрылыс нарығындағы сұраныс көрсеткіштерінен де байқалады. Қазақстанда арматураға деген жылдық қажеттілік шамамен 1,5 миллион тоннаны құрайды. Оның 1 миллион тоннаға жуығы импорт есебінен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, арматура тұрғын үй құрылысының өзіндік құнының шамамен 17 пайызын құрайды. Демек, отандық өндірісті ұлғайту құрылыс материалдарын жеткізу тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, шығындарды оңтайландыруға да мүмкіндік береді.
Ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз ету үшін Qarmet жылына 520 мың тонна арматура өндіретін жаңа сортты прокаттау цехын салуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, компания ұлттық жобаның машина жасау бағытына Qarmet Machinery арқылы қатысу мүмкіндігін қарастыруда. Атап айтқанда, энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға қажетті жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді өндіру және жеткізу көзделген.
Осылайша, болат өндіруден бастап дайын құбырлар, құрылыс материалдары мен машина жасау бұйымдарын шығаруға дейінгі өндірістік тізбекті қалыптастыру көзделіп отыр. Мұндай әртараптандыру Теміртаудың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, қаланың ел экономикасындағы орнын жаңа деңгейге көтеруге негіз бола алады.
Алайда, өнеркәсіптік қаланың даму көрсеткішін тек зауыттардағы жаңғырту жұмыстары мен өндіріс көлемі арқылы бағалау жеткіліксіз. Қала сапасы ең алдымен тұрғындардың күнделікті өмірінде сезілуі керек. Жылу, су, электр желілерінің тұрақты жұмысы, аулалардың тазалығы, балалардың қауіпсіздігі мен қоғамдық кеңістіктердің қолайлылығы да әлеуметтік дамудың маңызды көрсеткіштері саналады.
Осы тұрғыда Теміртауда балалар ойын алаңдарын күтіп ұстау және жаңғырту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Қала әкімдігінің «Мәдени, демалыс бақтары мен гүлзарлары басқармасы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының балансында бүгінде 152 ойын алаңы бар. Оның 133-і тұрақты қызмет көрсетумен және санитариялық тазалық жұмыстарымен қамтылған. Қалған 19 нысанды кешенді қалпына келтіріп, жаңарту жоспарланған.
Бұған дейін көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы ойын алаңдарын күтіп ұстауға бюджеттен жыл сайын арнайы қаражат қарастырылмаған. Соның салдарынан кейбір нысандардың техникалық жағдайы тиісті деңгейде бақыланбай келген. Осы мәселені шешу мақсатында 2026 жылғы 1 маусымда 133 ойын алаңы аталған кәсіпорынның балансына берілді. Бұл олардың күтімі мен жөндеу жұмыстарын бір орталықтан ұйымдастыруға мүмкіндік берді.
Қазір ойын алаңдары аптасына кемінде бір рет тазартылып, айналасындағы қоқыс жиналады. Өскен шөп шабылып, әткеншектер, орындықтар, сырғанақтар мен басқа да құрылғылардың жағдайы тексеріледі. Қажет болған жағдайда ақаулар жөнделіп, тозған жасанды көгал жабыны ауыстырылады. Маусымдық жұмыстар да назардан тыс қалмайды. Жазда құм жеткізіліп, күзде жапырақтар жиналады. Ал, қыста қар тазаланады.
Басқарма мәліметінше, тұрақты қызмет көрсетілетін нысандарда жоспарланған жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары толық орындалған.
Мәселен, қыркүйек айының соңында қаладағы 21 ойын алаңында тазалық және қалпына келтіру шаралары жүргізілген. Оның 19-ында ойын аймақтары мен іргелес аумақтар қоқыстан тазартылып, екі алаңның көгал жабыны ауыстырылып, жөнделген.
Ал, балансына қосымша қабылданған 19 ойын алаңын кешенді жаңғырту жоспары әзірленген. Оның аясында заманауи ойын кешендерін, жаңа әткеншектер мен қоршаулар орнату, аумақтарға кеспетас төсеу, жасанды көгал жабынын жаңарту және айналасын абаттандыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар, жарықтандыру жүйесі мен бейнебақылау камераларын орнату қарастырылған. Бұл балалардың ойын алаңдарында қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда демалуына мүмкіндік береді.
Мұнда техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтау да ерекше маңызға ие. Әткеншек, сырғанақ, карусель және басқа да ойын құрылғылары берік әрі орнықты болуы, балаларға жарақат келтіруі мүмкін өткір қырлары мен қауіпті бөлшектері болмауы тиіс. Сондықтан, жаңғырту жұмыстары кезінде тек сыртқы келбетке емес, жабдықтардың сапасы мен қауіпсіздігіне де басымдық берілуі қажет.
Қаланың қоғамдық кеңістіктерін дамытуда тұрғындардың ұсыныстары мен бастамаларын ескеру де маңызды. Теміртауда жүзеге асырылып жатқан «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы осыған мүмкіндік беріп отыр. Оның аясында тұрғындардың дауыс беруі арқылы балалар және спорт алаңдары, футбол мен волейбол алаңдары, гүлзарлар мен демалыс орындары абаттандырылады.
Бағдарлама аясында бұған дейін Бауыржан Момышұлы даңғылындағы гүлзар ретке келтіріліп, жаңа балалар алаңдары орнатылған, бірқатар ойын аймағы жөнделген.
Ал, 2026 жылы теміртаулықтар 23 жобаны қолдап, дауысберген. Олардың қатарында балалар мен спорт инфрақұрылымын дамыту, аулаларды абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді жақсарту бастамалары бар.
Мұндай тетіктің маңызы тұрғындарға өздері тұратын ортаның дамуына тікелей қатысуға мүмкіндік беруімен ерекшеленеді. Өйткені, аула – тек коммуналдық қызмет көрсететін мекеменің жауапкершілігіндегі аумақ емес, күнсайын онда уақыт өткізетін тұрғындардың да ортақ кеңістігі.
Сондықтан, тұрғындардың ұсынысын тыңдау, олардың бастамаларын қолдау және орындалған жұмыстардың сапасына қоғамдық бақылау қалыптастыру қала мәдениетін дамытуға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеген технологиялық жаңғыру, инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру міндеттері Теміртау үшін өзара тығыз байланысты. Өндірістегі жаңа техника мен отандық шикізаттан дайын өнім шығару бастамалары қаланың экономикалық әлеуетін арттырса, коммуналдық желілерді жаңғырту мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру тұрғындардың күнделікті тұрмысын жақсартуға бағытталған.
Ендігі маңызды міндет – қолға алынған жобалардың нәтижесін нақты сезіндіру. Өнеркәсіп дамыған сайын экологиялық жауапкершілік те күшейіп, өндірістік жетістіктер әлеуметтік инфрақұрылымның сапасымен қатаржүруі тиіс. Сонда ғана Теміртау металлургия орталығы ғана емес, тұрғындары үшін қауіпсіз, жайлы әрі өмір сүруге қолайлы қала ретінде де дами алады.
Жәлел ШАЛҚАР,
“Ortalyq Qazaqstan”



