Халық Конституциясы

Конституция және экологиялық жауапкершілік

Жаңа Конституцияның кіріспесінде табиғатты аялау қажеттігі атап көрсетілген. Сондай-ақ, еліміздің негізгі даму қағидаттарының бірі ретінде жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру белгіленген. Бұл қоршаған ортаны қорғау мәселесінің мемлекеттік саясаттағы маңызын айқындай түседі.

Сурет Ақордадан

Ата Заңда жер мен оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені бекітілген. Олардың атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Сонымен қатар, меншікті пайдалану қоғам мен мемлекеттің мүддесіне сай болып, қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтауға тиіс. Конституцияда азаматтардың табиғатты сақтау және табиғи байлыққа ұқыпты қарау міндеті де айқындалған. Ал, мемлекет адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді. Бұған қоса, адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіретін деректерді лауазымды тұлғалардың жасыруы заң бойынша жауаптылыққа әкеледі.  Осылайша, экологиялық жауапкершілік тек мемлекеттік органдарға жүктелген міндет емес, бүкіл қоғамға ортақ құндылық ретінде көрініс тапқан.

Қарағанды облысы секілді өнеркәсіптік өңірлер үшін бұл талаптардың мәні зор. Өндірістің дамуы, табиғи ресурстарды игеру және қалалардың ұлғаюы қоршаған ортаға түсетін салмақты арттыруы мүмкін. Экономикалық өсім экологиялық қауіпсіздікпен қатар жүруі қажет. Кәсіпорындардың табиғатқа әсерін азайтуы, өндірістік қалдықтарды тиімді басқаруы және экологиялық талаптарды сақтауы өңірдің тұрақты дамуына тікелей ықпал етеді.

Сонымен қатар ,экологиялық мәдениетті қалыптастыруды тек өндіріс орындарының міндеті деп қарастыруға болмайды. Бұл бағытта білім беру ұйымдарының, қоғамдық бірлестіктердің және жергілікті қауымдастықтардың да рөлі ерекше. Әсіресе, жас ұрпақтың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру маңызды. Себебі бүгінгі экологиялық таңдау ертеңгі өмір сапасына әсер етеді. Табиғатты қорғау күнделікті дағдыға айналғанда ғана Конституцияда белгіленген қағидаттар қоғамдық санада орнығады.

Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz

Фотоға түсініктеме: Ақорда

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button