ЖаңалықтарРесми

Қарағанды спорты халықаралық аренада биіктеп келеді

Өңірде бұқаралық спортты дамытуға, тұрғындардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасауға айрықша мән беріліп келеді. Бүгінде облыста 1 607 спорт ұйымы жұмыс істесе, олардың қызметін 460 мыңнан астам тұрғын пайдаланады. Ал, өңірдегі 39 спорт мектебінде 28 485 бала түрлі спорт түрімен шұғылданады. Оның 5 984-і ауылдық елді мекендердің балалары.Сонымен қатар, Қарағандыда заманауи спорт кластерінің құрылысы қолға алынған. Ауқымды жоба аясында UEFA-ның төртінші санатындағы стадион және балалар-жасөспірімдер мен кәсіби спортты дамытуға арналған бірқатар нысан бой көтермек. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нүркен Нұратов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Сурет Қарағанды өңірлік коммуникация қызметінен

Өңірде халықаралық және республикалық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың әлеуетін арттыруға да басымдық берілген. Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 965 қарағандылық спортшы өнер көрсетіп жүр. Биыл өңір спортшылары 914 жарысқа қатысып, 2 929 алтын, 2 796 күміс және 3 339 қола медаль жеңіп алған. Қарағандылық спортшылар халықаралық ареналарда да жоғары нәтиже көрсетті. Азия ойындарында жерлестеріміз төрт күміс және сегіз қола медаль иеленсе, Пара Азия ойындарында бір алтын, бес күміс және екі қола жүлдені қанжығасына байлады. Әсіресе, жүзуден сынға түскен Диас Кенжебек Азия рекордын жаңартып қана қоймай, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама иеленді.

Бұдан бөлек, қарағандылық боксшылар Азия чемпионаттарында топ жарып, күрес шеберлері де үздіктер қатарынан көрінді. Жеңіл атлеттер мен үстел теннисі мектебінің өкілдері де республикалық және халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетіп, өңір мерейін үстем етті.

– Бұл – 2026 жылғы спорттық жетістіктердің бір бөлігі ғана. Ең маңызды жүлделердің бірқатары басты дода – Азия ойындарында еншімізге бұйырды. Қарағандылық спортшылар жалпы саны 12 медаль жеңіп алды. Оның төртеуі – күміс, сегізі – қола. Азия ойындарында облыс қоржынына алғашқы медальді Санжар Әділов салды. Ол ММА-дан 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды. Бұл – тарихи жетістік. Өйткені, ММА жазғы Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізіліп отыр. Осылайша, Санжар аралас жекпе-жектен құрлықтық дода тұғырына көтерілген алғашқы жүлдегер атанды, – деді Нүркен Нұратов.

Ұлттық спорт түрлерін дамыту да өңірдегі спорт саласының маңызды бағыттарының бірі. Бүгінде облыста тоғызқұмалақ, саятшылық, бәйге, жекпе-жек, қазақ күресі, асық ату, теңге ілу, аударыспақ, көкпар, жамбы ату және дәстүрлі садақ ату сияқты ұлттық спорт түрлері кеңінен насихатталып келеді. Бұл бағытта жүйелі түрде жаттығатын тұрғындардың саны 38 мыңнан асты. Ал, ұлттық спорт түрлері бойынша 54 жерлесіміз Қазақстан ұлттық құрамасының сапына енген.

Қарағандылық спортшылар ұлттық спорт түрлерінен өтетін халықаралық додаларда да жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Мәселен, Қырғызстанның Ыстықкөл облысында ұйымдастырылған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына өңірден сегіз спортшы қатысып, оның бесеуі жүлдегер атанды. Сондай-ақ, Нұрасыл Оралхан Моңғолия астанасы Ұланбатырда өткен жамбы атудан Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Қазақ күресінен Әзербайжанның Баку қаласында өткен әлем чемпионатында Ерқанат Молдағұлов күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал, дәстүрлі садақ атудан Атырауда өткен Әлем кубогында Айгерім Қадірман үздік үштіктен көрінді. Тоғызқұмалақ шеберлері де халықаралық жарыстарда өңір абыройын асқақтатып жүр. Румыния астанасы Бухарестте өткен әлем чемпионатында Аңсаған Қожанәсіп рапид сайысынан күміс медаль иеленіп, блиц бағдарламасында әлем чемпионы атанды. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысында ұйымдастырылған Азия кубогында бүркітші Темірәлі Төлегенұлы бірінші орынға ие болды.

– Мүгедектігі бар адамдарға арналған облыстық спорт мектебінде қимыл-тірек аппараты бұзылған, есту және көру қабілеті төмен 412 адам спортпен шұғылданады. Мұнда спорттың 17 түрі дамытылған. Жақында сал ауруына шалдыққан балаларға арналған бочча бөлімшесі ашылып, жұмысын бастады. Ерекше қажеттілігі бар спортшыларымыз республикалық және халықаралық жарыстарда да табысты өнер көрсетіп, талай жүлдені иеленіп жүр. Бүгінде олардың 119-ы Қазақстан ұлттық құрамасының сапында, – деді басқарма басшысы.

Қарағандылық параспортшылардың биылғы ең үлкен жетістіктерінің бірі Пара Азия ойындарында тіркелді. Параспортты дамытумен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды бұқаралық спортқа тарту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. 2022 жылдан бері облыста аутизм, Даун синдромы және психикалық дамуы тежелген балаларға жүзумен айналысуға мүмкіндік беретін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүзеге асырылып келеді. Биыл жоба аясында облыстың бес қаласында 240 бала жаттығуға қатысуда. Сонымен қатар, осы санаттағы балалар үшін Қарағанды мен Теміртау қалаларында мемлекеттік тапсырыс негізінде жеңіл атлетика сабақтары да ұйымдастырыла бастаған.

Параспортшыларымыздың жетістіктерін мақтан тұтамыз. Олар халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстан құрамасының медаль қоржынына қомақты үлес қосып жүр. Біз үшін спорттық нәтижелермен қатар, ерекше қажеттілігі бар балалардың дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндік жасау да маңызды. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырамыз, – деді Нұркен Қанатұлы.

Биыл өңірде төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, облыстың бірнеше елді мекенінде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, Қарқаралы ауданының Қарағайлы және Жарлы ауылдарында, Бұқар жырау ауданының Қушоқы кенті мен Доскей ауылында, Шет ауданының Өспен ауылында және Саран қаласы мен Қарағандының Күнгей шағын ауданында спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Ал, Шет ауданының Ақсу-Аюлы кентінде жүзу бассейнінің, Қарқаралы қаласында стадионның, ал облыс орталығында футбол академиясы салынуда. Сонымен қатар, облыс орталығындағы «Шахтер» стадионы мен Ақтоғай ауылындағы стадионды қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button