Спорт

Футбол алаңынан білім додасына

Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы, Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының (QOFA) президенті Тимур Турлов өңірде балалар мен жасөспірімдер футболын, мектеп және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырып келеді. Соның бірі – былтыр іске қосылған ALGA! мектеп футболы жобасы. Осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында QOFA мен Nurmakov School арасында меморандумға қол қойылған болатын. Құжат аясында Қарағандыдағы Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында ALGA! жобасына қатысатын 4-сынып оқушылары арасында білім олимпиадасы өтті.

Суреттер QOFA

Зияткерлік сайыста оқушылар математика және логика пәндері бойынша тапсырмалар орындап, білім деңгейі мен тапқырлығын, күрделі есептерді шешу қабілетін көрсетті. QOFA әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Данияр Карибаев қазіргі футболшы үшін физикалық дайындықпен қатар, интеллектуалдық әлеуеттің де жоғары болуы маңызды екенін атап өтті.

– Бүгінде табысты футболшы тек спортшы ғана емес, жан-жақты дамыған тұлға болуы тиіс. Қазіргі футбол жақсы физикалық дайындықпен қатар, ойлау, жағдайды талдау және жылдам шешім қабылдау қабілетін талап етеді. Сондықтан, біз үшін ALGA! жобасына қатысушылардың футбол алаңында ғана емес, оқуда да жетістікке жетуі маңызды, – деді Данияр Карибаев.

Ал, Nurmakov School мұғалімі Мурадил Мұсаев жобаның негізгі мақсаты балаларға спорт пен сапалы білімді қатар алып жүруге болатынын көрсету екенін жеткізді.

– Біз балалардың футболмен айналыса отырып, жақсы білім алуға да болатынын түсінгенін қалаймыз. Жобаға қатысушылардың арасында білім саласындағы қабілетін ашуға мүмкіндікке мұқтаж дарынды балалар бар. Сондықтан олардың математикалық және логикалық ойлауын дамытып, бесінші сыныпқа түсуге дайындаймыз, – деді ол.

Олимпиада қорытындысы бойынша 19 оқушы жеңімпаз атанды. Бастапқыда үздік 15 қатысушыны анықтау жоспарланғанымен, бірнеше оқушының бірдей ұпай жинауына байланысты жеңімпаздар қатары кеңейтілді. Ең жоғары нәтижені «Жарық» тірек мектебінің оқушысы Мансұр Сержа́н көрсетті. Ол мүмкін болған 20 ұпайдың 19-ын жинады. Ф. Мұстафин атындағы мектептің оқушысы Амина Серикова 18 ұпай иеленсе, тағы төрт қатысушы 17 ұпайдан жинады.

Олимпиада жеңімпаздарының барлығы Nurmakov School мектебінің 5-сыныбына түсуге дайындалуға арналған бір жылдық арнайы бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сабақтарды мектеп мұғалімдері жүргізеді. Бағдарлама барысында оқушылардың математикалық және логикалық ойлау қабілетін дамытуға, күрделі тапсырмаларды орындау дағдыларын жетілдіруге және қабылдау емтихандарына дайындалуына басымдық берілмек.

Айта кету керек, олимпиадада жеңімпаз атану оқушының мектепке автоматты түрде қабылданатынын білдірмейді. Бір жылдық дайындық бағдарламасын аяқтағаннан кейін олар жалпы талаптарға сәйкес қабылдау емтихандарын тапсыруы тиіс.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button