Жүрегі үлкен жан еді

Мен еңбек жолымды 1972 жылы «Орталық Қазақстан» газетінде бастаған едім. 1989 жылы қара шаңыраққа қайта оралдым. Бұл газеттің басына бақ қонған кез болатын. Бас редактор болып Алматыдан Нұрмахан Оразбеков келген. Ол кісінің қарамағында қызмет істеген сол жылдар мен үшін дәурен емес, тұтас бір дәуірдей…

Ұжым ұландары кез келген тапсырманы орындауға тастүйін дайын болатын. Қаламы жүйрік жігіттер жарысып жазатын едік. Әрқайсымыз барымызды салдық. Көп ұзамай «бірінші бөлім» аталатын партия тұрмысы, кеңестер және қоғамдық ұйымдар бөліміне Мағауия Сембаев бастаған газеттің ыстық-суығында ысылған тәжірибелі журналистер шоғырланды.

Сол кездегі сыйластығымыз күні бүгінге дейін жалғасты. Есімін Мағау деп, Мағаш деп қысқа қайыратынбыз. Тау тұлғасына сай жүрегі үлкен азамат еді. Ақкөңіл, бауырмал болатын. Үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты ізгі жан тартымды болмысымен таныс та бейтаныс адамдарды бірден баурап алатын. Әріптестерінің шығармашылық жетістіктеріне балаша қуанатын. «Дүрия дүние» таңдамалы өлеңдер жинағым шыққанда «Міне, кітап деген осылай шығу керек қой!» деп, аударып-төңкеріп, сүйсіне қарап, риясыз қуанғанын мәз көрсеңіз?!

Іле-шала Нұрқанат Қанафинге рецензия жаздыртты. Маған тарту еткен өзінің «Құбылыс» кітабының форзацына «Сәбит! Екеуміз де қаламмен күн көріп келеміз. Ойың ұшқыр, қаламың үшкір болсын» деп ізгі тілегін жазып берді.

2017 жылды аяқтай бере шыққан «Жерұйық» атты соңғы кітабына өзінің қалауы бойынша Кітап палатасына рецензия жазып бердім. Бертінде Мағаумен әралуан тақырып төңірегінде жиі пікірлесіп отырдым. Замандастарының жақсысына сүйсінді, жаманына күйінді. Бірде «Неге қазақта ақын көп, французда жазушы көп?» деген сауал тастады. Мен жеріне жеткізе жауап бердім ғой деймін, дән риза болып, «Браво!Точно!» деді.

Сол қаламдас досым, сырлас замандасым бақилық болып кетті… Менің тұрғыластарым өткен ғасырдың тең жартысын бастан кешіп, жаңа ғасырдың бір ширегін бастан кешер-кешпестей болып, қатарлары сиреп бара жатқанын тұла бойыммен сезінемін. Сезінген сайын көңілің пәс тартып, жаның құлазиды, жүрегің ауырады…

Бақұл бол, Мағау дос! Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа, қабірің қамқа болсын! Жайсаң жаның жәннаттан жай тапсын!

Сәбит БЕКСЕЙІТ.