Жұмыс бағыты – тек иесіз ит пен мысық емес
Әр басқарманың жауапты өз саласы бар. Жұмыстарының ашықтығын білдірген олар аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін мазалаған сауалдарға нақты дәлелмен күнделікті жауап беруді қолға алды. Кеше тізгінді алған облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек ТҰРСЫНБЕКОВ: «Біздің жұмыс, тек көше кезген иесіз ит пен мысықты аулау, оларды жою ғана емес, басқа да міндеттерден тұрады», – дейді.
– Жануарлар мен адамдар арасында құтырудың пайда болуы мен таралуына жол бермеу мақсатында ветеринарлық заңнамаға сәйкес, қаңғырған иесіз иттер мен мысықтарды аулау және жоюмен бұрын жергілікті атқарушы органдардың аудандық, қалалық ветеринарлық стансасы айналысты. Қазір облыс әкімдігінің 2020 жылғы 11 маусымдағы №37/01 қаулысына орай, облыстық ветеринария басқармасы шұғылданады. Биыл «Қаңғырған иттер мен мысықтарды аулау мен жоюды ұйымдастыру» бағдарламасы бойынша 66,914 млн. теңге қаржы бөлінді, – дейді Қайырбек Тұрсынбеков.
Өткен жылы 21 851 ит пен мысық ауланып, қарастырылған 68,9 млн. теңге қаражат толық игерілген. Соған қарамастан, өткен жылы облыс бойынша 3 498 адамды ит қапқан. Бірақ, бұл – 2019 жылдағымен салыстырғанда 466 адамға аз.
– Қазір дер уақытында аулау мен жоюдың арқасында қаңғырған иттердің қабуы азайғаны байқалады. Негізі, қаңғырған иттерді аулау жеке және заңды тұлғалардан, елдімекендердің әкімдіктерінен, жергілікті полиция қызметінен, прокуратурадан және басқа органдардан түскен өтінімге қарай жүргізіледі. Итті аулау кезінде қоршаған ортаға қолайсыздық тудырмау үшін пневматикалық қару, «Дитилин В» фармакологиялық дәрісі жағылған қысқа сапты найза қолданылады. Ауланған қаңғыбас иттер арнайы ұстайтын уақытша орынның жоқтығынан бірден «Адилин» препаратын қолдану арқылы жойылады. Айта кетейік, қаңғырған иттер мен мысықтарды аулау мен жою жергілікті бюджеттен бөлінген қаржының есебінен жүргізіледі. Бірақ, оларды ұстау үшін бірегей бюджеттік классификацияда арнайы бағдарлама қарастырылмаған. Сондықтан, бұл мақсатқа қаржы бөлуді қарастыру мүмкін емес. Ауланған ит пен мысықты жоюға аудандық-қалалық ветеринария стансасы басшыларының бұйрығымен құрылған, құрамына қоғамдық кеңестер мен аймақ әкімдігінің өкілдері, еріктілер кіретін комиссия қатысады, – дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, журналистер тәлімбақ (питомник) туралы сөз қозғады. Бұл бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Қайырбек Серікұлы:
– Тәлімбақ туралы мәселе өзекті. Дегенмен, бұл көп шығынды талап ететін жоба. Мысалы, 500-дей ит пен мысықты сыйғызатын арнайы нысанды салу үшін кемінде 160-170 миллион теңге кетеді. Ал, бір жануарды тамақтандыру үшін күн сайын 700 теңге кетеді. Әрқайсын үш күн ұстасаңыз – 2100 теңге. Енді осыны 500- ге көбейту керек. Сонымен қатар, мұнда екі-үш адам жұмыс істейді, оларға айлық төлеу керек. Бұл үшін бюджеттен қаржы қарастырылуы керек. Бір жылда бола салатын шаруа емес. Қазір, ұсталған ит пен мысықты қамау үшін, Қарағанды қаласындағы хайуанаттар бағынан арнайы қоршауларды алып, өлген жануарды көметін жерге орналастырдық. Бірақ, ол жерде жүруге тыйым салынғандықтан, шахталардың біріне көшіре бастадық, – дейді.
Ветеринария басқармасының әр ауданда бір өкілі бары да онлайн жиында айтылды. «Олар да халықпен ашық жұмыс істейді. Кез келген осы салаға қатысты сұрағыңыз болса, осы кісілерден жауап ала аласыз. Маған да сауал жолдасаңыздар болады», – дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.