Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жылРуханият

Өзгелер айтқан Қасым қай Қасым?..

«Аманжол, Рахымжанның Қасымымын,

Мен қалған бір атаның ғасырымын…

Біреуге жұртта қалған жасығымын,

Біреуге аспандағы асылымын» депті әулие Қасым.

Қасым туған үйдің орны

Оқыған сайын мың құбылады осы «Өзім туралысы». Күні бұрын бастап, өлеріне дейін жылдар бойы жазып келген шоқтығы биік туындысының бірі – бұл. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деуінің де сыры терең-ау. Өзгелер айтқан Қасым қай Қасым еді? Жетімдіктен көз ашпаған, кедейдің баласы. Соның сыры осы шумақта ашылады. Сүйегіне кедейлік сіңіп қалған аш-аруақтың тұқымы «мен қалған бір атаның ғасырымын» деп айта ала ма ол заманда? Бір атаның баласымын емес, ғасырымын деп тұрған жоқ па? «Біреуге жұртта қалған жасығымын» дегенде, өзгелер жазған ресми өмірбаянынан алшақ кете қоймайды, әрине. Сөйте тұра «біреуге аспандағы асылы» болып шыға келеді шумақтың соңында. Біз «жұртта қалған жасығын» танып келдік бүгінге дейін. Өзі айтпақшы, «аспандағы асыл Қасымды» жүегімізге қондыра алмаппыз… Әулие Қасым атағанымыздың сыры осы тұста ашылады сонда. Демек, Қасым мұрасына жаңаша көзқарас қалыптастыруымыз керек.

Бір басына дәулетті болған әкесі Рахымжан сері атын жібекпен арқандаған деседі. Ол аздай жақында ғана Қасым туғанда кіндік шешесіне берген «жолы» белгілі болды. Ақынның кіндік шешесі Шәриә Садықызына Рахымжан әулеті бір тоғыз беріпті. Арасындағы таза күмістен соғылған қос білезік пен қос сақина газетімізге жарияланғаны кеше ғана. Қалт-құлт еткен кедей отбасы мұндай сыйды қайдан ұстатсын кіндік жолына?! Ақынның «өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп қарысып тұрып алуы тегін емес. Қанда қалған қасиет сыртқа теппей қоя ма? Сөйтсе де «арпалыс, ала құйын заманалар, арбасып тұрып алды, мен нетемін» дейді. Жасыған Қасымды көрмейміз, бірақ.

Керісінше «сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» деп болашақпен диалог жасайды ақын. 2013 жылы Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына байланысты Қарағандыда өткен жыр мүшәйрасы есімнен кетпейді. Алаш мұрасының жоқшысы, профессор Нұрлан Дулатбеков содан екі жыл бұрын (2011) Мәскеу қаласындағы Дон зиратына жерленген Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақовтың басына ескерткіш-тақта орнатып келген. Жеңімпазды марапаттауға шыққан Нұрлан Орынбасарұлы сонда: «Қос арыстың басына ескерткіш-тақта орнатарда көп ойландық. Аты-жөндерімен қатар олардың рухы мен қазақ халқының болмысын ашатындай бір ауыз сөз жазу керек болды. Соған лайықты бір ауыз сөз іздеп қазақ кемеңгерлері мен әлем ғұламаларының қанатты сөздерін оқып кеттік. Оқымаған кітап, қарамаған дерек көзі қалмады. Ақырында іздеп-іздеп амалымыз таусылғанда, Қасым Аманжоловтың бір ауыз өлеңіне тоқтадық. «Ей, тәкәппар дүние, маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені, Мен – қазақтың баласы!» деп жаздық Алаш көсемінің басына. Дүниедегі небір ойшыл, ғұламалардан ақындардың артықшылығы – бұлар жүрекпен ойлайды екен» – деді.

Мәскеудегі Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақовтың басына қойылған ескерткіш-тақтаға Қасым сөзінің қашалуы тегін болмаса керек. Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан мен Әлімхан Ермеков – Ақтоғай, Ақсораң топырағынан болса, Жақып Ақбаев пен Нығмет Нұрмақов Қарқаралы, Кент тауларына қарап өскен. Қасым осы Қарқаралы, Ақсораң тауларының арасында туған. Қасым ауылына қарасты Сарыобалыдағы Рахымжан қыстағы орналасқан Қызыл-Көшен Қарқаралы аумағына жатқанымен, әр жағында Ақсораң да тиіп тұр. Алыс емес. Бір жағы – Қарқаралы мен Ақсораңға тірелсе, бір жағында Кент тауы жатыр. Алаш идеясының алтын қазығы бұл жерлер. Сол жерде өскен Қасымның Семейге өткені де кездейсоқ емес, ендеше. Қасым өмірін жаңаша парықтайтын кез келді, демек. Өмір бойы коммунистерге жақпай өтуінің бір себебі де сонда: кеудесінен Алаш рухы атқақтады да жүрді ақынның. Көбіне көп Мағжан мектебіне ұқсайтыны да сондықтан.

Өлеңдерінде әулиедей көреген Қасым сол кездің өзінде ұлттық қайнарын адаспай тауып тұр ғой. Қасымның ғана емес, ендігі уақытта қазақтың да жолы сол болуы тиіс…

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button