АймақБалқаш

Ішкі туризмде іркіліс жоқ

Биыл «Balqash Tour Fest – 2026» фестиваліне, туристік маусымға дайындық жүргізіліп, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар қолға алынуда. Былтыр «Balqash Tour Fest» фестиваліне 50 мыңнан астам адам келген болса, мамандардың болжамынша биыл бұл көрсеткіш 70 мың туристке дейін артуы мүмкін. Бұл – Балқаштың ішкі туризм картасындағы маңызын аңғартады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Туристік маусым басталғанға дейін Барковское ауданы, «Balqash Tour Fest» фестивалі өтетін аумақ, сондай-ақ, Шұбартүбек пен Тораңғалық елдімекендеріндегі жағ­­ажайлар толық абаттандырылмақ. Аталған жұмыстарға «Жуалы Демеу» ҚБ, «Самғау 2025» ҚБ және «Социальная поддержка» ҚБ мердігер ұйымдары жауапты. Жоба аясында Тораңғалық, Шұбартүбек, Барковское және Рембаза аумақтарына заманауи талаптарға сай көлеңкелі шатырлар, ашық душтар, киім ауыстыру кабиналары, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген модульдік дәретханалар орнатылады. Сонымен қатар, LED-жарықпен безендірілген «Шұбартүбек» жазуы, тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған контейнерлер, құтқару мұнаралары мен пластикалық понтондардан жасалған пирстер қойылады.

– Соңғы жылдары туристер санының күрт өсуіне байланыс­ты Барковское ауданындағы көлік қозғалысы да айтарлықтай көбейген. Осыған орай автожолды кеңейту, жаяу жүргіншілер және велосипед жолдарын салу, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде туристердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді. «Balqash Tour Fest» фестивалі өтетін аумаққа ерекше назар аударылып отыр. Фестиваль алаңында автотұрақтар кеңейтіліп, периметрлік жарықтандыру орнатылады. Сонымен қатар, қоршаулар салынып, тұрақты сахна жасақталып, шағын сәулеттік нысандар мен қосымша санитарлық орындар болады. Биылғы фестиваль бұрынғыдан да ауқымды әрі мазмұнды өтпек, – дейді Балқаш қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерслан Зияда.

Қауіпсіздік мәселесі де назарда. Қазіргі таңда Балқаштың курорттық аймақтарында 45 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұдан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Тораңғалық, Шұбартүбек және Барковское аумақтарына бірыңғай дизайн-код бекітілген. Бұл курорттық аймақтардың сәулеттік келбетін біріздендіріп, туристер үшін тартымды әрі заманауи орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Туристердің жайлы демалысын қамтамасыз етуде байланыс сапасын жақсартуға да басымдық берілуде. Жеке инвесторлар қаржысы есебінен Тораңғалық, Шұбартүбек және Ақшағыл аумақтарында антенналық-мачталық құрылымдар салынып, мобильді интернет пен байланыс сапасы күшейтілмек. Қажетті жер телімдері толық бөлініп, құрылыс бастау алуда.

Жазғы кезеңде туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында масаларға қарсы дезинсекциялық жұмыстар да қолға алынған. Мердігер ретінде «Батыс Қазақстан облыстық бірлестігі» жеке медициналық мекемесі анықталып, жұмыстар 15 сәуірден басталған. Ақпараттық қыз­мет көрсету де жаңа деңгейде. Былтыр Балқашта облыстағы алғашқы визит-орталық ашылса, биыл қала кіреберісінде тағы бір визит-орталық пайдалануға берілмек.

Мамандармен қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыстар бар. Қала колледждерінің студенттерімен кездесулер ұйымдастырылып, нәтижесінде медициналық колледждің 32 студенті жазғы маусымда қызмет көрсету саласында еңбек етуге ниет білдірген. Қазіргі уақытта арнайы құрылған екі мониторингтік топ туристік нысандар мен жол бойындағы сервистік орындарға тұрақты тексеру жасайды. Жалпы алғанда, жүзеге асырылып жатқан кешенді жұмыстар Балқаш өңірінде қауіпсіз, қолайлы әрі заманауи туристік ортаны қалыптастыруға бағытталған. Көл жағасындағы көркем мекеннің туристік әлеуеті жыл сайын артып, Балқаштың беделі жаңа деңгейге көтерілуде. Биыл 70 мың турист келеді деген болжамның өзі – өңір туризмінің болашағына деген сенімнің жарқын көрінісі.

Айта кетейік, биылғы «Balqash Tour Fest» бағдарламасында танымал әншілер мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерттер, көпшілікке белгілі шоу-бағдарлама жүргізушілерінің қатысуымен түрлі ойын-сауық кештері ұйымдастырылмақ. Жастар үшін көл жағалауында спорттық іс-шаралар, кішкентай қонақтарға қызықты ойын-сауық бағдарламалары әзірленіп, шығармашылық және дамытушы алаңдар жұмыс істемек. Фестиваль барысында балалар танымал мультфильм кейіпкерлерімен кездесіп, ашық аспан астындағы белсенді ойындарға қатыса алады.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button