Бас тақырып

«Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ»

Адамзат тарихы түрлі даму сатыларынан өтіп, бүгінгі күнге жетті. Мысалға алатын болсақ, сонау адамзаттың алғашқы ақыл-есі пайда болған тас, қола, темір дәуірінен өтіп, қазіргі ғылым мен техниканың дамыған кезеңіне дейін өмір сүріп келеді. Оның айғағы – адамдар кеңістікті игеріп, «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып» ІТ технологияның жемісін көруде. Осынау ғылым мен техника жетістіктері бүгінде өркениет ошағынан алыс түкпір-түкпірге жетіп, ауыл мен қаланың ара-айырмашылығын жымдастырып жібергенінің куәсі болып отырмыз. Ауылға шулы шаһарлардың жайлы тұрмысы ғана емес, замананың озық технологтялық жетістіктері де алшаң басып еніп кетті. Шалғайдағы ауылдар мен қияндағы қыстақтар иновациялық жобалардың жемісн көріп, бұл күндері баламалы энергия қуатын пайдаланып, заманауи байланыс көздеріне қол жеткізіп, жоғарыда айтылған ғылым мен техниканың игіліктерін көріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, кешенді бағдарламалар аясында ертегідей көрінген цифрлы технология, интернет желісі ауылға ат басын тіреді.

Әр ауыл интернетпен қамтылуда

Жаңа технологиялар уақыт өткен сайын қуса, жеткізбестей қарқынмен дамып жатыр. Ғылым мен технология дамыған заманда күнделікті өмірімізді ұялы телефонсыз елестете алмаймыз. Ал, сол смартфондарымызға жан бітіретін, алысты жақындатып, әлеуметтік желі арқылы хат-хабар алысып, құжат айналымдарын жүргізудің негізгі көзі интернет желісі екені даусыз. ІТ-технологияның жетістігі – кең жолақты интернет бүгінде еліміздегі шалғай елдімекендерге де жетті. Ақтоғай ауданы әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ-ы бірлесіп, 2017 жылдан бері ауылдарға интернет желісін тартуды қолға алған. Нәтижесінде Қызыларай, Нарманбет, Қусақ елдімекендері ұялы байланысқа қол жеткізді. 2020 жылы «250+» бағдарламасы және ауыл тұрғындары мен ел азаматтарының қолдауымен 7 ауылға Beeline, Теle 2 байланысы орнатылды. Сонымен бірге, 2019-2020 жылдары «Қазақтелеком» АҚ-ы Ақтоғай желілік-техникалық учаскесі ауданға қарасты 8 елдімекенге кеңжолақты интернет орнатты. Кеше ғана үй телефонының тұтқасын ұстап отырғандардың көбі ұялы телефонға көшкен. WhatsApp желісіндегі түрлі топтары арқылы ел бір-бірімен еркін байланысып, мәселелерін үйден шықпай шешетін дәрежеге жетті. Төрткіл дүниенің жаңалықтары да ауыл тұрғындарының алақандай смартфонында.

Шаруалар күн көзінен энергия алады

Бүгінде әлем елдері баламалы энергия көздерін пайдалануды қолға ала бастады. Әсіресе, күн қуатына деген үлкен бетбұрыс байқалады. Ғалымдардың айтуынша, тіпті, күн энергиясы 2050 жылға дейін дүние жүзінің жартысын электр қуатымен қамтамасыз етпек. Сондықтан, энергетикалық тапшылыққа алаңдайтын жаһан жұрты осы салаға баса мән беруде.

Ал, жайылымдық жерлерді тиімді игеруге баламалы энергия көздерінің пайдасы зор. Мәселен, Ақтоғай ауданындағы шаруашылықтар күннен қуат алып, энергия өндіретін панельдерді пайдалануға көшкен.

Төрт түлікті тең өргізіп отырған ақтоғайлық шаруалар үйі мен жылжымалы қосындарын түгел күн панельдерімен жабдықтап қойған. Бұған дейін шопандар электр қуатын алу үшін тонналап жанар-жағармай тұтынып келді. Енді олар тоқ көзін тәулік бойы пайдалану мүмкіндігіне ие. Онда теледидар, тоңазытқыш, сүт тартатын машина, тіптен, шағын дәнекерлеу аппараты секілді техникалық бұйымдар күн энергиясы көзінен қуат алатын қондырғы арқылы жұмыс жасап тұр.

Ақтоғай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің дерегіне сүйенсек, 2017 жылдан бері «Жайылымдарды суару» бағдарламасы арқылы 323 шаруа қожалығына күн панельдерін орнатып, мемлекет тарапынан 1 млрд. 106 млн. теңге қайтарымсыз қаржы (субсидия) берілген.

Ауылға ауыз су келді

Республика халқын сумен қамтамасыз ету, су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау өмірлік маңызы бар мәселе. Өйткені, бұл халық денсаулығына тікелей қатысты. Сонықтан да, осы түйінді түйткілді шешудің бір жолы ретінде Елбасының тапсырмасымен 2002-2010 жылдарға арнап «Ауыз су» бағдарламасы қабылданған болатын. Бұл бағдарлама міндеттері орындалып, халық орталықтандырылған таза ауыз суға жетті. Ал, 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы еліміздің әр өңірінде қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл сөзімізге облыстағы атқарылып жатқан шаруалар дәлел бола алады. Атап айтсақ, Ақтоғай ауданында 2012 жылдан басталған жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы 8 ауылға таза су тартылып, үйді-үйге кіргізілген. Міне, өңі тұрсын, түсіне кірмеген жаһан жетістіктері алыстағы ауылдағы ағайынға да жетті. Үй ішінен жуынатын бөлме орнатып, кірін автоматты машинамен жуады. Бір сөзбен айтқанда, қолын жылы суға малды. Ауыл мен қаланың айырмашылығы азайды. Алдағы жылы аудан орталығы Ақтоғай ауылында орталықтандырылған кәріз жүйесі іске қосылады деген жоспар бар.

Тобықтай түйін

Ұлы ойшыл әл-Фараби «Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ» деген екен. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», – деген болатын. Қазақтың күретамыры ауылдың өркениеттен кенже қалмай, заманмен бірге жаңғырып, дамып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Думан ҚАБЫЛ.

Басқа материалдар

Back to top button