Ұлттық кітап күні: 190 мың адам 2 млн кітап оқыды
«AMANAT» партиясында Ұлттық кітап күніне орай «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Пилоттық жоба Шымкент қаласы, Қарағанды және Қостанай облыстарында жүзеге асып, 8 айда 190 мыңға жуық адамды қамтып, шамамен 2 млн кітап оқылды.

Іс-шараға партия төрағасы Ерлан Қошанов, жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ол жоба Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту бастамасын жүйелі іске асыру аясында қолға алынғанын атап өтті.
– Кітап оқитын ұлтқа айналу – мемлекеттің мәдени-рухани өркендеуінің төте жолы. Кітап оқитын ұрпақ тәрбиелеу – елдің интеллектуалдық капиталына салынған ең тиімді инвестиция, – деді Ерлан Қошанов.
Жоба аясында 6 бағыт бойынша байқау өтіп, 462 жеңімпаз анықталды. Оның ішінде 156 адам бірінші орын иегері атанды. Барлық жеңімпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



