Тұлға

Ғылымның көркемдігін көрген ғалым

Ғылымның ұшан-теңіз екенін, сан салалы, тым күрделі екенін саңылауында сәулесі бар әрбір адам түсінеді. Ал ғылымның көңілге қонымды екенін, зерделей білсең анық та айқын екендігін, зейін қойсаң түсінікті екенін екінің бірі білмейді. Оны инемен құдық қазғандай бейнетін көріп, білім биігіне көтерілген, ғылым шыңына таудай талабымен өрмелеп шыққан оқымысты ғана біледі. Сондай жайсаң жандардың бірі, химия ғылымдарының докторы, профессор Түйме НӘЛІБАЕВ – ілім-білімнің соқтықпалы, соқпақсыз машақатқа толы жолын бір кісідей көріп, ғылымның көркемдігін көрген ғалым.

Жаратылыстану ғылымының ішкі және сыртқы құрамы мен құрылымы жөнінде терең зерттеулер жүргізген, еңбектерін әлем ғалымдары мен мамандары жоғары бағалаған отаншыл ғалым – Түйме Нәлібаев өмірінің бар жетістігі ғылыммен байланысты өткендігін көпшілік біле бермейді. Төкеңнің күрделі аппараттардан алынатын рентген және электрон сәулелерін пайдалану мен зерттеу барысында терең түйсікпен заттардың (қатты денелердің) құрылымын анықтау жөніндегі үлкен ғылыми еңбектері әлемдік ғылыми журналдарда жарияланды.

Төкең Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Төменгі Шыршық (бүгінде Достаабад) ауданының Жұмағұл қазақ ауылында 1934 жылдың 10 қыркүйегінде дүниеге келген. Кейін өз елімізге көшіп келгеннен кейін болашақ ғалым 1953 жылы Жамбыл орта мектебін бітіріп, сол жылы атақты САГУ – Орта Азия мемлекеттік университетінің химия факультетіне түсіп, оны 1958 жылы жақсы бағалармен тәмамдап шығады. Содан соң елге барып орта мектепте 3 ай шамасында сабақ береді. Көп ұзамай Ташкент политехникалық институтының химия-технология факультетіне шақырып, физикалық химия кафедрасына ассистент болып орналасады. Институт ректоры, профессор Мұхамет Ниязов оған көптеген жақсылық жасап, үлкен шаһарға тіркелімге отырғызады, сыртынан ол жөнінде жақсы пікірлер айтады. Оны бұл кейініректе химия ғылымдарының докторы, профессор Абдулла Сұлтановтан естиді.

Өмір өз ағысымен өтіп жатады. Ғылымға деген анық бетбұрыс 1967 жылы Өзбекстан Ғылым академиясының химия институтында басталды. Институт директорының орынбасары, доцент Нусрат Парпиев өзіне аспирант етіп қабылдады. Осында жүріп рентген құрылымдық талдауларды толық қарап шығуына мүмкіндіктер жасалды. Алайда, жас ғалымға ғылыми бағытты дұрыстап көрсете алмауға байланысты, 1969 жылы оның басқа ғылыми зерттеу институтына ауысуына тура келді.

Сол тұста Ташкент қаласында Орта Азия мұнайды қайта ұқсату ғылыми институты жаңадан ашылған еді. Сонда рентген талдауы бойынша топ бастығы болып орналасты. Мұнда оның ғылыми жұмыстарының барысына өте қолайлы жағдай жасалды. Өзінің қалауынша ғылыми тақырыбын анықтап, зерттеу жұмысымен айналыса бастады. Мұнайды қайта ұқсатуда қолданатын гидрогенизациялау процесіне қажетті Ренея никелі катализаторын түбегейлі зерттеуді қолға алып, катализатор дайындауға шындап кірісіп кетті. Осы кезде институттың физхимиялық зертханасына қажетті аппараттар мен аспаптарды тапсырыс арқылы алдырып жатқан болатын. ДРОН-2 мен электронография микроскобын өзі тапсырыс беріп алдырды.

Осындай жарақтандыру жүріп жатқан кезде уақытты тиімді пайдалану үшін ғылыми іссапарларға шығуды жөн деп білді. 1966 жылы Ресейдің Новосибирск қаласына жақын орналасқан Кеңес Одағындағы үлкен ғылыми орталықтың (КСРО ҒА СБ) катализ ғылыми зерттеу институтының директоры, академик Георгий Боресковпен жолығу мүмкіндігі туды. Бірнеше рет кездескенде тәжірибелі ғалым катализаторды зерттеу жөнінде ой бөлісіп, жол-жобалар нұсқап, катализатордың беттік қабаттарын бар әдістер арқылы толық зерттеуді қадап айтты.

Төкең үлкен ғалымның ескертуін ғылыми бағытының негізі етіп қабылдап, айтқан ақыл-кеңестерін орындауға бар мүмкіндігін пайдаланып кірісіп кетті. Алғашқы жарық көрген монографиясының аңдатпасында (Структура и физико-химические свойства поверхности активированных переходных металлов-катализаторов. Караганда: КарГТУ, 2002. 206 с.) сол академик ғалымның есімі ескеріле жазылған болатын.

1972 жылы Ташкент мемлекеттік университетінің химия факультетінің ғылыми диссертациялық кеңесінде (0.2.073 физикалық химия) «Исследование структуры никель-алюминиевых сплавов с добавками хрома, молибдена, вольфрама, железа и скелетных катализаторов на их основе» тақырыбында химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне диссертация қорғады. Бұдан кейінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің химия факультетімен, әсіресе, осы факультетке қарасты «Жану проблемасы институты» ұжымымен, оны басқарып отырған химия ғылымдарының докторы, профессор Зұлхайыр Аймұхаметұлы Мансұровпен ғылыми тығыз байланыс орнады. Төкеңнің докторлық диссертациясына байланысты мақалалары көбінесе кезінде ғылыми жетекшісі болған А.Фасманмен бірлесе отырып жазылып, арнаулы журналдарда жарық көрген болатын. 1980 жылы профессор Фасман АҚШ-қа көшіп кетті. Сол себепті кезекті диссертациясын кеңеске қабылдау проблемаға айналып, көп уақыты етектен тартқан «достарының» тигізген кесірінен бағытын өзгертіп, тоқырауға ұшыраған кезеңдерді де басынан кешіруге тура келді.

Әбден дағдарған Төкең өткенге салауат білдіріп, 3.Мансұровқа бар жағдайын айтып қаперіне жеткізген еді, ол мұны түсініп, ізгі адамгершілігін танытып, 2-3 мақаланы бірге жазуға келісімін берді. Содан әрі қарай өзінің арнаулы ғылыми кеңесінде докторлық диссертация қорғауға мүмкіндік туғызатынын білдірді. Сол институттың профессоры Б.Колесниковпен бірге екі үлкен мақала жазылып, «Вестник КазНУ» журналында (сер. хим. – 204, №1 (33) – с.57-60; 64- 69.) жарияланды.

З.Мансұров әріптес ғалымның еңбекқорлығын, әсіресе, нанотехнологиялық әдістерді жете меңгергендігін жақсы түсініп, қолынан келген көмегін аямады. Зекеңнің тікелей ұйғарымы бойынша ғылым докторы, профессор Колесников Нәлібаевтың ғылыми кеңесшісі болып тағайындалды. «Структура и физико-химические свойства поверхности скелетных катализаторов никеля Ренея» тақырыбындағы докторлық диссертациясы 2004 жылғы 22 желтоқсанда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің жанындағы Д14А01.02 диссертациялық кеңесінің отырысында қорғалды. Диссертацияға жетекші ұйым – Ресей Ғылым академиясының Н.Семенов атындағы Химиялық физика институты (Мәскеу) өте жоғары бағасын берді.

Кейінгі кезде осы диссертациялық кеңесте 7 кандидаттық және 4 докторлық диссертацияны қорғаудың ресми оппоненті болып қатынасты. 100-ден астам ғылыми жарияланымдардың, 4 монографияның, 2 оқулықтың, 2 оқу құралының авторы. Республикалық және халықаралық конференциялар мен симпозиумдардың қатысушысы. Бүгінде Елбасымыз қанаттанған білім ордасы – Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Өнеркәсіптік экология және химия» кафедрасында «Жалпы химия», «Бейорганикалық химия», «Химия», «Жалпы химиялық технология» пәндерінен сабақ береді.

«Ғылымның мүмкіндіктерін терең аңғару мен оның құрылымына көз жеткізу арқылы, тәуелсіз өмірімізді жаңарту мен жаңғыртуға бетбұрыс жасауда, жаңа өндірістік технологияларды ұтымды пайдалану бүгінгі таңдағы басты мәселеге айналуы қажет», – дейді бізбен әңгімелескенде ғылымның көркемдігін көре білген, тартымдылығын тани білген сексеннің сеңгіріндегі тарланбоз ғалым білім ордасының еңселі ғимаратына қарай сергек басып бара жатып…

Сәбит БЕКСЕЙІТ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

ТҮРКСОЙ-дың «Ұлы Түрік Қыраны» медалінің иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button