Абай

«Тыныштыққа ештеңе жетпейді…»

Абай ауданында «Родники» славян этномәдени бірлестігі, «Русалица» славян этномәдени орталығы, «Сударушки» орыс этномәдени бірлестігі, «Ляйсен» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі, «Хвилинка» қоғамдық украин этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Олар ауданның өміріне белсенді араласып, жастарға патриоттық әрі өнегелі тәрбие беруде сүбелі үлес қосып келеді. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай, өңір халқын арнайы құттықтап, игі тілектерін жаудырды. Бұл ізгі ниеттен туған бастамаларын таспаға жазып, әлеуметтік желілер арқылы жариялады.

Этномәдени бірлестіктердің аталған шарасына біз де қатысып, еліміз бен жерімізге, мәдениетіміз бен тілімізге деген құрметіне риза болдық.

– 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Бүгінде біз тұтас тату отбасымыз. Осы бейбітсүйгіш көңіліміз тарылмаса екен. 17 жылдан бері «Литуаника» этномәдени бірлестігінің, қазір Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесімін. Осы шараны естіп, әріптестерімді қолдауға келдім. Бүгінде Қазақстанда әр этностың туған тілі мен мәдениетін сақтап, дамуына бар жағдай жасалған. Болашаққа сеніммен қарап, жігерлі жас буынды тәрбиелеудеміз. Облыста 3 мыңға жуық, Абай ауданында 100-ге жуық литвалық тұрады, – дейді Вида Грейчуте.

Бір таң қалғанымыз дүнген этносының өкілдері қазақ тілінде таза сөйлейді екен, түрлері де ұқсас. Танымайтын адам қазақ деп ойлауы анық. Олар өте еңбекқор, сонысымен көпке үлгі.

– Дүнген этносының өкілімін. Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстанда бейбіт өмір сүрудеміз. Ешкім бізді бөліп-жарған емес. Абай ауданы, Жартас ауылында тұрамыз. Онда түрлі этнос өкілдері өзара түсіністікте тату ғұмыр кешіп келеміз. Ауданда 400ге жуық дүнген тұрады. Ел қатарлы еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосудамыз, – дейді Рашид Санвазов.

Татар-башқұрт ағайындардың да тілін біз аудармашысыз-ақ түсіндік. Өйткені, қазақ тіліне жақын. Олардың бір ерекшелігі ұлттық киімдері тартымды, өмірге деген құштарлығы өте жоғары екен.

– Тарихи Отанымызды сағынамыз. Бірақ, Қазақстанға бауыр басып кеттік. Балаларымыздың бәрі жоғары білімді. Жұмысымыз бар, жалақыны уақытылы береді. Абай аудандық мәдениет үйінде татар-башқұрт этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Мен жетекшісімін. Жеке жұмыс кабинетіміз бар, емін-еркін жұмыс атқарудамыз. Рухани құндылықтарымызды сақтап, дамып келеміз. Жыл сайын «Сабантой», «Чәк-Чәк» сынды мерекелермізді атап өтеміз. Қазір індеттің кесірінен тоқтап тұр, – дейді Дилара Сайфуллина.

Ал, башқұрт қызы Фидалия Гильшиярова Башқұртстаннан қалай келгенін әдемі естеліктерімен көмкеріп айтып берді. «Жігітім Қарағандыда шахтасында жұмыс істейтін. 1974 жылы мені осында алып келді. Басында қайда келе жатқанымды білмедім. Бірақ, үйренісіп, сіңісіп кеттік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елмен бірге қиындықты да көрдік. Елбасының салиқалы саясатының арқасында ол қиындықтар артта қалды. Қазір жұмыс істеймін деген адамға бар жағдай жасалған. Тату-тәтті өмір сүріп, өніп-өсудеміз» – дейді ол. Ал, қызу қанды кавказдықтардың сөзге берік, ержүрек келетінін білеміз. Олар да Қазақстанды өз Отаны санайды және құрмет тұтады.

– Шешен-ингуш диаспорасының өкілімін. Абай ауданында туып-өстім. Қазақстан – менің Отаным. Тарихи Отаныма барсам да, үнемі мені осында тартып тұрады. Мектепте оқығанда да қазақ, неміс, татар, өзбек сынды түрлі ұлт өкілдерімен дос болдым. Қазір де бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүрудеміз. Елдегі осы тыныштық пен тұтастықты бағалауымыз керек. Өйткені, басқа мемлекеттерде соғыс өрті өршіп тұр. Елбасы мен Президентіміздің арқасында 130-ға жуық этнос өкілдері тең құқылы өмір сүрудеміз. Ассамблея сынды бірегей институт басқа бірде-бір елде жоқ. Тыныштыққа ештеңе жетпейді, аспанымыз мәңгі ашық болғай, – деді Джанболат Джавтаев.

Иә, шындығында тыныштық болса, бірлік пен өзара түсіністік болары сөзсіз. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп атам қазақ бекер айтпаған. Бірлік пен келісімнің арқасында еліміз дамып, әл-ауқатымыз артуда. Байтақ өлкеміздегі бейбітшілікті сақтау – әрқайсымыздың міндеміз.

Жәлел ШАЛҚАР.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button