Бас тақырып

“Трущобалық” урбанизация немесе ауылды қалай сақтап қаламыз?

Әуелі, «трущобалық», яғни, жалған урбанизацияның не екенін жіліктеген жөн. Жағырапия, әрі саясат тілінде, бұл – қалаларға көшкен халықтың сол қала әлеуетімен сәйкес келмеуі. Яки, сол шаһардағы тұрғын үй, жұмыспен, әлеуметтік қамтуда қала мүмкіндігінің адам санына сай еместігі. Баланстың, тепе-теңдіктің жоқтығы. Қоныстанушылардың қаланың экономикалық-әлеуметтік өсімінен асып түсуі. Осы арада көзіңізге таразыны елестетіңіз. Таразының бір басына халықтың мөлшерден тыс саны, екінші жағында қаланың оларды асырап-сақтайтын потенциалы тартылды делік. Ал, бүгінгі жағдай жалған урбанизацияның таразы тасын төңкеріп тастайтындығын көрсетеді. Ол дегеніміз, басым көпшілігінің тұрақты жұмыс, үйсіз-күйсіз тірлік кешуі. Міне, осыны «трущобалық» урбанизация – жалған урбанизация деседі ғылым. Осы кезде қалаға жөңкілген көш пен баспанасыз, жұмыссыз қаңғыған бұқара жалған урбанизацияның «белді», әрі «сенімді» мүшесі. Мұндай урбанизацияның соңы – әлеуметтік қақтығыс, шиеленістер, мәдени, рухани кедейлену, маргиналдану. Ол – анау он бес жыл бұрынғы «Шаңырақ» қақтығысы. Ол – анау айдың-күннің аманында бес баланың тірідей өртеніп кетуі. Ол – анау қоғамдық орында еркек, әйелі демей, жаға жыртысқан, бет тырнасқан бейәдептігі. Ол – маргиналдануы. Ол – жұмыссыздардың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың көбейе түсуі. Ол – қалалық жерде ауылдық өмір салты ошақтарының пайда болуы, тағысын-тағылар…

«Өгізге туған күн бұзауға да туады»

Үкімет 2019 жылы «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын» қабылдады. Онда үш басты бағыт бар. Төрт агломерация – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе мен «екінші деңгейдегі» қалаларды дамыту, моно және шағын қалаларды, ауылдық елді мекендерді дамыту көзделген. Урбанизация деңгейі егжей-тегжейлі жазылған. Әлбетте, урбанизациясыз экономиканың дамуы да күрделі. Тек кемелденген, жоспарланған урбанизацияда ғана ілгерілеу мүмкін. Стихиялық сипаттағы урбанизацияның соңы – жақсылыққа апармайтынын жоғарыда атап өттік. Қарағанды үшін бұл мәселе – әзірге асқына қойған жоқ. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы жалған урбанизация күшті. Десе де, «өгізге туған күн бұзауға да туарын» еске салғымыз бар. Жария етілген деректерге жүгінсек, Қарағанды аймағында бүгінде урбанизация 80,8 пайыз көлемінде. Бұл – 1097,9 мың адам. Ауылда – 279 мың ғана адам. Оның пайыздық үлесі – 20 пайыз шамасында. Бұған ауылдың қартайып бара жатқанын және қосыңыз. Есесіне, қалада өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, тұрақты жұмысы жоқтардың саны еселенгені күмәнсіз. Қарағанды облысы статистика департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтер былтыр облыс ішінде көші-қонға 64250 адам қатысқанын, оның 2019 жылға қарағанда 23,3%-ға артықтығын алға тартады. «Сонымен қатар, облыс ішінде тұрған жерлерін өзгертуге байланысты қала тұрғындарының саны өсті. Ауылдық елді мекенде тұратындар – 3861 адамға төмендеді. Айтарлықтай көші-қон өсуі Қарағанды қаласында (4731 адам) байқалды», – дейді статистика департаменті.

Енді облыстағы, соның ішінде, қалалық жерде күнкөрістің ең төменгі деңгейінен де төмен табысы бар халықтың үлесі 3 пайызды құраған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға көп көрінеді. Ал, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 1,8 есеге кеміген. Ойланатын мәселе ме? Мәселе! Әлеуметтік ахуалдың күрделенуі, жұмыссыздықтың өршуі деуіміз осыдан. Айталық, биылғы 2 тоқсанда облыста 31 мыңға жуық жұмыссыз тіркеліпті. Сөйтіп, аймақтағы жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды көрсетті. Олардың 43 пайызы – 35-54 жастағы, 47,7 пайызында орта кәсіптік білімі бар дейді тағы. Бұл – тіркелгендері ғана. Жұмыс сұрап, арнайы орындарға бармағандар қанша? Оның санын ешкім нақты айта алмайды және айтылмайды да.

«Ойластырылмаған урбанизация қалаларды аздырып, ауылдарды тоздырады»

Ауылдың көшін тоқтататын мемлекеттің нақты бағдарламасы қажет. Ол қала мен ауылды теңестіретіндей болуы тиіс. Отыз жыл бойы анау делінді, мынау делінді. Әйткенмен, ол бағдарламалардың бәрі ауылда халықтың тұрақтауына септігін тигізбеді. Үкімет «Ауылды жасанды жолмен ұстап тұру тиімсіздігін» де айтқанын білеміз. Бірақ, ауыл шаруашылық өнімінің 80 пайызын сол ауылдағы ағайынның жеке шаруашылықтары беретінін де Үкімет естен шығармауы тиіс. Осы орайда, ауыл адамының жағдайын толық қамтамасыз ететін бағдарлама сұранып тұр. «Дипломмен ауылға», «Ауыл – Ел бесігі» мәселені түбегейлі шеше алмайды. Кеңестік жүйенің барлық жақсылық-жамандығын бірдей көрген аға буынның айтуынша, Совет өкіметі ауыл адамын қалаға алаңдамай, шаруасын дөңгелетіп қана ауылдан қозғалмайтын жүйе қалыптастырған. Барлық жағдайын толықтай қамтамасыз еткен соң ауыл адамы қалаға қарап «ұлымаған» сол кезде. Шовинистік пиғыл әдейі жолатпады дерсіз. Ол да мүмкін. Алайда, ауылдағы табысы – қомақты, басында – баспанасы, астында – көлігі, алдында – малы, қасында жаны түгел еді. Әрине, бұл ауылдың адамы қалаға көшпесін дегендік емес. Қарапайым, мамандығы сұранысқа сай емес ауыл адамының екі ортада шөре-шөре болып қалатындығы. Қалаға келіп, қаңғып, содан соң маргиналдануында – мәселе. Қазір әлеуметтік желі, мейлі күнделікті тіршілік болсын, қалада ауылдық өмір салтының белең алып бара жатқанын мойындауға тиіспіз. Ниқанбай ОМАРХАНОВ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

– Соңғы жылдары Қазақстанның ірі қалаларыңда халық саны артып келеді. Қаланы қазақтан қызғанбаймыз. Жайлы тұрмыс үшін келіп жатқаны түсінікті. Алайда, қаланың жаңа тұрғындары көбейгенімен, халқы көшкен ауылдар бос қалып жатыр…

Бүгінде билік баса назар аударуы тиіс екі мәселе болса, соның бірі – ішкі көші-қон. Тіпті, бұл үрдіс стихиялық сипат алып кетті деуге болады. Себебі, соңғы бір жылда бірнеше қала мәртебесіне сай болмай шықты. Ұлттық экономика министрлігі таратқан мәліметке сенсек, соңғы 10 жылда қала халқы 8 есеге өскен. 2020 жылы республикада ішкі көші-қон көрсеткіші 59,1% құраған. Урбандалу бүгінгі замандағы ғаламдық құбылыс дегенімен, жаңа тұрғындарды қабылдауға ірі қалалардың өзі дайын болмай отырғанын да көріп отырмыз. Қазақстан Үкіметі екі жыл бұрын «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама ауылдардың ажарын ашып, ондағы тұрмыс сапасын қаламен теңестіруі тиіс. Бастапқы кезеңде болашағы бар ауылдар анықталды. 2025 жылға дейін 800 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаржы ауылдағы инфрақұрылымды дамытып, өмір сапасын қаланың жағдайымен теңестіруге жұмсалмақ. Биыл Үкімет Қазақстан ауылдарын көтеру үшін 106 млрд. теңге бөлген екен.

Немістен неміз кем?

Ниқанбай Иманғалиұлының айтуынша, 2012-2019 жылдар аралығында елімізде 500-ге жуық ауыл жойылған.

«Үкімет бір бағдарламаға байланбай, ауылдарды көркейтуге күш салуы тиіс. Бүгінге дейін бөлінген қаржы мен күткен нәтижеге қаншалықты сай келеді деген сұрақ кез келген ақыл иесін толғандырары сөзсіз. Егер ауылды көркейтіп, ішкі көші-қонды реттемесе, біраз жылдан соң ауылда тұратын адам қалмайды. Ойластырылмаған (стихиялы) урбанизация қалаларды аздырып, ауылдарды тоздырады. Сондықтан, «ауылдық» урбанизация, яғни, бүгінгі асқынып кеткен қала мен ауылдың арасындағы жер мен көктей қарама-қайшылықты реттеу принципін қалыптастыруға күш салу басты мақсат болуы керек», – дейді Ниқанбай Иманғалиұлы.

Германияда осындай бағдарлама бар екен. Көшіп келгендерге ауылдарында арнайы қоныстануы үшін мемлекеттік қолдау жасалады деседі. Барлық мүмкіндіктер бар. Содан шығар, бүгінде Германияда ауылдық жерде бизнестің шағын және орта түрі өріс алуда. Бірақ, бір ғажабы қаласы мен ауылының айырмасы жоқ.

– Бір-бірімен тұрмысы, тіршілігі жағынан біте қайнасып кеткен. Яғни, инфрақұрылымы, өркениеттік жағынан алғанда бөле-жарары жоқ. Сол себепті екі жаққа да халық ағыл-тегіл жүре береді, – дейді Гейдельберг Университетінің география профессоры Ульрике Герхард.

Мұнда да кейбір ауылдардың босап қалу қаупі бар көрінеді. Сондықтан, билігі қол қусырып отырған жоқ көрінеді. Олар «Біздің мақсат – қала мен ауылда өмір сүрудің бірдей шартын қалыптастыру» дегенді ұранды ұстаныпты.

Жалған урбанизация опа бермейді

Жалған урбанизация ең алғаш рет Латын Америкасы, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінде жүрген. Жалған урбанизацияның салдарынан бұл елдерді жаппай жұмыссыздық жайлап, әлеуметтік ахуал қиындай түскен. Қоғам белсендісі, білікті педагог Аятжан Ахметжанұлы «Nur.kz» сайтында берген сұхбатында былай дейді…

«1» «Ы», «Ю» – сыныптарының ашылуы, әрине, қуантарлық жағдай емес. Ол екі түрлі нәрсенің көрінісі. Біріншіден, бір мектепке 700-800 оқушының бірінші сыныпқа баруы мектеп жетіспеушілігін білдіреді. Себебі, бірінші сыныпқа 600-700 бала баратын мектептің сыйымдылығы кемінде 6000-7000 бала болуы керек деп ойлаймын. Өйткені 11 сынып бар. Ал ондай үлкен мектептер бізде жоқ. Біздегі мектептердің ең үлкені 2000 балаға арналған. Екіншіден, дәл бір жерде «Ы», «Ю» сыныптары ашылып жатқанымен, шыны керек, бір жерде мектептер жабылу алдында тұр. Елімізде ішкі көші-қон қарқынды түрде жабайы миграцияға айналып кетті. Бізде тек қана үш қалаға топтасу науқаны қатты. Иә, урбанизация әлемдік деңгейде жүріп жатқаны рас. Бірақ бізде урбанизация Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент мегаполистерінің айналасында жүріп жатыр. Бұл жабайы миграция болашақ емес, қазірдің өзінде облыстардың, моноқалалардың, ауылдардың босауына алып келіп жатыр. Дәл қазіргі қарқынмен кете берсек, 2025 жылы еліміздің 60% халқы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент үш қалаға шоғырланып қалады. Ауылда қаншама мектеп жабылып жатыр. Сондықтан, Нұр-Сұлтан мен Алматы сияқты үлкен қалаларда параллель сыныптардың көп болуы қуантарлық жағдай емес».

Түйін

Бүгін тағы ауылға «қайтып» келдік. Ауылдан шыққан соң ауылды сөз қылу емес – бұл. Осы күні ауылды – экономикалық дамудың бір күшті драйвері деп көретін және сезінетін хомо сапиенс ретінде оралған жай бар. Ауыл тақырыбы, қазір жиі қолданылатын «модный» сөзбен айтқанда «тізесі шыққан» тақырып. Ауылдан ажар тайған отыз жылда ол жөнінде күліп те, жылап та жазғандар, айтқандар да ырғын. Әттең, нәтижесі – анау айтқандай керемет емес. Мемлекет атаулы бағдарламамен ауылға қараспайынша, ауылда адам қалмайды…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button