Руханият

Тоғыз шаршы метр: шедеврлер туған шеберхана

Үстел үстінде үнсіз жатқан қара телефонға кенет жан бітті. Жарты сағатта бетіне жұқалап қонып үлгерген тозаңды сілкіп тастағысы келгендей. Жалт-жұлт жанып, қос қапталына кезек құлағысы бар. Бұлт-бұлт етіп, қатарындағы қашауға сүйкенді…

Алдындағы дөңбекті айналдыра шауып отырған шебердің құлаққа сіңген әуенге мойын бұрғысы жоқ-ты. Маңдайы жіпсіп, бауыры жазылған аттың күйіне түскен шағы еді. Басын көтеріп, мұрнына еңкейте ілген көзілдірігінен кіржие біраз қарады. «Мүмкін өзі де тынар» дегендей. Жоқ, айнасы жанып-сөнген қара телефонның қашауға сүйкенгенін қояры жоқ. Шебер шапашотын іргеге сүйеп, қара телефонды селсоқ қолына алды. Алақандай айнаға тізіліп шыққан бейтаныс номерге қарап күбірлей құлағына тосты…

– Әлеу…

Кезекті тапсырыс… Бір айдың мұғдарында домбыра қажет.

Әйткенмен, шебердің жаз шыққанша көлденең дүниеге мойын бұрар мұршасы қане?! Кезегіне жіп тағып қойған қазақтың қарасы қалың. Әлемнің ақшасын төксе де, «айтылған сөз – атылған оқ».

– Ренжіме, бауырым. Маусымға дейін қолым тимейді.

Әңгімесін қысқа қайырған шебер Аман Сәдуақасов шапашотын қайта қолына алды…

Шебер жұмыс үстінде

Қазір көргеніміз – кейінге дерек

«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра,

Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!

Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:

Одан асқан жоқ шежіре,

Одан асқан жоқ дана!».

Қадыр ақын айтқан домбыраның қадірін танып, кие тұтқан жанның бірі – біздің кейіпкеріміз. Домбыраға бейілі ауды, ғұмырын жұмсады. Адал еңбегімен абырой жинады. «Аман жасаған домбыра» десе, жұрттың көңілі алабөтен.

Құрманғазының есіміне, оның күйлеріне қазақтың құлағы қанық. Тәттімбетті шертпе күйдің атасы деп танимыз. Салған әні алты қырдың астынан жеткен Біржан сал, Ақан сері, Әміре сынды дүлдүлдеріміздің мұрасы мәдениетіміздің «Алтын қорына» енді. Ұсақ әңгіме демеңіз, алайда, сол сұңқарларымыздың жанын жұбатып, серік болған домбыраны шапқан шеберлерден дерек қалмағаны өкінішті.

Жадыда жоқты жаңғырту мүмкін емес, әлбетте. Тек, бар амалымыз – қазір көргенімізден кейінге дерек қалдыру. Қаламды қолға алғандағы ойдың бірі – сол-тұғын. Нұрғиса Тілендиев, Мағауия Хамзин, Қаршыға Ахмедияровтай алыптарды тәнті еткен, Ғалым Мұхамедин, Серік Оспанов, Жақсыкелді Кемалов, Аманжол Әлтаев, Дәуренбек Әркенов сынды майталмандардың талғамынан шыққан аспаптардың авторын тағы бір мәрте атап өткенді жөн көрдік. Марқұм Мейірхан Адамбеков те Аужекеңнің домбырасын шертіп тұрып, аспандағы аққуға әнін қосқан. Тәттімбет оркестрін де жасақтады.

 

Ағаның ақылы

Рас, ағаштан түйін түйген Аман шебердің Алашқа аты мәшһүр. Қашау ұстаған отыз жылдың жемісі – талай мәрте баспасөз құралдарының ықыласы түсті. Теледидардан сөйледі, тілшілер очеркіне де кейіпкер болды.

Содан көзіқарақты оқырман жақсы біледі: Аман ағамыздың кіндігі Ақтоғайда кесілген. Ал, домбыра жасауға Талдықорғанда жүріп бет бұрды.

Қайта құру жылдары Қазақстанда ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға құлшыныс күшейді. Дәстүрлі ән өнеріне, онымен қатар, ұлттық аспаптарға ынта артты. Жер-жерде домбыра жасайтын цехтар ашылды. Сынған домбыраны жамап-жасқауды машық етіп жүрген Аман ағамыздың Жетісуға танымал «Алтын дән» ансамблінің жанынан құрылған шеберханаға шақырылатыны осы кез. Арада уақыт өте І.Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институты басшылығының қолқасымен оқу орнының ішінен шеберхана ашады. Жанына шәкірт ертеді, бір-екі жылда республикалық байқауларда олжа салып үлгереді.

Шебер Жетісуды мекен етіп қалар ма еді, Мағауия Хамзин ағамыздың бір ауыз ақылы болмаса…

Алматыдағы кезекті бір байқауда домбырасы қола жүлдені әперіп, мейманасы тасып тұрған шақта Мағауия ағасы жанына келеді.

– Кімсің, қай ауылдың баласысың?

Інісі екенін білген аға бауырына тартып, өзімсіне ақылын қосады.

– Елге қайт, бауырым. Қарағанды, Балқаш өңірі де орыстанып кетті. Сен бармасаң, мен бармасам, ол ел кімге керек? Ұлтан болып қызмет етейік.

Заңғар тұлғаның өтініші – арқалатып жіберген аманаттай еді. Аман шебер солай қабылдады. Және «құланның қасуына – мылтықтың басуы», Балқаш әкімдігі ұлттық орталық ашу қамына кіріскен ол шақта. Сәл бұрын «орталықтың шеберханасының тізгінін тапсырсақ» деген ниетін танытқан-ды. Сөйтіп, 1993 жылы Балқашқа көш түзеді. Кейін Мағауия күйші де Көкше теңіздің жағасына қоныс тепті.

Балқаш билігі шеберді алақанына салды: шеберхана ашып берді, басына баспана әперді. Бес жылға келісімшарт жасасты. Бұл ұлттық орталықтың жұмысын жүргізді, өнер ұйымдарын қажетті аспаппен қамтыды.

Ал, Қарағандыға жиырма жыл бұрын қазық қақты. Жоғарыда айтқанымыздай, Арқада да абыройдан кенде емес. Аршадан домбыра шабатын жалғыз шебер деген атағы алысқа жайылды. Тіпті, бір домбырасын Астрахандағы Құрманғазы музейі алдырды. Арша домбыра аңсаған ағайын айлап-жылдап кезекке тұратын беделге жетті. Екі жыл бұрын «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін өңіріне жарқырата тақты.

 

«Домбыра көкпарға түспеуі тиіс»

Дегенмен, өнері жұртқа жаққан шебер базынасын билік жиырма жылда бір құлағына ілмегеніне налиды. Қағаз-қаламымызды құшақтап, қаланың бір шетіндегі үйіне арнайы барған бізден де жасырмады. Тоғызыншы қабаттағы пәтердегі тоғыз шаршы метрлік шеберханада отырып сұхбаттастық. Құрқылтайдың ұясы дерсіз. Шаң жұтып отырып тыңдадық.

– Портреттік мақала жазуға оқталып келгеніңді біліп отырмын. Бірақ, мен туралы небір мықтылар жеріне жеткізіп жазған. Қарсы болмасаң, домбыра жасау, жалпы, ұлттық аспаптарды жасау ісін дамытудағы мәселелер туралы сөз қозғасам деп отырмын. Алланың қалауымен Пайғамбар жасына жеткенде айтпаған шаруаны қашан айтамыз?! – деді шебер шанақтарды сөреге қалап жатып.

Аман аға ұлттық өнерді бизнес көзіне айналдырып жіберген қазіргі жүйеге өкпелі. Білсеңіз, қазір қаптап жатқан ансамбль, оркестр, музыка оқу орындары да тендерсіз тапжылмайды. Ұлттық аспаптарға тапсырыс берерде тендер ойнатуға міндетті. Тіпті, мектептердегі қарапайым үйірмелер де тендерге байлаулы. Бір оркестрге 15 домбыра қажет. Басқа да аспаптар бар. Қыруар ақша. Ақша жүрген жерде пысықайлар да жүретіні белгілі.

– Оңтүстікте, Алматыда аспап цехы көп. Тиіп кеткеніңіз домбыра жасайды. Бір өкініштісі, домбыраның сапасына, үніне қарамайды. Шебер домбыра тарта білуге міндетті. Ал, оларда нағыз өндіріс. Алматыда бір цехты білемін, бір айда 150-200 домбыраны шемішке шаққан құрлы көрмейді. Осакаровкада болған фабрика сияқты. Бағасы 30-35 мың теңгеден басталады. Сол цехтар тендерге түскенде міндетті түрде ұтады. Домбыра – құрылыс материалы емес қой. Ұлттық өнерімізге жанымыз ашыса, домбыра көкпарға түспеуі тиіс, – дейді Аман аға.

Тапсырыс беруші конкурс талаптарына домбыраның сапасы, сипаттамасы туралы жазатыны белгілі. Ал, сапалы дүние қымбат тұратыны тағы анық. Сонымен, сапасын талғап, қымбатын алайын десе, өзінің басына бәле. Құзырлы мекемелер тексеріп, сарсаңға салады. Және бюджет қаржысын үнемдеу деген міндет бар. Лажсыздан арзанын – мыңқылдақ, мылқау домбыраны місе тұтады.

«Сол аспапты өзіміз-ақ жасар едік»

Кенді өлкедегі мәдениет саласының тізгінін ұстап отырған азаматтардың іс-әрекетіне қарап отырып қарны ашады шебердің. Оңтүстіктегі цехтарға телмірмей, домбыра-қобызды үйіп тастауға қауқары барын айтады.

– «Қарнымның ашқанына емес, Қадірімнің қашқанына жылаймын» депті. Сол күйді кешіп жүрмін. Қарағандыға ат байлағаныма жиырма жылдан асты. Мәдениет саласындағы азаматтардың бәрі біледі, жақсы таниды. Бірақ, бір мәрте жылы емеурін танытқан емес. Қазір түгел оркестр, ансамбль Алматы, Шымкентке тәуелді. Егер, басшылық қолдаса, шеберхана жағынан көмектессе, сол аспапты өзіміз-ақ жасар едік. Маған ол жерден бір тиын қажет емес. Үш-төрт жігітті жаныма алып, баулып, үйретер едім. Оларға – өнер, қолөнерімізге – насихат. Нан табады. Алпыстан астық, енді қанша өмір қалғаны белгісіз. Жастарға үйретіп кету керек қой, – дейді шебер.

Айтуынша, шеберханаға көп қаржы қажет емес. Екі-үш станок, басқа да жабдығын алуға 5 млн. теңге жетіп-артылады. Сметасын әзірлеуге де даяр. Есесіне, өңірдегі өнер ұжымдары алыстан арбаламайды. Өзіміздің зат арзанға түсері сөзсіз, қалтаны қақпайды.

 

«Хамзин есімі елеусіз қалды»

Аман аға әйгілі Мағауия Хамзиннің алдын көрді. Балқашта иық тіресе қызмет етті. Ертеден домбыра шертіп, ән шырқайтын өнері бар ағамызға жақсыдан жұққаны ғой, «Өкініш» атты күй де шығарды. Мағауиямен қатар жүрген өзін Аман аға бақытты жандар қатарына қосады. Дегенмен, Тәттімбет, Қыздарбектердің мұрасын бүгінге жеткізген күйшінің есімі елеусіз қалғанына қынжылады.

– Домбыраға қамқорлығымыз кемшін түсіп тұрғаны жасырын емес. Домбыра күні әупірімдеп жүріп күнтізбеге енді. Ол да қуаныш. Әйтсе де, сол домбыраға, күй өнеріне ғұмырын сарп еткен тұлғаларымызды лайықты деңгейде дәріптей алмадық. Мәселен, шертпе күй шебері Хамзин есімі елеусіз қалды. Ақтоғай билігінің кежегесі кейін кетіп тұр. Небір алыптардың кіндік қаны тамған Ақтоғай үшін бұл – мін. Екі жылда бір күй байқауын өткізсе болар еді. Қазір әкім жаңадан келіпті ғой, кім білер, – дейді есіктің табалдырығын дымқыл шүберекпен қымтап жатып шебер. Қымтамасқа лажы жоқ. Тоғыз шаршы метрлік бөлме (өзі «шеберхана» атайды – авт.) есігін айналдыра шүберекпен бітемесе, ағаштан көтерілген тозаң түгел үйге тарайды…

…Мен қоштасып, шығып бара жатқанда да есікті жедел итере қойып, саңылауды жауып жатты. Кіреберіске ұзағанымша шапашоттың ағашқа кірш-кірш кірген дыбысы құлағыма жетті. Тоғыз шаршыда өтіп жатқан тіршілік үні.

Иә, шеберде мұрын сіңбіруге уақыт жоқ. Секен Тұрысбековке берген уәдесі бар…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button