«Тіл — үлкен саясаттың құралы»

Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ халыққа Жолдауында «Тіл – үлкен саясаттың құралы» деп, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдырудың уақыты келгенін айтты. Ол үшін бірінші кезекте барлық азаматтар, әсіресе мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілін сауатты қолдана білуі қажет. Кез келген тұлға отансүйгіштігін сөзбен емес, нақты істерімен дәлелдегені жөн. Мемлекеттік тіл саясаты әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді меңгеруге, ана тілін дамытуына, қалаған тілін үйренуіне жағдай жасап отыр. Әлбетте, тіл дегенде, ең әуелі егемендік еншіміз – мемлекеттік тілдің мәртебесі мен тұғырын сақтау әрі нығайту аса маңызды.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында барлық жұмыстарды жүзеге асырады. Аталған жұмыстардың ауқымды бір парасын тілдерді оқыту процесін ұйымдастыру құрайды. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында арнайы орталықтар мен курстарда мемлекеттік тілге – 1450 адам, ағылшын тіліне 1178 адам оқытылды. Кейінгі жылдары өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді оқыпүйренуге деген құлшынысы артып, оқыту орталықтары мен курстарға қамтылған тыңдаушылардың 50%-дан жоғарысын өзге ұлт өкілдері құрады.

Оқыту процесіне цифрлық технологияларды енгізу мақсатында 2018 жылы мемлекеттік тілді онлайн қашықтықтан оқыту курстары ұйымдастырылды. Курстармен Қарағанды облысы әкімі аппараты мен басқарма басшылары, «Сарыарқа» әуежайы қызметкерлері қамтылды. Оқыту жұмысы «Skype» бағдарламасының топтық жұмыстарға арналған қосымшасы арқылы жүзеге асырылды. Бұл тәсіл алдағы уақытта латын графикасына көшуге байланысты бейімдеу курстарын ұйымдастыруда да кеңінен пайдаланылатын болады. Онлайн режимі арқылы қашықтан қол жеткізу мүмкіндігін пайдалана отырып, оқыту орталықтарының қазақ тілі оқытушыларының біліктіліктерін арттыру мақсатында 2018-2019 жылдары «STEAM» жүйесі бойынша тіл оқытуда мультимедиялық технологияларды қолдану» атты онлайн семинар-тренинг өткізілді. Бұл қазақ тілі курстары тыңдаушыларының, соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін тиімді меңгерулеріне мол мүмкіндік береді.

«Қазтест» қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі, мемлекеттік стандартқа негізделген қазақ тілін оқытудың коммуникативтік тілдік құзіреттілік талаптарын анықтайтын типтік бағдарлама енгізілген соң, осының барлығы тіл оқыту әдістемемізді заман талабына сай қайта жаңартуымызға түрткі болды. Бүгінгі таңда «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешені А1, 2, В1, В2 және С1 деңгейлеріне арналған оқу құралы, жұмыс дәптері және аудиодисктен тұрады. Басқа облыстардағы тіл оқыту орталықтары осы кешенді оқыту процесінде қолданатындарын мақтанышпен айта аламын. 2017 жылы кешен республикадағы ең үздік кешен деп танылып, республикалық бюджет есебінен шығарылып, барлық облыстарға таратылған болатын. Алдағы жоспарымыз – осы кешенді латын графикасы негізінде шығару. Сондай-ақ, 2018 жылы «Облыстық тілдерді оқыту орталығы» ЖК әдіскері Динара Қуанбаева Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауда бас жүлдені иеленіп, «үздік оқытушы» мәртебесіне жеткен болатын. Осының өзі Қарағанды облысында әдістемелік база жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді.

Өркениеттің өр биігіне шығарар берік тұғыр – ұлттық болмыс десек, сол ұлттық болмыстың бір ұшығы тілмен сабақтас. Орталық Қазақстан өңірінде тілдің қоғамдағы беделін нығайтып, оның барлық салаларда белсенді қолданысын қамтамасыз ету, жас дарындарды анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында рухани-мәдени, қоғамдық маңызды шаралар, тіл мәртебесін көтеруге бағытталған түрлі байқаулар тұрақты ұйымдастырылады. Жылда ұлы дана, ағартушы тұлғалардың, ақынжазушыларымыздың мерейтойларына орай республикалық, халықаралық деңгейде ғылыми-ағартушылық конференция өткізу дәстүрге айналды. Мәселен, өткен жылдары Шортанбай жыраудың, Қаздауысты Қазыбек бидің, Әлихан Бөкейханның, Ісләм Жарылғаповтың мерейтойларына орай конференциялар ұйымдастырылса, биыл Сәкен Сейфулиннің 125 жылдығы аясында ірі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуге дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы, Қ.Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым» жыр мүшәйрасы, Ақселеу Сейдімбек атындағы әдеби-шығармашылық байқау дәстүрлі негізде жолға қойылған.

Облыстағы тілдік ахуалды жақсарта түсу мақсатында алда үлкен міндеттер тұр. Соның негізгісі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өмірге келген қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бастамасы. Қарағанды облысы аумағында қазақ тілін латын графикасына көшіру бойынша кешенді жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанынан Ресурстық тіл орталығы құрылды. Өңірлердегі әкімдіктерде қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі маБұрнағы жылдарға дейін біз Тілдер күні мерекесін 22 қыркүйек күні атап өтетін едік. Өйткені, Қазақстанда 1989 жылы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» Заң қабылданған болатын. Енді Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес Қазақстан халқының Тілдері күні мерекесі жыл сайын 5 қыркүйекте тойланатын болды. Тілдер күні мерекесі мерзімінің ауыстырылуының себебі де жоқ емес. 5 қыркүйек – соңында «Ұлттың мандар алынды. Аталмыш мамандар өңірлер тұрғындарын жаңа әліпбиге дағдыландыру жұмыстарын жүргізуде. Олар әуелі мемлекеттік қызметшілерге ерекше көңіл бөліп, дағдыландыру жұмыстарын жүргізуде. Мәдениет және спорт министрлігі тіл саясаты комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» республикалық ғылыми-практикалық орталығы базасында ұйымдастырылып жатқан 72 сағаттық оқыту курсында біліктіліктерін арттырған Ресурстық орталық қызметкерлері облыс өңірлерінде оқытушылар дайындауда.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, адамзат тарихының сандаған ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі көрсеткендей, тіл қашан да қоғам өмірінің айрықша назарында тұратын құндылық. «Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры» деген ұранды ұстанған бабаларымыз ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді. Өйткені, тіл мәселесі – сол тілде қарым-қатынас жасап келе жатқан халықтың өткені мен бүгінгісін таразылай отырып, болашағын танытатын мәңгілік мәселе. Ендеше біз тұтас елдің түпқазығына айналып, ұлтты ұйыстырушы күшке ие болып отырған мемлекеттік тіліміздің абыройын асқақтатып, этнос тілдерінің дамуына қолдау көрсетуге, оларды оңтайлы үйлестіруге, ұлтаралық келісім мен татулықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін нақты шараларды жалғастыра беруге тиіспіз. 

Гүлнәрайым ҚАҢТАРБЕКОВА,

 облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы.