Әлеуметтік көмектің әділетті өлшемі
Әлеуметтік саясаттың басты өлшемі – көмектің шын мұқтаж жанға жетуі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге бірнеше мәрте назар аударып, өз Жолдауында әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету маңызды міндет екенін қадап айтты. Сонымен қатар, Президент атаулы әлеуметтік көмек нақты мұқтаждыққа қарай берілуі қажет екенін атап өтті. Демек, бүгінгі әлеуметтік қолдаудың негізгі бағыты – жәрдемақы тарату ғана емес, отбасының жағдайын жан-жақты бағалап, оны қиындықтан шығаратын нақты тетік ұсыну. Аймақта да бұл бағытта атаулы әлеуметтік көмек, көпбалалы отбасыларға арналған төлемдер, балаларға қосымша қолдау, кәсіптік оқыту, мемлекеттік грант, субсидияланған жұмыс орындары және отбасын әлеуметтік сүйемелдеу бағытындағы ілкімді істер ілгерілеп келеді.

Көпбалалы отбасылар көбейді, АӘК алушылар азайды
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өңірде 18 303 көпбалалы отбасы тұрады. Былтырғы осы кезеңде олардың саны 16 612 болған. Демек, бір жыл ішінде көпбалалы отбасылар саны 1 691 отбасыға артыпты.
Ал, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны керісінше төмендеп келеді. 1 мамырға дейін облыста 572 отбасы, яғни 2 638 адам АӘК алған. Бұл мақсатқа 127 млн. теңге бағытталған.
Салыстырып, зер салқа, 2023 жылы облыста 2 086 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, былтыр бұл көрсеткіш 1 422 отбасыға, 2025 жылы 993 отбасыға дейін төмендеген. Басқарма мамандарының түсіндіруінше, 2023 жылдан бері АӘК алушылар саны жыл сайын орта есеппен 30 пайызға қысқарып келеді. Бұл азаматтардың табысының өсуі, еңбекке орналасуы және мемлекеттік қолдау шараларының жүзеге асуымен байланыстырылады.
Бұл жерде бір жайтты ескерген жөн. АӘК алушылар санының азаюы әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасы мүлде жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл жүйенің біртіндеп ақшалай төлемнен еңбекке бейімдеу, табыс көзін қалыптастыру, кәсіпке бағыттау сияқты белсенді шаралармен ұштасып келе жатқанын көрсетеді.
АӘК кімге беріледі?
Атаулы әлеуметтік көмек отбасының нақты мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалады. Яғни, көпбалалы болу – АӘК алуға автоматты түрде негіз емес. Бұл көмекті алу үшін отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген шектен төмен болуы керек.
Өтініш түскен кезде отбасының құрамы, табыс мөлшері, тұрғылықты жері, еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамту шараларына қатысуы, мүліктік жағдайы және басқа да деректер есепке алынады. Қажет болған жағдайда учаскелік комиссия отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайын зерделейді.
АӘК алатын отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қосымша төлем қарастырылған. Бүгінге дейін облыста 820 бала осындай қосымша төлеммен қамтылып, оған 14,6 млн теңге бөлінген. Былтыр бұл төлем 1 422 балаға тағайындалып, жалпы 58,8 млн теңге төленген.
Сонымен қатар, өңірде жергілікті бюджет есебінен де бірқатар көмек түрі қарастырылған.
Мәселен, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленіп, оқып жатқан балалары бар көпбалалы отбасыларға жылына бір рет 10 АЕК көлемінде төлем беріледі. Биыл бұл сома 43 250 теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында көпбалалы аналарға және төрт және одан көп кәмелетке толмаған бала тәрбиелеп отырған отбасыларға жергілікті бюджет есебінен 20 мың теңге көлемінде біржолғы төлем беріледі.

Көмек алу жолы қандай?
Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына жүгінеді. Егер елдімекенде Мансап орталығы болмаса, өтініш ауыл, кент немесе ауылдық округ әкімі арқылы қабылданады.
Қазір әлеуметтік көмек рәсімдеу кезінде көптеген мәлімет мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы тексеріледі. Яғни, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын деректер, отбасы мүшелерінің тіркеуі, табыс көлемі, әлеуметтік төлемдер, еңбек қызметі, мүлік, көлік, банктік шоттар, несие, депозит, алимент, оқу, мүгедектік және басқа да мәліметтер электронды жүйелерден алынады.
Әлеуметтік көмек тағайындауда ең басты талап – отбасының нақты мұқтаждық деңгейі. Сондықтан, АӘК алу үшін өтініш беру жеткіліксіз. Отбасының жан басына шаққандағы табысы, еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамту шараларына қатысуы, ұсынылған мәліметтердің дұрыстығы толық ескеріледі.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының еңбек нарығын талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Айнагүл Ермағамбетованың мәліметінше, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылатын жағдайлар да кездеседі.
Сонымен қатар, еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмысқа орналасудан немесе жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысудан бас тартса, АӘК тағайындалмауы мүмкін. Бұдан бөлек, құжаттардың толық болмауы, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректермен сәйкес келмейтін мәлімет ұсыну, табысты жасыру, бірге тұратын отбасы мүшелері туралы толық емес немесе жалған ақпарат беру де көмек алуға кедергі келтіреді.
– Әлеуметтік көмекті тағайындауда отбасының нақты табысы мен материалдық жағдайы ескеріледі. Сондықтан, өтініш берушінің ұсынған мәліметтері мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректермен салыстырылады. Табыстың жасырылуы немесе отбасы құрамы туралы толық емес мәлімет берілуі АӘК тағайындаудан бас тартуға негіз болуы мүмкін. Көмек жалпы санатқа емес, нақты жағдайға қарай беріледі. Бір қарағанда отбасы көпбалалы немесе тұрмысы төмен көрінуі мүмкін. Алайда, ресми табыс, мүлік, қосымша кіріс, еңбекке қабілетті мүшелердің жұмыспен қамтуға қатысуы сияқты өлшемдер толық тексеріледі. Бұл қолдаудың шын мәнінде мұқтаж отбасыларға жетуі үшін қажет, – дейді Айнагүл Ермағанбетова.
Жәрдемақыдан – жұмысқа
Әлеуметтік көмектің басты мақсаты – отбасын ұзақ уақыт жәрдемақыға тәуелді ету емес. Керісінше, қиын кезеңде демеу болып, кейін тұрақты табыс табуға бағыттау.
Айнагүл Ермағамбетованың айтуынша, егер отбасында еңбекке қабілетті адам болса, ол Мансап орталығы арқылы ұсынылатын жұмысқа, кәсіптік оқуға немесе басқа да белсенді шараларға қатысуы тиіс. Мұндай талап азаматты еңбек нарығына бейімдеуге, жаңа дағды игеруге және отбасының табысын арттыруға бағытталған.
Басқарма дерегіне сүйенсек, облыста әлеуметтік осал топтардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау үшін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға өтеусіз мемлекеттік гранттар беріледі. Грант конкурс негізінде тағайындалады. Үміткердің бизнес-жобасы қаралған кезде оның сапасы, әлеуметтік маңыздылығы, бәсекеге қабілеттілігі және жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі ескеріледі.
Грант алушылар қатарына көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, қоныс аударушылар, қандастар, мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған азаматтар жатады. Биыл Қарағанды облысы бойынша 510 мемлекеттік грант беру жоспарланған. Бір гранттың мөлшері 400 АЕК-ке дейін, яғни, 1 730 000 теңгені құрайды.
Өз ісін бастауға ниетті азаматтар үшін «Бастау Бизнес» жобасының да мүмкіндігі бар. Биыл облыста жоба аясында 2 720 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту көзделген. Бұдан бөлек, жаңа мамандық алу немесе еңбек нарығында сұранысқа ие дағды игеру үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары ұйымдастырылады. Басқарма өкілінің айтуынша, мұндай курстар жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде оқу ұйымдарында немесе жұмыс берушінің жұмыс орнында өткізіледі. Кәсіптік оқыту ұзақтығы мамандық пен дағды ерекшелігіне қарай 6 айдан аспайды.
Оқу кезеңінде азаматтарға материалдық көмек те қарастырылған. Мәселен, медициналық тексеруден өтуге – 2 АЕК, жол жүруге – 4 АЕК, тұрғын үйді жалдауға – 10 АЕК мөлшерінде қолдау беріледі. Сонымен қатар, шәкіртақы төленеді.
Жұмысшы мамандықтары бойынша дағдыларды дамыту мақсатында «Skills Enbek» платформасы арқылы онлайн оқыту жүргізіледі. Платформада жұмысшы мамандықтарына арналған курстар, біліктіліктерді тану және WorldSkills бағытындағы оқу материалдары орналастырылады. Сондай-ақ, VR технологияларын пайдалана отырып, практикалық курстар өткізу мүмкіндігі қарастырылған.
Кімге қандай мүмкіндік бар?
Әлеуметтік қолдаудағы тағы бір маңызды бағыт – жұмыссыз азаматтарды субсидияланған жұмыс орындарына тарту. Бұл әсіресе, еңбек тәжірибесі жоқ жастарға, уақытша жұмысқа мұқтаж азаматтарға, 50 жастан асқан жұмыссыздарға және зейнет жасындағы адамдарға қосымша мүмкіндік береді.
Айнагүл Ермағамбетованың айтуынша, жұмыссыздарды қолдау мақсатында мемлекет субсидиялайтын бірнеше жұмыс орны қарастырылған. Соның бірі – жастар практикасы. Бұл бағдарлама білім беру ұйымдарының түлектеріне алған мамандығы бойынша бастапқы еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді. Оған оқуын соңғы бес жыл ішінде аяқтаған және жасы 35-тен аспаған азаматтар қатыса алады. Қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Ал, жалақы мөлшері 30 АЕК, яғни 129 750 теңге көлемінде белгіленген.
Қоғамдық жұмыстар да уақытша жұмыспен қамтудың бір түрі. Ол кәсіби даярлықты талап етпейтін, бірақ, әлеуметтік пайдалы бағыттағы жұмыстарға азаматтарды тартуға мүмкіндік береді. Қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Жалақы мөлшері кемінде 24 АЕК, яғни 103 800 теңгені құрайды.
– 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар үшін «Күміс жас» жобасы қарастырылған. Жоба зейнеткерлік жасқа жетпеген азаматтарды жұмысқа орналастыруға бағытталған. Оның аясында мемлекет жұмыс берушінің жалақы шығынының бір бөлігін субсидиялайды. Алғашқы 12 айда жалақының 70 пайызы, 13 айдан 24 айға дейін 65 пайызы, 25 айдан 36 айға дейін 60 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі. Алайда, субсидия көлемі 30 АЕК-тен аспайды. Жоба аяқталғаннан кейін қатысушыға зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орны ұсынылуы тиіс.
Былтырдан бастап облыста зейнет жасындағы азаматтарға арналған «Алтын жас» жобасы да іске қосылды. Бағдарлама 2025-2026 жылдарға арналған. Оған жасына байланысты зейнетке шыққан азаматтар қатыса алады. Қатысу мерзімі 24 айдан аспайды. Бұл жобада жалақының кемінде 50 пайызы жұмыс беруші есебінен, қалған 50 пайызы жергілікті бюджет есебінен субсидияланады. Субсидия көлемі бір ең төменгі жалақыдан немесе 85 мың теңгеден аспайды, – дейді Айнагүл Ермағанбетова.
Әлеуметтік көмекке қайда жүгінуге болады?
Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған мемлекеттік қолдау шаралары бойынша толық ақпаратты тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінен, сондай-ақ, қалалар мен аудандардағы Мансап орталықтарынан алуға болады.
Қарағанды облысында азаматтар мына байланыс нөмірлері арқылы кеңес ала алады: Қарағанды қаласы – 8 (7212) 95-55-82, Саран қаласы – 8 (72137) 7-90-77, Теміртау қаласы – 8 (7213) 95-55-55, Балқаш қаласы – 8 (71036) 4-40-61, Шахтинск қаласы – 8 (72156) 3-59-47, Приозерск қаласы – 8 (71039) 5-26-94.
Аудандар бойынша: Абай ауданы – 8 (72131) 4-22-24, 4-67-63; Ақтоғай ауданы – 8 (71037) 2-16-84; Бұқар жырау ауданы – 8 (72154) 2-10-38; Қарқаралы ауданы – 8 (72146) 3-18-99; Осакаров ауданы – 8 (72149) 4-13-74; Нұра ауданы – 8 (72144) 2-26-55; Шет ауданы – 8 (71031) 2-13-38.
Әйткенмен, әлеуметтік көмектің қолжетімділігі тек телефон нөмірімен немесе өтініш беру тәртібімен шектелмейді. Кей жағдайда отбасыға құжат рәсімдеуге, заңгерлік кеңес алуға, психологиялық қолдау табуға немесе бірнеше мекеменің арасындағы байланысты реттеуге көмек қажет. Мұндай кезде Отбасын қолдау орталықтарының қызметі алдыңғы орынға шығады.
Отбасын қолдау орталығы – арадағы көпір
Әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасының мәселесі көбіне бір ғана төлеммен шешілмейді. Біріне атаулы әлеуметтік көмек рәсімдеу қажет болса, екіншісіне алимент өндіру, құжат жинау, тұрғын үй кезегіне тұру, жұмысқа орналасу, баланы балабақшаға орналастыру немесе психологиялық қолдау керек. Осындай кезде Отбасын қолдау орталықтарының қызметі маңызды.
Қарағанды қаласының «Отбасын қолдау орталығы» КММ 2024 жылғы 9 ақпанда ашылған. Орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетеді. Негізгі мақсат – отбасын нығайту, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық қолдау көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және осал жағдайдағы отбасыларды сүйемелдеу.
– Орталыққа азаматтар көбіне әлеуметтік көмек, ажырасу, алимент өндіру, несие бойынша берешек, мүлікті бөлу және психологиялық қолдау мәселелері бойынша жүгінеді. Жыл басынан бері орталық тарапынан 584 отбасыға түрлі көмек көрсетілген. Оның ішінде 160 адам құқықтық көмек алса, 124 адамға психологиялық қолдау көрсетілген. Жұмыспен қамту мәселелері бойынша 60 адамға, әлеуметтік мәселелер бойынша 174 адамға көмек берілген. Сонымен қатар, 175 отбасына қайырымдылық және демеушілік көмек көрсетілген. FSM Social платформасы арқылы 213 сигнал түссе, «111» колл-орталығынан келген сигналдар бойынша 37 адамға қызмет көрсетілген, – дейді Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығы директорының орынбасары Амина Бажикова.
Орталықта бес әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман, бір психолог және екі заңгер қызмет атқарады. Әр маман өз бағыты бойынша жұмыс істегенімен, отбасындағы мәселе кешенді түрде қаралады. Әлеуметтік қызметкерлер отбасының жағдайын бағалап, қажет қолдау түрін айқындайды. Олар мемлекеттік жәрдемақыларға, әлеуметтік қызметтерге, оңалту бағдарламаларына, жұмыспен қамту шараларына немесе өзге де көмек түрлеріне бағыттайды.
Орталық азаматтарға өтініш тапсыру және құжат рәсімдеу бойынша да практикалық көмек көрсетеді. Атап айтқанда, тұрғын үй кезегіне қою, атаулы әлеуметтік көмек рәсімдеу, балабақша кезегіне қою, балалар мен ересектерді үйірмелер мен секцияларға тіркеу, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, мүгедектік анықтау рәсіміне көмектесу, материалдық көмек пен азықтүлік түріндегі демеушілік қолдауды ұйымдастыру бағыттары қамтылған. Барлық қызмет тегін негізде ұсынылады.
– Біздің орталыққа азаматтар өздері келіп жүгіне алады. Мекенжайымыз – Чкалов көшесі, 7 үй, 1-қабат. Сондай-ақ, телефон арқылы байланысуға, «111» байланыс орталығына жүгінуге немесе басқа мекемелер арқылы жолдама алуға болады. Орталыққа өздігінен келе алмайтын немесе орталық қызметі туралы білмейтін отбасылар мектеп, емхана, полиция және әлеуметтік қорғау органдары арқылы анықталады. Мұндай жағдайда FSM Social қосымшасы арқылы сигнал жолданады. Бұл көмекке мұқтаж отбасыға дер кезінде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді, – деді директор орынбасары.
Орталық жұмысының тағы бір маңызды бағыты – профилактика. Азаматтарға консультациялық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін тоқсан сайын «Ашық есік күндері» ұйымдастырылады. Онда отбасылар бір мезетте бірнеше маманның кеңесін ала алады. Алдағы уақытта қамтылатын отбасылар санын арттыру және мобильді топпен шығу жұмыстарын күшейту жоспарланған.
Түйін
Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін қолдау – қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына тікелей әсер ететін маңызды сала. Себебі, мұнда бір ғана отбасының бүгінгі тұрмысы емес, баланың болашағы, шаңырақтың шайқалмай, тұтас қоғамның орнықтылығы қатар жүрмек. Әлеуметтік көмектің мәні де осында. Ол уақытша төлеммен шектелмеуі тиіс. Мұндай қолдау отбасының өз мүмкіндігін қайта табуына, тұрақты табысқа ұмтылуына, еңбекке араласуына, балалардың қалыпты ортада өсуіне және қиындықты еңсеруіне жол ашқанда ғана нәтижелі болмақ.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



