Бас тақырыпЖаңалықтар

Теміртауда дәстүрлі ән фестивалі тұңғыш рет өтті

Теміртауда «Ән жайлауым менің» қалалық дәстүрлі ән фестивалі тұңғыш рет өтті.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Бұл шараның мақсаты ұлттық өнерді, төл мәдениетімізді дамыту, мәдени мұраны сақтау, насихаттау, Арқа дүлдүлдері Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Мәди, Естай, Үкілі Ыбырай мен Иман Жүсіптің және тағы басқаларының ән өнерін дәріптеу және қала тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастыру еді.

Дәстүрлі ән өнері – қазақ халқының мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Ол ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауызша таралып, ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді, тарихымыз бен дүниетанымымызды бейнелеп келеді.

Қазақтың дәстүрлі әні –тек өнер ғана емес, сонымен қатар халықтың өмір салты мен философиясының көрінісі.


Фестивальге жас өнерпаздармен қатар зейнетте жүрген алдыңғы буын өкілдері де қатысты. Қатысушылар сөз бен әуені сабақтасқан, ғибраттық мәні бар халық композиторлары мен Арқа дүлдүлдерінің әндерін тыңдаушылар назарына ұсынды.

Атап айтқанда, оннан аса әр түрлі салада жұмыс істеп жүрген қала тұрғындары сахнаға шығып, өнерлерін ортаға салды.

Сондай-ақ фестивальге қарағандылық белгілі өнер жұлдыздары Меруеш Башай, Ержан Базарбеков, Айтбай Жұмағұлов құрметті қонақ ретінде қатысып, өнерпаздарға марапат тапсырды.

Ержан ИМАШ
ТЕМІРТАУ

Автор: Ержан ИМАШ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button