Бас тақырыпЖаңалықтар

Дүлдүлдің үзілмеген асқақ үні

Биыл қазақ өнерінің жарық жұлдызы, сырлы саздың сардары, күміс көмей әнші, дарынды сазгер, шебер күйші, әрі көрнекті актер, Қазақ КСР Халық әртісі Манарбек Ержановтың туғанына – 125 жыл. Осыған орай Кеншілер мәдениет сарайында «Даланың дара дауысы» атты концерт өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Қазақ классикалық әнінің дүлдүлі, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қайрат Байбосынов пен дарынды әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин концерттің құрметті мейманы болды.

Ерік НАРЫН, «Ortalyq Qazaqstan»

Бұл кеште өткенге құрмет көрсетіліп, өнерге тағзым жасалды. Ұрпақтар сабақтастығына арналған рухани кеште ән қанатында тербелген ғұмырдың әуезімен қазақ өнерінің шоқтығы биік шебері Манарбек Ержановтың шығармашылық әлеміне саяхат жасалды.

1936 жылы Мәскеу төрінде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде «Қыз Жібек» операсынан Шегенің ролін сомдаған Манарбек Ержанов талайды тамсандырып, таң қалдырды, таңдай қақтырды. Сол кештің куәгері, көрнекті музыка зерттеушісі, композитор Борис Асафьев Манарбек Ержановтың өнеріне ерекше тәнті болып: «Мына бір әнші қазақтың кең даласын Мәскеу сахнасына алып келді-ау!», – деп сүйсінген екен. Ұлт өнері дүлдүлінің асқақ дауысының жаңғырығы күні бүгінге дейін үзілген жоқ.

Концерттің шымылдығын «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйімен ашты. Күйден кейін ән өнерінің бүгінгі жарқырап келе жатқан жұлдызы Медет Осатаев «Шегенің ариясын» шырқады.

Өнер зерттеушілерінің дерегінше, Манарбек Ержановтың өнер жолына түсуіне ұстазы әнші, әрі күйші Күсенбайдың тәлімі ерекше әсер етсе, кейіннен Шашубай Қошқарбайұлы мен Әміре Қашаубаевтай саңлақтардың өнері оның әншілік шеберлігін шыңдаған. Жасынан Біржан салдың, Ақан серінің, Естайдың, Жарылғапбердінің және басқа да дәстүрлі ән мектебі өкілдерінің шығармаларын орындаған Манарбек Ержанов халық әнінің тереңдігін бойына сіңіріп, өзіндік орындаушылық мәнерін қалыптастырды.

Жарылғапбердінің «Топайкөк» әнін Мәдениет саласының үздігі Құрмаш Ыбышев әуелетті.

Өнер иесінің есімі аталғанда, ең алдымен, ойымызға оның асқақ әншілік үні келеді. Алайда, Манарбек – әнші ғана емес, қазақтың музыкалық мұрасына қайталанбас қолтаңбасын қалдырған сазгер. Ол халықтың тыныс-тіршілігін, замана үнін әуенмен әрлеп, көңілінің толқынын күйге айналдырды. Манарбек Ержановтың «Орталық» және «Би күйін» «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі орындап берді.

«Смет» халық әні осы күнде жиі шырқала қоймайды. Әнді сахнада Нұрлытаң Саятқызы жаңғыртты. Манарбек Ержановтың сирек шырқалатын тағы бір әні – «Ақындарға». Бұл әнді Мәдениет саласының үздігі Дулат Аханов орындады. Жамбыл Жабаевтың сөзіне жазылған Манарбек Ержановтың «Амангелдіге» әнін және Ақан серінің «Жылқылы бай» әнін Алматы қаласынан келген кеш қонағы, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншісі, республикалық конкурстардың лауреаты Нұрболат Ұзақбай әуелетті.

Манарбек Ержановтың әндері – дәстүрлі әншілік мектептің табиғатын сақтай отырып, жаңа заманның тынысын танытты. Оның шығармаларындағы халықтық әуен, ен далада еркін көсілген еңбек адамының бейнесі, елге деген сүйіспеншілік, сазгердің шығармашылық әлемінің сан қырлы екенін көрсетеді. Осындай бір тұғыры биік туындыларының бірі – «Жұмысшы» әнін республикалық конкурстардың лауреаты Гүлмира Тапай шырқады.

Манарбек Ержановтың күйлерін нотаға түсіріп, бабына келтіре баптап, тыңдарманына тарту етіп жүрген өнерпаз – «Дарын» сыйлығының лауреаты Марат Нүкеев. Бұл кешке Қызылжар қаласынан арнайы келді. Ол Манарбек Ержановтың «Теңіз құстары» күйін орындады.

1928 жылы Қазақ драма театрына қабылданған өнер иесі, сахна өнерінің алғашқы қарлығаштарының қатарынан көрініп, актерлік шеберлігі арқылы көрерменнің ықыласына бөленді. Опералық қойылымдарда ұлттық кейіпкерлердің бейнесін сомдап, әншілік пен актерлік қабілетін бір арнаға тоғыстырды. Сахна саңлағы жайлы өнердегі бауыры, Қазақ КСР-нің Халық әртісі Кәукен Кенжетаевтың естелігі экранда көрсетілді.

– Манарбек Ержановтың домбыра тарту мәнері ешкімге ұқсамайтын. Ол басқа әншілердей домбыраны сабаламайтын. Домбыраны сол қолмен ойнайтын. Шекті қатты тартатын. Оның өнеріне өте таң болатынмын. Өзі арнайы білім алмаған адам. Бірақ, Табиғат-ана құдіретінің бір бөлшегін бойына құйып берген, – депті естелігінде.

Биыл бағзыдан тарихи тамыры бір күллі Түркі дүниесінің жүрегі Анкара қаласында қазақтың мақтанышы Манарбек Ержановтың 125 жылдығы аталып өтіліп, бауырлас түрік халқы қазақтың төл өнерін төріне оздырған еді. Сол өнер сапарында тыңдарманның ыстық ықыласына бөленіп, Анкара аспанында бақытты шақтың, бүгінгі бейбіт күннің құсындай қалықтаған Манарбек Ержановтың «Бақыт жыры» әнін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов шырқады.

Дайрабайдың «Дайрабай» күйін «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі орындады. Халық арасында кеңінен танылған «Сайра бұлбұл» әнін талантты әнші Гүлмира Тапай орындап, кешті түйіндеді.

Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button