Қиял мен шындық тоғысқан
Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада фэнтези жанрында қалам тербеп жүрген жазушы Лариса Мельникованың «Жел» атты кітабының тұсаукесері өтті. Әдеби кеш оқырмандарды автордың шығармашылық әлемімен таныстырып, жаңа туындының мазмұны мен идеялық ерекшеліктерін таныта отырып, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды көздеді.

Іс-шараға Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің, Қарағанды цифрлық технологиялар және дизайн колледжінің, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды колледж-мектебінің студенттері мен қаладағы әдебиетсүйер қауым қатысты.
Кездесуде Лариса Мельникова шығармашылық жолы, жазушылық ерекшелігі және фэнтези жанрының қыр-сыры туралы әңгімеледі. Қатысушылар «Жел» кітабының мазмұны мен идеялық мәнін, сюжеттік желісін және кейіпкерлер әлемін талқылап, авторға сұрақтарын қойды.
Әдеби кештің ең қызықты сәті шығармашылық ойын болды. Командаларға бөлінген қатысушылар шығарма желісі бойынша өздері таңдаған дәуірге сәйкес жаңа қиял әлемінің үлгісін жасады. Өз жобаларын қорғау барысында тың идеяларын ұсынып, қиялдары мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Жазушының интерактивті тапсырмалары кездесуді ерекше әсерлі етіп, жастарға шабыт сыйлады.
– Осындай әдеби кездесулердің ұйымдастырылғаны қуантады. Әсіресе, жастардың шығармашылық ойынға белсенді қатысып, өз қиялдарындағы әлемді құрастыруы ерекше ұнады. Жазушымен тікелей жүздесіп, оның шығармашылығымен танысу – оқырман үшін үлкен мүмкіндік. Осындай шаралар жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырады деп ойлаймын, – деді қала тұрғыны Александр Волков.
Кешке қатысушылар жаңа туындымен танысып қана қоймай, заманауи әдебиеттің тынысын сезінуге және автордың шығармашылық әлеміне тереңірек бойлауға мүмкіндік алды.
Мұндай мәдени шаралар оқырман мен жазушы арасындағы байланысты нығайтып, жастардың рухани дүниесін байытуға, кітап оқуға деген құштарлығын арттыруға ықпал етері анық. Бұл шара да мазмұнды кездесудің бірі ретінде есте қалды.
Қазір фэнтези жанрына деген қызығушылық артып отыр. Қазақ әдеби кеңістігінде қиял-ғажайып оқиғалар мен шынайы өмір көріністерін ұштастыратын бұл бағыттың дамуына үлес қосып жүрген қаламгерлердің еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Жазушының жаңа туындысы да оқырмандар тарапынан жылы қабылданып, қатысушылардың қызығушылығын оятты. Әсіресе, жастардың шығарма мазмұнына үңіліп, кейіпкерлер әлемін талқылауы, авторға сұрақтар қойып, шығармашылық тапсырмаларға белсенді қатысуы қуантты.
Бұл – бүгінгі жас буынның әдебиетке деген талғамы өзгеріп, кітап оқуға деген ынтасының қайта оянып келе жатқанының бір белгісі. Осындай кездесулер заманауи авторларды оқырманға жақындатып, жаңа жанрлардың танылуына, отандық әдебиеттің өрісін кеңейтуге де ықпал етеді.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



