Үздіктердің үздігі атанды
Астанада бочча спортынан жұптық және командалық ойындар бойынша ел чемпионаты мәресіне жетті. Оған 13 өңірден 79 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде, өңір атынан сынға түскен қарағандылық команда жарысқа қатысқан 15 команданың ішінде І орын иеленіп қайтты.

Чемпионат үш санат бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ВС1/ВС2 санатында 15 команда қатысса, ВС3 санатында – 10 жұп, ВС4 санатында – 7 жұп бақ сынады. Ал, өңір намысын бір команда және бір жұп қорғаған. ВС3 санатында Аружан Жеңіс пен Игорь Владимир өнер көрсетсе, ВС1/ВС2 санатындағы команда құрамында Игнат Галанин, Сергей Ширяев және Анастасия Кутурман сынды спортшылардан жасақталды. Нәтижесінде, командалық сында жерлестеріміз қарсыластарынан басым түсіп, чемпиондық тұғырға көтерілді.

– Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Кіл мықтылар жиналған бәсекеде үздік атанғанымызға әлі күнге дейін сене алар емеспіз. Спортшыларымыз жарады! Біздің команда шынымен де үздіктерден жасақталған. Өйткені, ел чемпионатының алдында іріктеу турнирі өтіп, сол бәсекеде көзге түскен спортшылар өңір құрамасына қабылданды. Одан кейін екі апта бойы оқу-жаттығу жиынында тыңғылықты дайындалдық. Командамыз өте ұйымшыл. Әрқайсысы бір-біріне сенім артып, қолдау көрсетіп, өзара толықтырып отырады. Бұл жеңіске барлығының қосқан үлесі зор. Біз оларды мақтан тұтамыз, – дейді команда ассистенті әрі спортшы Анастасия Кутурманның анасы Елена Кутурман.

Айта кетейік, Анастасия бұл чемпионатқа команда капитаны ретінде қатысқан. Оның бочча спортымен айналысып жүргеніне алты жылға жуықтапты. Осы уақыт аралығында ол түрлі облыстық және республикалық жарыстарда тұрақты өнер көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр.
– Қызымның қол қимылы шектеулі болғандықтан, ойын алаңындағы әрбір әрекеті ерекше үйлесімділікті талап етеді. Сондықтан, жарыс кезінде үнемі жанында жүремін. Арбасын ұстап, доптарды уақытылы ұсынып, қажетті көмегімді көрсетемін. Алты жылдан бері облыстық және республикалық чемпионаттарға тұрақты қатысып жүрміз. Халықаралық жарыстарда да бақ сынадық. 2023 жылы Грекияда өткен турнирде бірнеше кездесуде жеңіске жеткенімізбен, жүлдеге іліге алмағанбыз. Ал, 2025 жылы Бахрейнде өткен жарыста қола медаль иелендік, – деді Елена Владимировна.
Қазіргі таңда аталған бес спортшының барлығы Мүгедектер спорты мектебінде тіркелген. Ал, Анастасия, Игнат және Сергей Саран қаласындағы интернатта тұрып, сол жерде жаттығады.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



