Дауыс беру үшін барлық жағдай жасалған
Қарағанды қаласындағы №97 учаскеде мәслихат депутаттарын сайлауға дауыс беру Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталды. Учаскелік сайлау комиссиясы №1 арнайы мектеп-интернатының ғимаратында (Гүлдер-1 шағынауданы, 1/1 құрылыс) орналасқан. Мұнда 1960 сайлаушы тіркелген.

Учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Талғат Нұрмағанбетов айтуынша, дауыс берушілерге барлық қажетті жағдай жасалған. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы ұлғайтқыш құрылғылар мен компьютердегі аудионұсқалар қарастырылған. Денсаулық жағдайына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар үйден дауыс бере алады. Ол үшін сағат 12:00-ге дейін тиісті өтініш беру қажет.

Айта кетейік, учаскелік сайлау комиссиясының құрамында тоғыз адам бар.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



